Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒА

ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒА

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарихи тұлға тағылымы» атты Тұңғыш Президент Н.Назарбаев туралы жарық көрген мақаласын оқып шықтым. Еліміздің тәуелсіздік алған жылдардан бергі бағындырған белестері жетерлік. Аталған мақалада Елбасының мемлекетіміздің іргесін нығайту жолындағы еңбектері мұқият жеткізілген. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сындарлы шақта бірлік пен елдікті, татулық пен достықты ту етіп, тәуелсіздікті баянды, егемендікті еңселі ете білді.
Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен осы уақыт ішінде буыны енді беки бастаған ел әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын да дәлелдеп, паш етіп отыр.
Бүгінде, Тәуелсіз еліміздің қол жеткізген барлық жетістіктері бірінші кезекте Елбасы есімімен тығыз байланысты.
Мақалада «Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық жылыну мәселесіне де бейжай қарамай, әлем назарын Орталық Азияның ғана емес, адамзаттың бас ауруына айналған Арал проблемасына аударды. Өйткені теңіздің құрғаған табанынан ұшқан тұз солтүстік жарты шарға жеткен болатын. Бүгінде кіші Аралдың арнасы толып, тұздылығы азайып, балық шаруашылықтарына қайтадан қан жүгірді, теңіз табанынан көшкен құмды тоқтату үшін үлкен аумаққа сексеуіл ормандары егілуде. Ол осы орайда экологиялық апаттармен күресуге жәрдемдесу мақсатында әлем­дік экономикалық мәселелердің реестрін дайындау сынды өте өзекті ұсыныс білдірді. Сол арқылы БҰҰ-ның әлемдік қарым-қатынастарды, адамзатқа ортақ мәселелерді реттеудегі орнын күшейтуге де үлес қосты.»-деп жазылған.
Әрине, Арал мәселесі қай кезде де Нұрсұлтан Әбішұлының үнемі назарында екендігін жақсы білеміз. Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған «САРАТС-1» жобасы бойынша Көкарал бөгеті салынып, Кіші Арал теңізі сақталып қалды. Теңіздегі балықтың түрі көбейді. Кезінде теңіз тартылғанда Аралдан көшіп кеткен балықшылар қайта елге оралып, ата кәсібін жалғастыруда. Қазіргі таңда балық өңдеу зауыттарының саны да артып келеді. Біз әрқашан Елбасының Аралға деген көзқарасын асқан жауапкершілікпен қабылдаймыз.
Бүгінде барша әлем Қазақстанды қарқынды интеграцияның қатысушысы және бейбіт ел ретінде біледі. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің билігін қолға алған 30 жылдың ішінде жаңа мемлекет құрудың барлық қиындығын бастан өткерді. Еңселі мұраттарды еңсеріп, толағай табысқа қол жеткізді. Қазақ жұртын төрткүл дүниеге танытып, барша әлемге мойындата білді.
Тарихи тұлға есімі тарих бетінде мәңгілік жаңғырып тұрары сөзсіз.
Құдайберген Саржанов,
мемлекет және қоғам қайраткері, Кеңестік Социалистік Республикасының бұрынғы балық шаруашылығы министрі
03 шілде 2020 ж. 1 415 0