Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тасыған сәттер де болған...

Су тасыған сәттер де болған...

«Судың да сұрауы бар» деп халқымыз бекер айтпапты. Кейде шүмектен сылдырап бос су ағып жатқанда ысырап дүниеге ішім күйіп, балалық шағым еске түсіп кетеді. Мен өскен ауыл жасыл желегі жайқалған, табиғаты шүйгін болатын. Ойын баласы болған соң қызық қуып, қора артындағы ну жыңғылдың ішіне қозы-лақты жайғанды жақсы көруші едік. Ол кезде бастауыш сыныпта оқитынбыз. Біздің жазғы демалысымыз ата-анамызға қолғабыз жасап, үй шаруасын істеумен өтетін. Содан да болар, ержеткен соң жұмыс талғамайтын еңбекқор болдық. Ол кезде қазіргідей үйдің ауласынан су ақпайды. Ауыл сыртында бұлақ бар. Сол бұлақтан арбаға қырық литр болатын бөшкені салып алып, үш мезгіл су тасимыз. Су тасу біз үшін құлшына жасайтын жұмыс еді. Көбіне үйдің үлкені болған соң, бұл жұмыс маған жүктелетін. Бөшкенің түбіне түскен бақыраштың сартылдаған дыбысы шықты дегенше, су бітуге таяу дегеннің хабары еді. Мұндайда арбамды әкеліп, су тасудың қамын жасаймын. Ылғи су тасуға көрші құрбым Жанзира екеуміз бірге баратынбыз. Ауылда үйлер биік етіп қоршалмайды. Тек мал кіріп кетпес үшін әркім өз ауласын ағаш шартақпен қоршап алады.Сол қоршауға асылып, құрбымның үйіне қарай бет бұра:
– Дүгелек! (Жанзираны үйіндегілер со- лай атаған соң бәріміз айтып кеткен лақап аты) – деп айқайлаймын.
– А, а, а-у! – Суға барасың ба?
– Жаңа ғана әкеліп қойдым.
– Ой, маған неге айтпайсың бара жатқаныңды? Маған серік болып барып қайтсаңшы онда. Қолың бос па?
– Қазір... Сөйтті де, құрбым орта белінен келіп тұрған бөшкедегі суды төге салып, арбасын сүйретіп маған қосылды. Оның бұл қылығына ішек-сілем қата күлдім, «бұл қайткенің, жай еріп барсаң да болатын еді ғой» дедім.
– Қойшы, ортасына жақындап қалған ғой. Қазір таусылса, екеуміздің уақытымыз сәйкес келмей қалады, – деп қарап тұр. Не керек, арбамызды сартылдатып арық-атызы көп жолмен жүріп келеміз. Шыжыған күннің ыстығы төбемізден өтіп тұр. Өзімізше мектептегі қызықтарды айтып мәзбіз.
– Әнеугүні дүкенде сыныптағы Гүлханды көрдім. Күшті көйлек киіп алыпты. «Алматыға барып, қыдырып келдім. Сабақ киімімді де сол жақтан алдым» деп мақтанып тұр, – деді Жанзира.
– Иә, ол жыл сайын жазғы демалыста қыдырып жүреді ғой. Сосын ертең апай жазғы демалыстарың туралы шығарма жазыңдар десе, әдемілеп қыдырған жерлерін айтып береді. Күшті, иә...
– Айтпа, біз не жазамыз, жылда қой бағып, тезек теріп, су тасығанымызды жаза береміз бе?!
– Ай, Жанзира, сен де айттың-ау! Бұл да қызық қой. Ертең ержеткен соң біз де сол қалаларға барып, оқу оқып, жұмыс істейтін боламыз. Біз су алатын бұлақ маңына су ішетін мал да, кілем-паласын жуатындар да жиналатын. Шаңқай түс болса да, бұлақ басында қарақұрым адам көп екенін алыстан байқап келеміз. Жақындай бергенде, олардың бұлақ маңындағы астауға шомылып жүрген балалар екенін байқадық. Не барарымызды, не кері қайтарымызды білмей тұрмыз. Неде болса су алып қайту керек. Кенет әлгі балалардың өзі бізді көріп қалып «қыздар келе жатыр» деп қаша бастады. Іштей қуанып кеттік. Енді жайбарақат бұлақ маңына жақындап келеміз. Сарылдай аққан суға әуелі өзіміз жуынып алдық. Жер астынан шыққан суды ащы демесең, мұздайлығы шөліңді басады. Екеуміз мықшыңдап жүріп, суға толы бөшкемізді арбаға салдық. Әуелі менікін, сонан соң оның арбасын ауырлатып қайтуға қам жасадық. Арбамыз ауыр болған соң, сөйлеуге әл жоқ. Қас қылғанда ирелеңдеген жолдар, арық-атыздардан арбамыздың дөңгелегін әзер алып шығып, бірі-бірімізге жәрдемші болып келеміз. Бір секіріп арықтан өте бергенде, Жанзираның бөшкесінің аузы ағытылып кетіп, су аударылды да қалды. Жарты жолды еңсеріп, үйге таяу қалғанда еңбегі еш кеткеніне ызаланған құрбым жылап жіберді. Мен де сасқалақтап, не істерімді білмей қалдым. Кенет бір ой сап ете қалды.
– Жүр, Жанзира, қайта барып алып келеміз,– дедім.
– Бірақ сенің бөшкең толық қой. Ауыр сумен әрі-бері жүресің бе? Мен сияқты төгіп тастамайтын шығарсың?
– Жоқ-а. Менің бөшкемді мына бұтаның түбіне жасырып кетейік. Ауылда ешкім алмайды ғой. Сосын бірге барып, сенің бөшкеңді қайта толтырып алып келеміз. Бұған Жанзира қуанып кетті. Осылай екеуміз қайтадан оның бөшкесін суға толтырып, мәз болып үйге жеттік.
Тап-таза балалық шақ. Қандай ауыр болса да үй жұмысын жасаудан қашпайтынбыз. Анамыз кейде аяп, ауыр болатынын ескертсе де, іштей бала көңіл анамызға жәрдемші болғымыз келіп, қиналғанымызды, шаршағанымызды білдірмейтінбіз. Осылай үй шаруасына көмектесіп, сабақ оқып, ойнап та үлгеретін балалық шағымыз қазір тек әдемі естелік болып қалды. Сол күндерді қанша қайтаруға тырыссақ та мүмкін емес. Тек босқа өтпей, жақсы естелігімен есте қалғанына қуанамын.
Н.Маратқызы
16 қаңтар 2021 ж. 696 0