Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана тілін білу – әр азаматтың парызы

Ана тілін білу – әр азаматтың парызы

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетіне «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жариялапты. Тыңдар құлақ болса тәуелсіздіктің құндылығы жайында көп дүние айтылған. Жүрек қылын тербейтін кесек сөздердің кім-кімді болмасын ойландырары анық. Әсіресе ұлттың тұтас құндылығы саналған ана тіліміз турасында айтылған салмақты ойлардың арзан әңгімеге жатпасын ешкім жоққа шығара алмас.
«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады», - деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Әлбетте бұдан асырып ештеме айта қою қисынсыз болар. Ана тілін білмеуден арланбайтын шала қазақтардың осы бір сөз шымбайына тисе дейміз. Туған тілді жете меңгермеген және оған талпынғысы келмейтін отандастарға үндеу тастаған Президент:
– Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек, - деген болатын.
Ендігі мәселе айтылған толғамды ойдан түйінді нәтиже шығару. Бұл бүгінгі буынның қолынан келетін жұмыс деп ойлаймын. Себебі, мемлекет басшысы жастарды басқаға емес өз тілін білуге және еркін сөйлеуге шақырып отыр. Қаймағы бетіне шыққан қазақы тілдің жілігін шағып, майын ішкен сөз шебері болмасақ та туған тілде сөйлеп жүргенге не жетсін?! Бүгінгі күннің басты дертінің бірі де осы болатын.
Ғ.Жүсіпова,
Арал көпсалалы колледжінің мұғалімі.
05 қаңтар 2021 ж. 1 875 0