Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам суды көп ішсе не болады?

Адам суды көп ішсе не болады?

Адам күніне 2-3 литр су ішеді. Оның 20 пайызын ағза ішкен тамақтан алады. Адам су ішпесе, ағзасы сусап қайтыс болады. Ал су мөлшерінен асып кетсе не болады?
Адам сағатына 1 литр суды қорытып, сіңіре алуға шамасы келеді. Сондықтан бір сағаттың ішінде одан артық сұйықтық ішудің қажеті жоқ. Одан асса, ағза судан улануы мүмкін.

Адам ағзасының судан уланатыны 2007 жылы белгілі болды. Америка азаматы Дженнифер Стрейндж су ішу байқауына қатысып, үш сағаттың ішінде 6 литр су ішкен екен. Әрине, ағзаға оңай емес. Байқау біте салысымен жүрегі айнып құсады. Ал үйіне жеткенде басы айналып құлап, көз жұмады. Міне, содан бері ғалымдар адамның судан уланатынын біліп түрлі зерттеулер жасады.

Судан зардап шегетіндердің көбі, әсіресе, спортшылар. Интенсив жаттығу жасап, ағзасы сусағанда, шөлдеп келіп көп су ішіп қояды. Ал тез ішкен су қанды сұйылтып жібереді де, жүрекке қысым түседі. 2005 жылы жүргізілген зерттеуде марафонға қатысқан 6 адамның біреуінде гипонатриемия пайда болатыны белгілі болған.

Гипонатриемия дегеніміз – қанның сұйылуы. Адам көп су ішкен кезде, ол сұйықтықты бүйрек сіңіріп үлгермейді де, өңделмеген бөлігі жасушаға сіңіп, оны ісіндіріп жібереді. Адам жасушасы өте иілгіш, жұмсақ келеді. Әсіресе, бұлшық ет пен май жасушалары. Бірақ мидағы нейрон жасушасы "ісінгенді" көтере алмайды.

"Бас қаңқасы өте берік, ал іші ми-арқа сұйықтығы мен қан тамырларынан тұрады. Қанға сұйықтық толып кеткенде, бас қаңқасына ол сыймай кетеді. Өлім содан болады. Яғни, гипергидратация (судан улану) мидың ісінуінен болатын  жағдай", - деп түсіндіреді Дьюка университетінің Медициналық орталық нейробиологы Вольфганг Лидтке.

Адамның судан уланғанын алғашқы белгілерінен-ақ білуге болады. Яғни, басы айналып, жүрегі айнып құсады. Қан қысымы көтіреліп, көзі қарауытса, тынысы тарылып, санасы сандырықтай бастаса – мұның бәрі судан уланудың белгілері.

Сау адамның бүйрегі бір күнде 20-28 литр суды қорытып шыға алады, бірақ бір сағатта 1 литрге ғана шамасы жетеді. Сондықтан бір сағатта осы мөлшерден аспаған абзал.

massaget.kz
10 ақпан 2021 ж. 976 0