Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 қаңтардан бастап жәрдемақы, зейнетақы мөлшері қанша процентке көбейеді?

1 қаңтардан бастап жәрдемақы, зейнетақы мөлшері қанша процентке көбейеді?

Қазақстанда биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері – 7%, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 5%-ке көбейді.

«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты және еңбек өтілі бар азаматтар үшін зейнетақы мөлшері 7%-ке көбейді.

Ең төменгі зейнетақы мөлшері – 43 272 теңге. Базалық зейнетақы мөлшері 5%-ке артты. Ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге.
Нәтижесінде, базалық зейнетақы төлемін қоса есептегенде ең төменгі зейнетақы мөлшері – 61 796 теңге. Бұл  2,2 млн зейнеткерге қатысты.

Бұдан бөлек 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақы 5%-ке көбейді.

– мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
– мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға мемлекеттік жәрдемақы;
– бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын отбасыларға (адамдарға) мемлекеттік жәрдемақы.
– №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар;
– бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар;
– бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
– «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, мемлекеттік жәрдемақылар;
– бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу бөлімінде оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар;
– Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар.

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңға сәйкес, МӘСҚ-дан еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айрылғандарға төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де 5%-ке артты.


aikyn.kz


05 қаңтар 2021 ж. 533 0