Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Картоп пісіреміз» деп...

«Картоп пісіреміз» деп...

Перзентінің балалығымен жасалған шалалығына көз жұмып қарайтын ата-ананың мейіріміндей кеңдік бар ма екен, сірә?!. Өткен шақ ойға оралса «әттең-ай» деп білместіктің болғанына кіжінетін кездер болады. Бірақ балалықпен бой алдырған қателіктердің барлығын анаңның өбектеп басыңнан сипағаны мен әкеңнің өктем үнімен тіл қата арқаңнан қаққаны шайып кетеді. Ата-ана тарапынан жасалған бұл қамқорлық, сірә, өмір баспалдағының негізін нық қалауға себеп болатын шығар. Жаман болсын деп емес, жақсы болсын деген ниеттен туындаған мұндай қарым-қатынас ата-ана мен бала арасындағы шексіз мейірімнің үлгісіндей көрінеді. Әрине бар шалалық балалықпен болды ғой. Бүгінде соның бәрі жай естелік қана.
А.Бисенов
1995-1996 жылдар шамасы болуы керек. Жаз мезгілі. Мен ол кезде 5-6 жасар баламын. Елдегі еңбекке жарамды жандардың барлығы дерлік бейнетке бой ұсынып, қыстың қамына кірісіп кеткен. Техникасы барлар өзара бірігіп қожалық құрып, алма-кезек атшаптырым аумақты алып жатқан қораны шөпке толтырып әлек. Бұл бейнеттің барлығы төскейге өрген төрт түліктің қыс бойғы қамы екенін бала білуші ме еді?! Бізге азаннан кешке дейін асыр сап ойнағаннан өзге жұмыс жоқ. Ол кезде біздің әулетте «МТЗ-80» тракторы бар еді. Сол трактордың қос тіркемесіне нығыздап тиеп, түске таяу ауылға шөп алып келген үйдегілер ас-суларын ішіп, енді демдерін алып жатқан кез. Ұйқы дегенді білмейтін біздер шыбын ұшпайтын ми қайнатар ыстықта сол шөп түсірген қораны айнала ойнап жүрміз. Жанымда өзіммен тетелес көрші үйдің баласы бар. Қолымызда – шикі картоп. Ойымызда – от жағып, соны пісіріп жеу. Сол ойымыздың нендей жағдайға алып барғанын іштей бағамдап отырған боларсыз. Сонымен не керек, бала біткенге ойыс жердің бәрі ошақ. Шөп түскен әлгі қораның артқы жағына барып, ел көзінен тасада жан-жағын шөппен үйіп ошақ жасай бастадық. Ортасына әлгі картоптарды қойдық та, бармақ басындай боп тұтанған қызыл жалынды тигізіп кеп қалдық. Сол бір тал сіріңкеден басталған от адамға төнген аждаһадай әп-сәтте бізге тиесілі қора-жайды түгелдей дерлік қызыл жалынмен қоршап алды. Қораның жанында тұрған әлгі трактор тіркемесімен қоса отқа оранды. Ол кезде көрші үйдің де қорасы бізбен іргелес жатқан. От шарпып атылған шифердің жарықшақтары көршінің қорасына ұшып, ол үйдің де шөпке толы қорасы қызыл жалын құшағында қалды. Ауылдық жерде өрт сөндіру қызметі қайдан болсын? Елдің шелектеп тасыған суы әсте шоққа түскен тамшыдай болар. Ырыққа көнбеген тілсіз жау іргелес тұрған қос үйге тиесілі дүние-мүлік пен қора-жайдың барлығын күлге айналдырды. Желдің өтінде тұрған қораның қызыл жалыны әп-сәтте үйге қауіп төндірді. Адамның қолынан келмеген амалдың қай-қайсысы да қалмады. Ендігі үміт – Жаратқанға жалбарынып, жан бағып отырған баспананың аман қалуын тілеу ғана. Ауылдың аузы дуалы ақсақалдары бір Аллаға сиынып көмек сұрауда. Шатырлай жанған қызыл жалын үйге төніп қалған кез. Аса құдіретті, жер мен көктің иесі Алла тағала: «Құлдарымның дұғада көтерген қолдарын бос қайтаруға ұяламын» деген ғой. Сол сәтте Алланың құдіретімен батыстан соққан жел басылып, лезде шығысқа қарай ойысты. Ауылды әбігерге салған әлгі жалынмен алысып жатқанда, көршілес ауылдан қосымша күш келіп жетті. «К-700» техникасы үйіндіге айналған қызыл жалынды үй маңынан әріге ысырып тастады. Осылайша бір кездері бүтін бір әулеттің бар байлығы, дүние-мүліктің дені үйілген қара топыраққа айналып қала берді. Бастысы, үй-жан аман. Жан-жағының амандығын ойлайтын адам баласына мұнан асқан бақыт бар ма, сірә?! Сол себептен болар, есіміз кіресілішығасылы кезеңдегі албырт шақта жүрген бізге мұндай жағдай аса уайым бола қоймапты. Баланы болашағым деп білген аталы жолдың бізге тағайындаған жазасы шыбық немесе қамшының құдіретін сездіретін еді. Мұнан соң да алаңсыз шаққа алып барар балалық кезеңіміз өз жолымен өтіп жатты. Сол кездегі оқиғаның салдары болар, өз басым ес жиып, оң-солымды танитын жасқа жеткенше шырпы дегенді ұстамаппын. Тіпті оттан қорқатын кезеңдер де болды. Хош... Сол жылы күзде болу керек, мектеп қабырғасына аяқ бастық. Солақ екен, картоп пісірмек болған қос жүгірмекке «пожарник» деген қосымша есім таңылды. Ауыл тұтастай дерлік солай демегенмен, бізге сол есімді айдар қып таққан Сексенбаевтар күні кешеге дейін «пожарник» деп күле қарсы алатын. Неге екенін қайдам, бала күнімізде «Сексенбаевтардан» сескенетінбіз. Кейін ержеттік. Оқу оқып, қызмет жасап, ел қатарына қосылдық. Қазір қарап отырсақ, осының барлығы естелік екен. Иә, бала бола тұра, балалық шағы қызықты өтпеген жандардың қасында біздің бүлдірген және бүлінген шағымыз көп болды. Бастысы, өзімізге көрсетілген қамқорлық пен қажау сөздердің арқасында кез келген қиындыққа қарсы тұрып, қолмен жасаған істі мойынмен көтеретін деңгейге жеттік. Десе де бастан өткерген сол бір күйелі кезеңнің мен үшін қорқынышы жоқ дер едім. Себебі бала болдық, шала болдық. Бой алдырған қателіктерімізден сабақ алдық. Осының бәрі өмірдің бізге көрсеткен керемет өрнегі. Қайран, қамсыз балалық-ай!..
18 қаңтар 2020 ж. 549 0