Көкейдегі сауалдарға нақты жауап берді

Биыл елдің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде қайта түлеу жолына түскен жас мемлекетіміз басынан сындарлы шақты өткерді. Қарап отырсақ, отыз жыл аз ғана уақыт сияқты көрінеді. Дегенмен бұл жылдар ішінде елімізде ауқымды істер қолға алынды. Халық мәселесі назарға ілінді. Тіпті Қазақстанның ширек ғасырда қол жеткізген биігіне өзге елдер таңғала назар аударды. Тәуелсіздік өз жеміс бере бастады. Қазір елді мекендерде ауызсу, жол, электр жарығы сынды мәселе оң шешімін тапқан. Аудан халқының көгілдір отынның игілігін көріп отырғанына да біраз уақыт болды. Елде ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік, балық шаруашылығы дамып келеді. Қысқасын айтқанда, отыз жылда жеткен жетістіктеріміз аз емес.
Президент мақаласында қазақтың жері шетелдіктердің меншігіне берілмейтінін, ешқашан сатылмайтынын баса айтты. Жасыратыны жоқ, бір кездері жерді шетелдіктерге сатқалы жатыр деген дүрбелең сөз ел арасында тараған еді. Әрине ұлтарақтай жер үшін жанын қиған бабаларымыз бізге ұлан-байтақ өлкені аманат етіп қалдырды. Сондықтан да жерді сақтап қалу біздің ең бірінші міндетіміз. Осы мәселені назарға алған Президент көптің көкейінде жүрген сауалға осылайша нақты жауап берді деп ойлаймын.
К. Айбосынов,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы