Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағылшын тілін 2-3-сыныптардан бастап оқыту орынды – президент

Ағылшын тілін 2-3-сыныптардан бастап оқыту орынды – президент

Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Тамыз конференциясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үш тілде білім беру туралы айтты.

«Үш тілде білім беру жүйесін енгізу күн тәртібіндегі өзекті тақырып. Ең алдымен бұл мәселені жан-жақты талдап, салмақты шешімге келу қажет. Бұл өте маңызды. «Әрбір халықтың ана тілі – білімнің кілті», - дейді академик Ахмет Жұбанов. Сол сөз біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс», - деп айтты Тоқаев Тамыз конференциясында.
Мемлекет басшысы үш тілде білім беру жүйесіне көшу оқушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асатынын айтты. 
«Бұл ретте ғылыми жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының қаржылық мүмкіндіктеріне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды, үш тілдің, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп өте өнегелі ой айтты. Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-ші, 3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын. Ал жоғары сыныптарда жаратылыстану, техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарай жүргізу қажет», - деп айтты ҚР президенті. 
Айта кетсек, жаңартылған білім беру жүйесі бағдарламасы 2016 жылдың 1 қыркүйегінде 1-сыныптан бастап енді. Сол кезде 1-сынып оқушылары ағылшын тілін аптасына 2 сағаттан оқи бастады.
Тамыз конференциясы барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау қажет екенін айтты және ұстаздардың жалақысын екі есе өсіруді тапсырды.
https://baq.kz/news/othernews/agylshyn-tilin-2-3-synyptardan-bastap/
16 тамыз 2019 ж. 1 566 0