Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихымызды танытар туындылар күтеміз

Тарихымызды танытар туындылар күтеміз

Жаңа жылдың табалдырығымыздан аттағанына санаулы күндер болды. Десе де 2021 жыл жақсылығымен келді. Ең бастысы – ел егемендегінің 30 жылдығы. Тәуелсіз Қазақстанның іргесін шегендеп, азаттыққа қол жеткізген күнінен қастерлі ұғым болмауы керек.
Міне, осыған орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы жарық көрді. Ғаламтордан оқыдық. Расында, көңілге қонымды дүниелер өте көп. Халықтың өткені мен бүгінін байланыстыра отырып, ертеңгі күнге сеніммен нық қадам басу үшін жүзеге асуы тиісті жұмыстар айтылған бағдарламалық мақалада менің де көптен көңілімде жүрген мәселенің көрініс табуы қуаныш сыйлады. Ол – Мемлекет басшысының киноөндіріс саласында жүргендерге берген тапсырмасы.
Иә, қай кезде де көгілдір экранның балалардың тәрбиесі үшін рөлі зор екенін айтып келеміз. Мәселен, қазіргі уақытта телеарналарды жаулаған Кореяның тарихи сериалдары көпшілік телекөрерменнің қызыға қарайтын дүниесіне айналған. Бұл бірінші ретте көрерменді өзіне қызықтырып, қилы оқиғалардың көрініс табуынан дер едім. Расында, Мемлекет басшысы айтқандай, қазіргі күнге дейін түсірілген тарихи фильмдер біздің тарихымызды толық ашып көрсетуге, тереңірек бойлауға жеткіліксіз. «Әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн. Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды» дегендей, осындай өзі сұранып тұрған оқиғалар телеарналар арқылы көрерменге жол тартса нұр үстіне нұр болар еді.
Қ. ЖҰБАНЫШОВ,
Арал қаласының тұрғыны
09 қаңтар 2021 ж. 595 0