Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де өзіңнен

Жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де өзіңнен

«Ауыл адамдары «көк пес» атап кеткен кейуана шығымы жоқ сараң адам еді» дейді көргендер. Елуінші жылдардағы жадау-жүдеу шақта бір малын екеу, екеуін төртеуге жеткізуге ықыласы ауыпты. Жалғыз ұлы мен келініне де зәбір көрсетеді екен.
«Қоя жесең, қой қалады, тарта жесең, тай қалады» деп немерелерін ас-ауқаттан қысады. Нанға дейін сандыққа құлыптап, кілтін өзі алып жүреді. Сөйтіп жиған малы 60-жылдардың соңында бір жұтта қырылып, тігерге тұяқ қалмайды. Келіні қанша айтып, зар қақса да текемет, кілемдерді сатуға қимай жинай береді екен. Ол «қазынасы» да бір жылы күйе түсіп, құрт жеп жарамсыз болып қалған көрінеді. Кейуананың қабірінің құлауын жақсыға жорымаған елдің әңгімесінен сараңдық, қайырсыздық деген жақсы қасиет еместігін бала болсам да пайымдағандаймын.
...Бүгінгі ала шұбар қоғамда жомарттық танытып, жақсылық жасаушылар да, қайыры жоқ құлқын қамынан аспайтындар да жетерлік. Кейде айналаға қарап, бәрі жеткілікті, тек мейірім жетіспейтіндей көрінетіні бар. Бір ауыз жылы сөзімізді қимаймыз, жылы қабақ танытпаймыз.
Игі іс жасау, мұқтаждығы өтелген жанның қуанғанын көру, батасын алып, ризашылыққа бөлену ғажап қой. Кейде жақсылықты есеппен жасап не оны мақтаныш етіп, рияға барамыз. Шын мәнінде, жақсылықтың сауабын риядан артық жоюшы жоқ. Я болмаса жақсылығымызды міндетсіп: «Кезінде өйтіп ем, жұмысқа тұрғызғам, қарастым» деген сөздермен сауабын зая кетіреміз. Алла жолында не берсек те, қандай қайыр-жақсылық жасасақ та ол еселеп өзімізге қайтатынын ұмытпасақ қайырлы.
Халқымызда қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің деген тәмсіл бар. Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Бір кісі хазіреті пайғамбарымыз Мұхамедтен «Ең жақсы адам кім?» деп сұрайды. Сонда Алланың елшісі: «Ең жақсы адам – елге, көпке пайдасы тиген пенде», деп жауап берген екен.
...Жұмагелді есімді ел ағасы заманында малтапқыш, іскерлігімен қатар, қайырымы мол азамат болған. Отызыншы жылдардың үргін-сүргінінде Сыр бойынан Өзбекстанға қоныс аударған олар жергілікті жұртпен тонның ішкі бауындай араласып кеткен-ді. Соғыстан кейінгі қиын кездерде Жұмагелді ағамыз өз отбасымен қатар тұрмысы төмен, асыраушысыз қалған төрт өзбек отбасына қарасып, жетілдіріпті. Кенже ұлы Нақыптың досы Икрамжанды (әкесі соғыстан оралмаған) өз баласындай қарап, екеуін де Ташкенттегі халық шаруашылығы институтында оқытыпты. Үйлендіріп, үй қылып, жетілдірген. 70-жылдардың басында атамекен Жаңақорған ауданына қоныс аударған Жұмагелдінің төрт ұлы да кеңшардың бас агрономы, бас экономист, мал дәрігері, шаруашылық директоры секілді белді қызметтер атқарып дәулетті өмір сүрді.
...1989 жылы ел ағасы 80-нен асып дүние салды. Өзбекстаннан бір автобус өзбек бауырлар тайлы-тұяғымен қадірлі қарияның қазасына қайғырып, көңіл айта келді. Қарияның ұлдары мен немерелерімен бірге, келгендермен көрісіп, қатарда тұрған ала тақиялы жігітті байқап қалдым. «Мына өзбек кісі кім, ол неге қатарда тұр?», дедім таңырқап. Сонда анам: «Ол Жұмекеңнің өкіл баласы Икрамжан. Қайырымы көп жан еді ғой, жарықтық», деді қимастықпен күрсініп. Анамның айтуынша, аудан басшысы болған Икрамжан жақсылықты ұмытпай, өкіл әкесіне жыл сайын мол сәлем-сауқатымен келіп қуантады екен. Ақша берсе алмайды, «апам екеуіңізді Қара теңізге қыдыртайын, Өзбекстанның көрікті жерлерін аралатайын» десе, көнбейді. «Қаратаудың самалы, Сырдың сағасынан артық жұмақ жер жоқ, рахмет, балам», дейді екен. Жасында жүйрік баптап, құс салып, күресте есе жібермеген Жұмагелді көкеміз өкіл баласының бір ғана сыйлығын қабылдаған көрінеді. Ол Сүлікқара атты түрікмен тұлпары еді. Иә, қайрымдылық ниетпен жасалған амалдардың соңы осылай өзбек жігіті мен ел ағасының арасында әдемі сыйластыққа ұласты.
Жұмагелдінің ұлы Нақып та қолы ашық азамат еді. 80-жылдары туыстарының басына іс түсіп, қатты қысылып, қарыз сұрай келгенде «Жигули» аламын деп жинаған 5 мың сом ақшасын жинақ қорынан алып бере салыпты. Әлгі жігіттің анасы қуанғанынан жылап жіберген. «Тірі болсақ қайтарармыз, Нақыпжан!», дейді. «Жоқ, апа, қайтармай-ақ қойыңыз. Нағашымның аруағы разы болсын, ұлыңыз аман болсын», депті. Бұл – екінің бірінің қолынан келмейтін кесектік һәм кісілік.
Қасиетті Хадис шәріпте «Адам баласы дүниеден өткен соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: садақа, пайдалы ілім, артынан дұға қылатын ізгі ұрпақ» делінген. Қайырым жасаған жан осы дүниенің өзінде елдің мейір-шапағатына, құрмет-қошеметіне бөленеді әрі ризық-несібесі арта түседі.
Қасиетті Құранда «Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық істесе, соның сауабын көреді. Кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, соның зардабын татады», дейді («Зілзәлә» сүресі).
Иә, жақсылық көрсең де өзіңнен, жамандық көрсең де өзіңнен.

qazaly.kz
16 ақпан 2021 ж. 440 0