Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық келіншекке ер адамның жүрегі ауыстырылып салынған

Қазақстандық келіншекке ер адамның жүрегі ауыстырылып салынған

Еліміздің оңтүстік аймағында тұратын Гүлмираға ер адамның жүрегі ауыстырылып салынған. Әйел, мінеки үш жылдан бері бейтаныс азаматтың жүрегімен өмір сүріп келеді. Алайда Гүлмира өзіне екінші рет өмір сыйлаған жанның кім екенін білмейді.

Бұл туралы 7- арнаның “Өз ойым” бағдарламасында Гүлмираға жүрек ауыстыру операциясы 2015 жылы Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардио-хирургия орталығында жасалғанын айтты. Келіншек өзін құтқарған донордың Ақтөбеден екенін ғана біледі. Азаматтың аты-жөні мен өзге мәліметтер Гүлмираға беймәлім.
“Жүректі төрт жыл күттік. Ата-анам да, барлық жақын туыстарым қашан операция, қашан донор болады деп сұрайды. Олар менің өмір сүргенімді қалайды ғой, бірақ мен олай айтуға қорқатынмын. Себебі маған жүрек табылу үшін бір адам өмірден қайту керек еді”, – дейді Гүлмира.
Өмір мен өлім арасында күрескен Гүлмира бұл дүниенің қадірін жақсы түсінеді. Сондықтан да барын бағалайды, өзін күтуге тырысады.
“Жүрек қойылды, бұл деген қайта өмірге келу. Жаңа жүрек ұзақ өмір сүру үшін адам өз-өзімен жұмыс істеу керек. Дұрыс тамақтану керек. Бір өліп-тірілгеннен кейін, адам жақсы өмір сүруге тырысады. Өзгергенім сондықтан шығар. Спортпен айналысып жүр ақырындап.
Қанша өзімдікі деп қабылдағаныммен, бұл жүрек біреудікі. Мен өмір бойы дәрі ішемін. Өз ағзамның иммунитетін төмендетіп отырамын. Ақтөбелік жүрек менің ағзамда күшті болып тұруы үшін”, – дейді Гүлмира.
Бір қызығы, Оңтүстікте туған келіншек өзін құтқарған азаматтың кім екенін де білмейді. Есесіне оған мәңгі бақи қарыздар екенін түсінеді.
“Ең үлкен алғысым әрине, ақтөбелік белгісіз жанның туыстарына. Олар қайғылы жағдайға қарамай, менің әрі қарай өмір сүріп кетуіме себепші болған. Мен қандай да бір жетістікке жетсем, солардың арқасы. Менде қазір үлкен жауапкершілік – олар маған жайдан-жай көмектеспегендерін білу керек, менен басқа да күтіп жүрген адамдар бар. Мен сол адамдарға үміт сыйласам, сол үміт үзілмеу керек”, – дейді жүрегі ауыстырылған Гүлмира.
15 мамыр 2018 ж. 1 773 0