Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ тілін білу – әрбір азаматтың парызы

Қазақ тілін білу – әрбір азаматтың парызы

Биыл тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы. Әрбір қазақстандық азамат үшін бұл ұлы мереке. Тәуелсіздік – ұлттың бағы, қазақ үшін бәрінен қымбат ұғым. Шынтуайтында, қай кезде де қазақтың арқа сүйер төрт құндылығы бар. Олар: тіл, тарих, табиғат пен тіршілік. Осы құдіретті құндылықтар турасында Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында нақты әрі жан-жақты айтқан.
Қасым-Жомарт Кемелұлы мақала­ ның мазмұндық негізін «Бағдар мен бе­лес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық» және «Ұлағат пен ұстаным» деп белгіленген мемлекет егемендігінің төрт сипатын да нақты тұжырымдаған. Соның ішінде тәуелсіздік кезеңінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайдың жасалғанын алға тартқан Мемлекет басшысы осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп артқанын атап өткен.
Президент: «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниет­те», – деген болатын. Президенттің пайымдауынша, тіл иге­ру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, бала­ларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс та зор. Мемлекет басшысы қазақ тілін білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы, тіпті міндеті деп те айтуға болатынын жеткізді. «Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес екенін де ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Сондай-ақ, мақалада жастарға бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал екені де баса айтылған. Бұл мақаладағы «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғас­тыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деген ойына ерекше назар аудардым. Жас буын өзін мектеп қабырғасында қалып­тастыратынын ескерер болсақ, тәуелсіздіктің бағасын да шәкірттерге ұғындыру мұғалім міндеті деп білемін.
С. Махсұтқызы,
№87 орта мектеп мұғалімі
Сексеуіл кенті
09 қаңтар 2021 ж. 1 460 0