Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада «Электрондық қызметтерді өздігінен алу орталығы» ашылды

Қызылордада «Электрондық қызметтерді өздігінен алу орталығы» ашылды

Қызылордада «Электрондық қызметтерді өздігінен алу орталығы» ашылды
Қызылорда қаласында азаматтарға электрондық қызметтерді қолжетімді ету мақсатында республика бойынша алғашқы «Электрондық қызметтерді өздігінен алу орталығы» жұмысын бастады.
Орталықтың ашылуы азаматтарға «электронды үкімет» веб-порталынан қызметтерді оңай, кедергісіз және тегін алуына мол мүмкіндік береді.
Аталған орталық ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасы негізінде Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, Қызылорда қаласының әкімдігі және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалымен бірлесіп ашылды.
Орталықтың ашылуына департамент басшысы Рафхат Бисенов, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалының директоры Айдын Қайруллаев және облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова барып, орталықтың жұмысымен танысты.
«Биылғы жылы әлемде орын алған коронавирус пандемиясының салдарынан онлайн қызметтерге деген сұраныс артты. Бұл өз кезегінде, азаматтарға ақылы түрде қызмет көрсететін орындардың көптеп ашылуына ықпал етті. Аталған «қызмет көрсетушілер» «электронды үкімет» веб-порталынан тегін алуға болатын қызметтерді алуға делдалдық жасағаны үшін тұрғындардан 500 теңгеден бастап 3000 теңгеге дейін аралықта ақша сұрайды. Енді кез-келген азамат осы орталыққа келіп, электрондық қызметтерді алуына мүмкіндігі бар», - деді Рафхат Бисенов.
Қаланың халық көп шоғырланған ауданынан ашылған орталық қызмет көрсетуге қажетті техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Орталықта тұрғындарға қажетті кеңес беретін Мемлекеттік корпорация мамандары бекітіліп, электрондық қызмет алуға жүгінген азаматтарға тегін қызмет көрсетіледі.
Айта кету керек, бүгінгі таңда, Қызылорда облысының мемлекеттік органдары мен ұйымдарында 574 «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» және 8 «сервистік әкімдік» ашылған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі
25 желтоқсан 2020 ж. 463 0