Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толды
Қазақтың қайсар ұлдарының бірі, Екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлігімен ел есінде қалған, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына бүгін 110 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында туған. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім қызметін атқарған. Сол тұста кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет етеді. Содан қайтадан әскер қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады. 1941 жылы соғыс басталысымен, Бауыржан генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады.
Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысқан. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколам тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады. Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді.
Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы – Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Бауыржан Момышұлы жау шебіне ішкерілей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың әрі оны дамытушылардың бірі. Ол – әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттеледі. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз және тағы басқа шет тілдеріне аударылған. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет армиясы әскери академиясында сабақ береді.
1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан ол біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады. Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барады. Сапар барысында Куба басшысы Фидель Кастромен кездесудің реті келмейді, бірақ інісі Рауль Кастромен кездесіп, ол кісіге үлкен әсер қалдырады. Куба әскерилерінің алдында дәріс оқиды. Кубаға барған саяхаты жайында «Куба әсерлері» атты кітап жазады.
Бауыржан Момышұлы Фидель Кастро мен Эрнесто Че Гевараның үлгі тұтқан тұлғасы болған.
Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына Совет одағының батыры атағы соғыс біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атағы берілді. Бауыржан Момышұлы 1982 жылы 10 маусымда 71 жасына қараған шағында Алматыда дүние салып, Кеңсайға жерленген.
inform.kz