Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сана сергелдеңі немесе бүгінгі таным неге тәлтіректеп тұр?

Сана сергелдеңі немесе бүгінгі таным неге тәлтіректеп тұр?

Қазіргі психологияның ­дау-дамайы көп. Жанталасқан жұрт, жақсылыққа ұмтылған ел психологияға жаппай бет бұрды. Шығыстың да, батыстың да ақпаратын алдыңа әкелген интернет барда керегіңді оқи бер. Бірақ алды-артын аңдамай психологқа сенім арту, техниканың төркінін түсінбестен қолдану дұрыс па?
«Стакандағы суға» сенесіз бе?
«Құпия» (Secret) деген киноны көріп пе едіңіз? Сонда адамдар айналаға қараған сайын қиялындағының бәрі орындалып жатқандай көрінетіні бар. Мұның бәрі ой мен сенімнің тартылыс күші. Сенім тауды да қозғалта алатындай күшке ие деп қиюын келістіріп айтқанды жақсы көреміз. Көзсіз сенім бөлек те, ақыл мен еңбекке сену басқа. Кейде қисынсыз дүниелерге нанып қаламыз немесе сенгіміз келеді.
Гардеробта жасыл киімді көбейтсеңіз, табысыңыз еселенеді немесе стакандағы суға арманыңды айтсаң тілегенің алдыңнан іздемей, табылады деген секілді. Бұл техникалардың орындалуы түк те қиын емес. Тек шыныдағы суға тілегіңді айтып немесе қағазға жазып, астына қойып ішсеңіз болғаны. Таныс қой, ә! Мұны айтыскер ақын әрі психолог ретінде танымал Айнұр Тұрсынбаева оқырмандарына осы кезге дейін ұсынып келген еді.  Өткен жылы ол өзінің қатесін түсінгенін айтып, көпшіліктен қолданбауын сұрады.
Ақын қыздың мұны жария еткені дұрыс болды. Себебі, кейбір психологиялық «техникалар» шариғатқа сай келмейді. Айталық, армандар картасының Даоизм діни-философиялық бағытындағы «фен­шуй» дүниетанымымен ты­ғыз байланысты екені байқал­ған. Яғни, ол феншуй түсінігінің іргесі болып саналатын  ба-гуа, яғни қасиетті сегіз бұрыш негізінде орындалады.
Сөзімізді нақтылау үшін армандар картасын жасау, стакандағы суға тілек айтып ішу, аффирмация айту мұсылмандар үшін құптарлық іс пе деген сауал бойынша облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Жеңіс Әбибуллаұлымен тілдестік.
– Бұл дінімізде құпталмайды, шариғатқа сай келмейді. Бүгінде мұндай сеніммен жүргендерді көп кезіктірдім. Ойларын білдім, ниеттерін байқадым. Даоизм діни бағытындағы «Феншуй» дүнетанымына сая­тынын айтпағанның өзінде, егер карта жасап, арманыңды суретпен қағаз бетіне түсірсе, ол міндетті түрде орындалады-мыс. Армандар картамен орындалса, осы уақытқа дейін адамзат өмірінде бұл тәсіл танымал болып, адамзат баласының барлығы армансыз болып, бақытқа кенелер ме еді?!
Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Бақытты адам анасының құрсағында бақытты, бақытсыз адам да анасының құрсағында бақытсыз» десе, Әбу Дауд риуаят еткен басқа бір хадисте: «Алла  Тағала  нені  қаласа  сол  болады. Ал Оның қаламағаны ешқашан жүзеге аспайды» дейді. Сондықтан болар бабаларымыз «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген дана сөз қалдырған. Егер армандар картамен ғана орындалады, картасыз орындалмайды десе, шариғатымыз­да Аллаға серік қосу болып, үлкен күнәға жатады. Перзент аңсаған жан қағазға баланың суретін жабыстырғаннан кейін сәбилі болып, бала армандар картасының нәтижесінде өмірге келді деп сенсе, үлкен күнә болмақ. Міне, осы тұрғыдан алғанда, шариғатымызға еш сай келмейтіні анық. Жетістіктің негізі – картада емес, әрекетінде. Ал, стакандағы суға келсек, әрине, оны да армандар орындалады деп тілек айтып ішсек, ниетке байланысты дұрыс болмайды. Алайда, суға дем салуда, суға жақсы нәрсе айтуда пайда бар екенінде дау жоқ. Сол суға қарап, жақсы тілек айтсам, сол тілек орындалады деген оймен Аллаға емес, стаканға мән беріліп кетпеуі қажет, –деді дін өкілі.

Психология – жоққа шығара алмайтын ғылым
Таңдау жасау әркімнің еркінде, десе де қазір ел психологияға неге сонша қызығуда? Психолог, тренер Назира Аймаханованың айтуынша, бүгінде өзінің жағдайын басқалармен салыстыратындар өте көп.
– Қазақтың біртуар азаматтарын дүниеге әкелген аналар психология ілімін арнайы іздемеді. Абайдың Зере анасы «қолымды жумай, дәрет алмай, сәбиге сүт бермеген едім» дейді. Ұлт деген әрбір адамнан тұрады. Кейде бойындағы рухани байлығымен-ақ балаларын тәрбиелеген ол кездің әйелдері данышпан болған-ау деп ойлаймын. Бұрын отағасы отбасын асырауды толық міндетім деп түсінген. Өкінішке қарай, қазір жұмыссыз азаматтар, денсаулығына байланысты үйде отырған ер адамдар жеткілікті. Әйелдерде ер-азаматқа ой салып, жарқын болашаққа жетелесем, отбасы құндылығын көтерсем деген ниет бар.
Жан дауасына ем іздеп, сенім артып келген адамдарды күнкөріс үшін пайдаға айналдырып отырғандар бар екенін  жоққа шығаруға болмайды.  «Арнайы жасалған әмиян алсам, ақшам көп болады, суға тілек айтсам орындалады» деу дұрыс емес. Психология, нумерология – жоққа шығара алмайтын ғылым. Бірақ бәрін саналы түрде жасау керек. Қазақстан жаһандануға енді келгендіктен психология ілімі елімізде енді ғана кең тарады. Бір жағынан ол қажет. Себебі, рухани байлық төмен түсіп, материалдық жағдайды бірінші орынға қойғандықтан, сырт келбетпен жұмыс істеп кеттік. Сыртқы факторлар, карантин, зорлық-зомбылық, қоғамдағы түрлі жаңалық адамға әсер етпей қоймайды. Бірақ соның бәрінің орын алуы діни сауатымыздың төмендігінен. Діни сауатты адам жоқшылыққа сабырмен, баршылыққа шүкіршілікпен қарайды, – деді ол.
«Жастарды кінәлай
алмаймыз»
Шынымен де психология саласын жоққа шығаруға болмайды.  Мамандардың бір тобы психологияға қызығушылар материалдық жағдайы төмен, күйзелісте жүрген адамдар десе, журналист Қаршыға Есімсейітова мұны идеологияның жоқтығымен байланыстырады.
– Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптас­қан салт-санасы, әдет-ғұрпы бар. Одан ешкім аттап кетпеген. Дегенмен, бір қоғамның тәлім тәрбиесін алып, өмірдің ащы-тұщысын тата бастағанда екінші қоғамға өту дәуірін бастан кешкен біздер үшін санада қалыптасқан қағиданы бұза-жара жаңа тіршілікке араласу оңайға соққан жоқ, әрине. Дегенмен, сол бір өліара шақта бізді құтқарып қалған санаға сіңген ата-баба дәстүрі, отбасындағы тәрбие, қоғамда қалыптасқан айқын идеология ықпалы болса керек. Бізді үнемі сенім, өз-өзіңді шыңдау, ұят, ар-намыс болар тура жолға бағыттаған. Менің ойымша, қоғам дамыған сайын соны соқпақ, алдан үміт шырағын іздеу – өмір заңдылығы. Біз қалыптасқан қоғамда идеология айқын, ата-ана тәрбиесі, өскен орта ықпалы, мектептің берері мол болатын. Ал, қазір ше? Барлық сала бір бағыт, бір идеология болмағандықтан әркім өз қалауымен тіршілік етуде. Рас Үкімет алдымызға бағыт-бағдар беріп отыр. Оны орындау бар да, игілігін көру басқа дер едім.
Қазіргі жастарды кінәлай алмаймын. Өмірлеріне өздері түсінбейтін, шешуін білмейтін қиындықтар кездескенде ата-ана, ұстаз, досы бағыт бере алмаған жағдайда жасөспірім кімге жүгінеді? Міне, мәселе қайда жатыр? Жастарды әлсіз, боркемік, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын етіп отырған осы қоғамдағы немқұрайлылық емес пе? Жастар сондықтан дамыған елдерде әлдеқашан жүйеге еніп кеткен психологтың көмегіне жүгінеді. Отбасы, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктер әйелдерді шаршатып жүргені рас. Олар айналасынан қолдау күтеді? Бірақ кімге айтады? Қазір кім қолын созып, оның жан дүниесіндегі дертінің дауасын тауып жүр? Волонтерлік, мейірімділік акциялары ма? Меніңше, қоғам да, сана да жаңаруы керек. Біз бұрын «адам адамға дос, бауыр» дейтін едік. Қазіргі қоғам келбеті осы сөздің мәнін көтере ала ма, әрине, айтуға қиындау.
Мен жасым ұлғайса да, жастардың ойын тыңдауды ұмытпаймын. Қазіргі жастар өте ақылды. Оларды бір ғана нәрсе алаңдатады. Айқын бағыт-бағдар жоқ. Кімге еліктерін де білмейді олар. Сондықтан алысқа көз тігеді. Сондай сәтте мықты психологқа барып сырласса, барлығы өз қалпында екенін сезінер еді. Әр қоғамның өз таңдауы болады. Жаңашылдықтан қорықпау керек және оның жақсы нәтиже беретініне сену керек, – деді ол.
Бұл психология ма,
бизнес пе?
Тақырыпты жазу барысында өзін танымал еткен психологтың Instagram парақшасын шолып өттім. «Біріншіден саспа, екіншіден түк саспа» деп күлдіріп те, түсіндіріп те үлгеретін психолог «Ғажап дәптерін» жарнамалаған екен, байланыс құралдарын да қалдырыпты. Бағасын білмек үшін  Whatsapр-та «Қайырлы күн» дегенім сол еді, дайын мәліметті бірден жіберді. Бірге оқиық!
«Саламатсыз ба! Барлық заттарды Казпочта арқылы 7-10 күнде 1000 теңгеге жеткіземіз.
Оптом баға тек осы нөмірде!
Жаңа жұмыс дәптер – 1500 теңге
Әмиян – 10 000 теңге
Армандар картасы – 5000 теңге
Орамал – 3000 теңге
1-4 кітап – 3000 теңге (әрқайсысы жеке)
Аффирмация кітапша – 2000 теңге
Магнитка – 1000 теңге
Ғажап дәптер – 3000 теңге
Кружка – 2500 теңге»
Бағалармен бірге каспий голд картаның номерін жіберуді де ұмытпапты. Ойланып қалдым. Егер сенсем, ғажап дәптер мен кітапты алып көруге болар ма еді?!
Өміріндегі қиын сәттерде психологтардың бірнеше кітабын сатып алып, семинарларға қатысқан жастардың бірі – Бағжан Бақбергенова. Ол да психологтарға  сын көзбен қарау керегін айтты.
– Желіде танымал бір емес, бірнеше психологтың сабағына қатысып көрдім.  Қызықты техникалардың бары рас. Айталық, «Өзіңді бақытты ететін 77 істі» дәптерге жазып қоюды ұсынады. Ол тәттімен жалғыз өзің шәй ішу, сурет салу, далада серуендеу деген секілді. Мүлде көңіл-күйің болмағанда соның бірін орындау­ды тапсырады. Қарапайым, бірақ өзіңді танудың, өзіңді жақсы көрудің бір тәсілі. Күнге қарап жүгіру техникасы да бар. Таңертең күн шығар сәтте далаға шығып, ойша күнді ұстадым деп ойлайсың әрі армандарыңды елестетіп, күнге қарап жүгіресің. Мұның бәрі – сенім. Түптеп келгенде, барлық психологтардың айтары – өзіңді зертте, өзіңді жақсы көр әрі үнемі жақсы ойда жүр. Қиналған сәтте сырыңды ешкіммен бөліскің келмейді. Анаңды уайымдатпауды ойлайсың. Сондықтан психологтардың дәрісін тыңдаймын. Бірақ қанша ақы төлеп, семинарға қатыссаң да өзің еңбектенбейінше ештеңе өзгермейді. Барлық техникаларға сенуге болмайды әрі кейбірі жалықтырып жіберетіні де рас. Оңай жолмен ақша тапқысы келетін дипломсыз «психологтар» көбейіп кетті. Дәріс беріп қоймай, «пайдалы» бұйымдарды сатып алуды ұсынады. Сондықтан арнайы құжаты бар мамандар елге ақыл үйреткені дұрыс деп ойлаймын, – деді ол.
Түйін. Сеніміміз қай деңгейде? Стакандағы суға сеніп, армандар картасына қарап қиялдап, жасыл киім іздеп жүрген жоқсыз ба? Бар ой-назарымызды ақшаға аударып, жақсыға қол жеткізгіміз келгенімен тегін ірімшік тек тышқан аулайтын жерде болатынын ұмытпайық.
Осы кезге дейін шетелдік авторлардың психологиялық кітаптарына аударма жасаған Шынар Әбілда «Коуч − сізге шабытпен жұмыс істеу қажеттілігін ғана айтатын адам. Ол психолог та, ғалым да емес. Ол − оратор. Өмірде өзіңе керектіні тап, соған еңбек сіңір, сол еңбектің жемісін көр дегенді үйретеді. Бұл – қарапайым ғана нәрсе. Мұндай кеңеске зәру болуымыздың бірден-бір себебі, жақсы ұстаздың аздығы, жан-жақты білімнің таяздығы. Күйзеліс көбіне өзін таппай, өз жолынан адасқан адамдарда болады. Қателеспесем, Дейл Карнегидің мынадай сөзі бар «күйзеліс­тен шығудың жолы – еңбек ету. Қолы бос адамдар ғана күйзеледі» деген. Қазір өз жұмысына, өміріне көңілі толмайтын адам көп. Бұл − нарық әкелген дерт, бәлкім, өтпелі кезеңнің ауытқуы. …Расында ақшаға, жағдайға тәуелді адам күйзеліске ұрынғыш» дейді. Сіз қалай ойлайсыз?
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
26 қаңтар 2021 ж. 472 0