Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ротацияланатын қызметшілердің шеңбері кеңейтілді

Ротацияланатын қызметшілердің шеңбері кеңейтілді

Қала және аудан әкімдері ротациялауға жататын мемлекеттік қызметшілер қатарына енгізілді.Енді саяси қызметшілер мен «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері ротацияланатын болады.
Бұл туралы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 13 қарашадағы №447 Жарлығымен «Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Ротацияның негізгі мақсаттары мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қызметшілердің кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін дамыту және тиімді пайдалану болып табылады.
Сондай-ақ, аталған Жарлықпен «Б» корпусының қызметшілерін ротациялау тәртібіне енгізілген толықтыруларға сәйкес, әкімдік басқармаларының басшыларын өңіраралық ротациялау мүмкіндігі енгізілді. Бұрын оларды ротациялау тек бір өңір шегінде ғана мүмкін болатын.
Бұл ретте, «Б» корпусының қызметшісі өз лауазымына тағайындалған күннен бастап үш жылдан кейін ротацияланады.
Осы лауазымда болу мерзімі уәкілетті адамның актісімен тағы үш жылға ұзартылуы мүмкін не «Б» корпусының қызметшісі атқаратын лауазымынан босатылуы не ол келіскен жағдайда лауазымынан төмендетілуі мүмкін.
Одан әрі, қызметшінің лауазымында болу мерзімін Ұлттық комиссияның шешімімен одан әрі екі жылға ұзартуға жол беріледі.
«Б» корпусының қызметшілері де саяси және «А» корпусының лауазымдары тәріздес, лауазымында болуының мерзімі сегіз жылдан аспайды.
Бұдан бөлек, «Б» корпусының С-2, С-3, С-О-2, С-О-3, C-R-1, C-R-2, C-R-3, D-O-2, D-1, D-2, D-3, Е-1, E-R-1 санаттары, яғни мемлекеттік органның бірінші басшысының орынбасары мен құрылымдық бөлімше басшылары бойынша соңғы үш жыл бойы атқарып келген, әр түрлі әкімшілік-аумақтық бірліктерде жұмыс істейтін қызметшілерге де ротациялау мүмкіндігі берілді. Бұрын оларды ротациялау қарастырылмаған болатын.
Бұл ретте, ротациялау әртүрлі мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін қызметшілер арасында, осы қызметшілердің өзара келісімі болғанда уәкілетті адамдардың актілерімен ротация жүргізуге жол беріледі.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған Жарлықпен «Б» корпусының лауазымдарына конкурс өткізілместен ауысу тәртібімен орналасу қағидалары жаңа редакцияда жазылып, алдағы уақытта мемлекеттік органдардың ішінде «Б» корпусының қызметшілерін ауысу тәртібімен тағайындау мүмкіндігі енгізілді.
Қағидаларға сәйкес «Б» корпусының қызметшісіне мемлекеттік органның ішіндегі өзге тең дәрежелі лауазымға және соңғы екі жыл бойы мемлекеттік органда келесі төмен тұрған лауазымды қызмет атқарған жағдайда сол мемлекеттік органның ішінде жоғары тұрған лауазымға ауысу мүмкіндігі берілді.
Мұндай жағдайда, қызметшіні ауыстыру үшін оның өтініші қажет, ал уәкілетті органның келісімі қажет емес.
Жоғарыда аталған ротация қағидалары 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Аталған өзгерістер мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.
Бақытжан НҰРАЛЫ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы
29 желтоқсан 2020 ж. 306 0