Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқабайда – жаңа мешіт

Тоқабайда – жаңа мешіт

Өткен жылы туған ауылдың өсіп-өркендеп, мәртебесінің биіктеу түсуіне үлес қосуды мақсат еткен ауыл тұрғындары ескі "Әли Мақсым" мешшітін жаңғыртып, қайта салу жөнінде шешімге келіп, құрылыс жұмыстарын бастаған болатын. Алайда мешіт құрылысының уақытылы атқарылуына бүкіл әлем жұртшылығын әбігерге салған пандемия індетінің әкелген қиыншылықтары аз болған жоқ. 
Жаңа жыл қарсаңында ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен береке-бірлігінің арқасында үлкен сауапты іс жасалды. Жаңа мешіт үйінің құрылысы аяқталды. Алла қаласа, алдағы уақытта халыққа рухани тәлім-тәрбие беретін қасиетті орын елдің игілігі мен бірлігі үшін дәстүрлі дінімізді насихаттайтын имандылық ордасына айналатын болады. Ұлы хакім Абай айтқандай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». «Тәуба» сүресінің 18 аятында: «Мешіт салу – Аллаға шын иман келтірген адамның ғана қолынан келеді. Ол адамның жүрегіндегі имандылықтың кемеліне келгендігін көрсетеді» деп келтірілген. Мешіт үйі ауыл тұрғындарының қаржылай және мал-зекет түріндегі көрсетілген қолдау-көмегінің арқасында салынды. Сонымен қатар кезінде түрлі себеппен басқа жаққа қоныс аударған әулет иелерінің, жыл сайынғы мектеп бітірген ауыл түлектерінің және көкірегіне иман ұялаған тілеулес ел азаматтарының ықылас-ниетпен демеушілігі арқасында атқарылды. Мешіт үйінің құрылыс жұмыстарының ойдағыдай атқарылуына ауыл жастары ұйымшылдық танытып, белсенділік көрсетті.
Ардақты ағайын, ауыл тұрғындары, барша тілектес жамағат! «Мешіт салған, оған ықылас-пейілмен қатысқан адамға Алла да жақындай түседі, мейірім шапағатын да молынан төгеді» дейді қасиетті хадисте. Сауапты іске шынайы ықылас, ниет танытып, көмек қолын созған барша ағайынға, ел азаматтарына ризашылығымызды білдіріп, әрдайым Алланың ризашылығына бөлене берулеріңізге тілектестігімізді білдіреміз. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Әр отбасыға аманшылық, береке берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін!
Үргенішбай ҚУАТОВ,
Арал ауданы,
Тоқабай ауылы
05 қаңтар 2021 ж. 892 0