Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Судың да сұрауы бар

Судың да сұрауы бар

"Су – тіршілік көзі" дейді дана халқымыз. Бұл – ақиқат. Соның ішінде тұщы (ауызсу деп те айтылады). Су – өмірдің таңғажайып әрі баға жеткісіз көзі. Оның керек емес жері жоқ. Тіпті топырақтан өсіп-өнетін өсімдік те, аң-құс, жан-жануарлар да, тағы басқа да өмірдегі тіршілік иелері осы судан нәр алады. Цифр әдетте адамды жалықтыратын нәрсе деп есептеледі. Бірақ кейде онсыз болмайды да. Өйткені нендей болса да әңгімені растау, көрнекі материалмен сөйлету үшін көбіне цифрға, фактілерге жүгінуге тура келеді. Мәселен, ғылыми мәліметтерде басқа мәселелерді айтпағанның өзінде, адам тамақтану процесінде жылына орта есеппен алпыс тонна су ішеді. Бұдан оның өзге де күнделікті өмірлік қажеттеріне кететін үш жүз тонна суды қосуыңызға болады. Сонда бір адамға жылына орта есеппен үш жүз алпыс тонна су керек екен. Бұл – дәлелденген цифр сөзі.
Ал біз болсақ суды негізсіз ағызып, көлігімізді шарбақтың сыртына қойып, шелектеп төгіп, шлангімен шашыратып жуып жатамыз. Қаншама су ысырап. Оны жай мәселеге балап сезбейміз де. Осы мақаланы жазуыма ойыма аудандық "Толқын" газетінің жуырда кезекті санында (№4. 16.01.2021 жыл) жарияланған Н.Маратқызының "Су тасыған сәттер де болған..." атты шағын мақаласы түрткі болды. Автор: "Кейде шүмектен салдырап бос су ағып жатқанда, ысырап дүниеге ішім күйіп, балалық шағым еске түсіп кетеді" дей келе, жастық шағын еске алады. Арбасына қырық литрлік бөшкесін салып, үш мезгіл су тасығанын баян етеді. Шындап келгенде, бұл жағдай жалғыз оның емес, сол жылдарда басқалардың (әсіресе жастардың) басынан өткізген жайлар еді. Судың қадірін білмейтіндерге бұл сабақ болсын деп айтып отырмын.
Тағы оқыңыз: Су тасыған сәттер де болған...
Арал қаласының негізі Орынбор-Ташкент темір жолы салынған 1901-1905 жылдардан басталады. Яғни осы жылдары темір жол бойында жүретін паровоздарды және теміржолшылардың жанұяларын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында алдын ала ойластырылған жұмыстар атқарылғанына тарих куә. Халықты тұрақтандыру үшін. Бұл ретте "Райым" көлінен ("Райым" водокачкісінен) құбырлар тартылды. Ол Қамбаш стансасы арқылы Сексеуіл-Қазалы бағыты аралығындағы разъезд, стансаларды қамтыды. Әрбір стансада су қорын сақтау мақсатында су көтеру мұнарасы (башня) салынды. (Қазір бұл су көтеру мұнаралары ескерткіштерді қорғау қоғамының есебіне алынған). Құбырлар ("Николай құбырлары" деп те аталады) керамикадан жасалған мықты, шірімейтін еді. Әлде де бірнеше ғасырға төтеп беретін құнды дүниені 60-жылдары Аралға Аманөткелден су құбыры тартылған кезде мұны "жарыместер" керамиканың қосылған жерлеріндегі құйылған қорғасындарын қазып алып, құбырларды быт-шытын шығарып сындырып тастағандарына не дерсің?!
Міне, осы "Райым" көлінен тартылған су құбырының игілігін ары-бері өткен паровоздар да, халық та көрді. Мұны сол кездері көзі көрген бүгінгі қариялар жақсы біледі.
Өткен күндердің бәрі тарих. Арал теңізі темір жол стансасының қарсы бетінде, сорға қараған тұста су колонкасының үйшігі (будкасы) болды. Осы жерде халыққа суды мезгілімен, яғни түске дейін де, түстен кейін де бірер сағат қана босатады. Онда да маркімен. Үлгірсең аласың, үлгірмесең ендігі кезегіңе тас, болмаса түбі тесілген шелек сияқты бірдеңелерді қойып, белгілеп кетесің. Ашылады-ау деген уақытта шелегіңді салдыратып жетесің.
Сондағы су кезегіне "Пятыйдың" (1-ші шақырым), "Шанхайдың" тұрғындары, темір жолдың арғы бетінен қыз-келіншектер, апалар келеді. Су таситын арбакештері де болды. Қазіргі қаладағыдай көп көше, мөлтек аудандар жоқ. "Жаңа ауыл" деген жердің ол кезде өзі мидай дала еді.
Балалық, балдәурен күндерім есіме түседі. Елуінші жылдары, жасым төрттен енді асқан. Туан апам Сәнім көрші құрбы қыздары Қымбат, Мариям, Қиғашпен суға барғанда ізіне еремін. Сордың үстімен тура тартамыз. Колонка басы айқай-шу, әсіресе кезексіз килігіп кететіндер жетерлік. Ал Сәнім апамның және құрбыларының жасы тетелес, алды сегіз жасқа жетпеген кездері еді. Кезексіз килігетіндерге не десін? Олардың ойы – су беру жабылмай тұрып алып қалу екені белгілі. Сонымен не керек, Сәнім апам иығына асқан иінағашына ілген екі шелек суды бұлғалақтатып, төгіп-шашып орта беліндей суды үйге әкеледі. Шешем қызының су тасуға жарап қалғанына мәз. Ал әкем байқаған болса керек, "енді барғанда су шайқалып, төгілмесін деп фанерді кесіп, айқастырып шегелеп шелекке салып беремін деді. Бұл жақсы болды. Су шайқалғанмен, төгілмейді. Әнекей, сол кездері-ақ маған судың қадірі қатты сезілген еді.
Судың сол жылдарғы тамшысын, тапшылығын бүгінгі күннің ұрпағына айтып көр. Ертегі сияқты, сенбейді. Сенбесе, сенбей-ақ қойсын. Сонда да болса мына әңгімені айтпасқа болмады. Біздің тұратын "Пятый" атты төбеде екі арбакеш болды. Арбакеш деп есекке немесе атқа жегілген арбамен су таситын адамдарды айтады. Оның бірі – Кеңшілік ата, екіншісі – Смайыл ата. Есегіне жеккен арбаның үстіне 300-400 литрлік су сыятын емен бөшкесі болады, оған қоса өзі отырады. Арбасының доңғалағында қазіргідей подшипник жоқ. Арбаны есек митыңдап әрең тартады. Аяйсың. Ал біз болсақ арбаның жанынан біраз жерге дейін қалмаймыз. Өйткені бөшкенің айналасына қатқан мұзды жұлып жеп, мәз-мейрам боламыз. Кешегі күннің балмұздағы ғой! Мұны арбакеш аталар аңғармайды, аңғарса да "тәйт" демейді. Қайта қызық қуған деп, қасына отырғызып алады.
Тұрғындар болса, арбакештің арбасының шиқылдаған дауысын естісімен үйлерінен шелектерін ала жүгіреді. Сондағы үй басы сайын беретін суы екі шелек, ары кетсе төрт шелек. Жалаңдатқан артық бақырын да (тиын-тебенін) алмайды. "Беретін артық суым жоқ" деп, оларды қайырып тастайды. Расында да, сол арбакеш аталар халық судан тарықпасын деп таң алакеугімнен тұрып, сондағы кезекпен алатын бір-кі бөшке суы кімге жетсін?! Екі-үш үйге бөліп беріп кетсе не болады? Мұны әрдайым есінде ұстаған арбакеш аталарға мың да бір тағзым.
Шынтуайтында, мен айтпасам да судың қадірін қала халқы көргендей-ақ көрді. Тек өткен ғасырдың 60-жылдары Аралға Аманөткелден (онда да дарияның лай суы) су құбыры тартылғанда барып, судың азабынан құтылды. Арал қаласында "Водоканал" мекемесі ашылып, көшелерге шойын су құбырлары тартылды. Бірақ бір өкінішті жері, құбырларды жүргізгенде қаланың 60-қа жуық көшесіне су колонкаларын орнатумен тынды. Бірде-бір үйлерге су құбырлары тартылған жоқ. Тұрғындар осы колонкалардан тасып ішеді деп ойласа керек. Бұл ойлағандай болмайды. Әсіресе қыс айларында колонкалардың шүмектері қатып қалып, әбігерге түсіретін. Тұрғындар жабылып жүріп, трактордың, автомашинаның жарамсыз дөңгелектерін жағып, әзер дегенде ағызатын. Бұл жайлар қыс айларында жиі қайталанатын. Тіпті "Водоканал" мамандары суды ағызып, жауып тұратын шүмектердің тұтқасын алып тастаған кездері де болды. Қатпайтын тәсілді ойлап таптым десе керек. Қайта, оның кері әсері болды. Колонкалардан бей-берекетсіз аққан су еңістік жерге жиналып, "сорға" айналды. Кешегі жылдары осы сорлы аймақтарды құммен көмуге мемлекет тарапынан қанша қаражат, күш жұмсалғанмен, үрінді (көшпелі) құмның бәрі дауылмен ұшып кетті.
"Сордың аты сор". Әйтпесе бүгінде көшпелі құм ұшқан жерлердің соры шығып жатпай ма? Сорды көмгіш болсақ, Арал теңізі темір жол стансасының қарсы бетіндегі сорды (бұл да өз алдына тақырып) неге көмбейді?! Сорды үлкейтіп, кеңейтіп жіберген сол кездегі Бекетай көшесінің бойындағы (қазір таксишілерге "колонка" аталып кеткен аялдама) мен С.Құрманғазы көшесінің бас жағындағы колонкалардан қысы-жазы аққан сулары еді.
Енді тағы бір қыстың қара суығы, аязында қала тұрғындарының сусыз қалған қиыншылығын айтайын. Ұмытпасам, 70-жылдардың бас кезі. Неде болса халықтың қар ерітіп, мұз ойып ішкен жылдары. Аманөткел-Арал су трасса бойындағы су құбырының қай аралығы қатып қалғаны белгісіз. Қалаға су келмей, төтенше жағдай болды. Бұл іске қаладағы мекемелердің барлық жұмысшы-қызметкерлері жұмылдырылды. Мен ол кезде "Приарал" кеңшарында комсомол комитетінің хатшысымын. Кеңшардың қаладағы жұмысшы, аппарат қызметкерлері болып, қолымызға күрек, лом сияқты құралдарды алып, аудан межелеп берген жерге жеттік. Бұл "Тасбөгет" разъезінің тұсы, күн болса бет қаратпайтын сықырлаған сары аяз. Соған қарамастан, құбырдың үсті-ау деген жерді белгілеп, әрқайсымыз бес-алты метр жердің тоңын ойдық. Арық болып қазылған жерге солярка құйып өртедік. Шойын құбырға жылу барсын деп. Басқа мекемелерден келгендер де осылай істеді. Әйтеуір түс ауа су жүрді деген хабарды естідік. Міне, осындай бейнетті де көрдік. Тіршілігің су болған соң не істемейсің?!
Қала тұрғындарының жағдайларын ескерген болу керек, көшеге екінші рет су құбырлары жүргізілді. Үйлердің тұсына келгенде кіндік тастап кетті. Әркім өз күшімен су құбырларын үйіне кіргізіп алды. Бұл да болса судың мұқтаждығына үлкен көмек.
Енді, міне, қазіргі уақытта "Арал-Сарыбұлақ су құбырын пайдалану басқармасы" (сол кездегі атауы) мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының рақатын көріп отырмыз. Бұл су Толағай жер асты қойнауларын геологиялық барлау жұмыстары кезінде табылған. Және де ауызсудың жарамдылығы мен су қорының күнделікті өнімділігі 68 мың текше метр екендігі анықталған.
Арал халқына осы суды тездетіп жеткізуде сол кездегі облысты басқарған қоғам және мемлекет қайраткері Еркін Әуелбековтің еңбегі орасан. Яғни айтқанда, су бастау алатын Бердікөлге әлденеше рет барып, бақылап, нұсқау беруінің нәтижесінде жұмыс қысқа мерзімде аяқталды. Арал қаласына дейін жүз шақырымнан астам жерге диаметрі 100 сантиметрлік темір-бетон қоры есебінен әртүрлі сантиметрлік полиэтилен құбырлары жүргізіліп, үйлерге дейін кіргізіп берді. Одан беріректе Елбасы Н.Назарбаев аралдықтарға баға жетпес сый жасап, әр шаңыраққа тіршілік нәрінің келуіне ұйытқы болды. Бұл – тәуелсіздіктің жемісі.
Міне, бұл күндері қала халқымен бірге осы таза ауызсуды Арал ауданының көптеген елді мекендері және көрші Қазалы ауданының бірсыпыра жерлері пайдаланып отыр. Ендігі жерде қандай да болмасын судың ысырабына жол бермей, ұқыпты пайдаланайық, ағайын! Айтар тілегіміз – осы.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Арал қаласы 
30 қаңтар 2021 ж. 5 594 0