Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілге құрмет - елге құрмет!

Тілге құрмет - елге құрмет!

Туған елім – тірлігімнің айғағы,Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім, менде бірге өсемін,
Өшше тілім, мен де бірге өшемін! – деп, ақын Әбілдә Тәжібаев ағамыз жырлағандай тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз.
Тіл – адам қатынасының аса маңызды құралы. Мұның мәні – тіл жоқ жерде адамдардың бірлесіп жұмыс істеуі, қоғамдық өндірістің қай саласын болса да ұйымдастыруы, дамытуы мүмкін емес деген сөз.
Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.
“Тіл туралы” заңдағы “Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы” – деген. Әрине ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Ұлт анасы тіл болып есептеледі. Конституциямыздың жетінші бабының бірінші тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі деп анық жазған, Ата Заңымыздан туындаған “Тіл туралы” Қазақстан Республикасының заңында да осы жағдай берік қамтылған. Біздің азаматтық парызымыз – тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Ол тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларынан да көрініс тапты.
Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің. Амал не, осындай әдемі туған тіліміз бола тұра өзге тілде сөйлейтіндер баршылық. Тіпті туған тілден безетін адамдарды да көргеніміз бар.
Ұлттың мәдениетінің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты. Сондықтан туған тілге деген сүйіспеншілік бала кезеңнен басталуы тиіс. Айналаңды танып білу, туған тіліңді білуден басталады.
Ана тілі – ар өлшемі. Тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Олай болса, Ана тілімізді – арымызды шұбарламай, көңіл тұнығын лайламай таза ұстап, әрдайым қадірлеп жүрейік!
 Т.Тлеубаева,
Арал аудандық сотының бас маманы.
13 шілде 2020 ж. 1 954 0