Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шортан балықтың шатағы

Шортан балықтың шатағы

         Қазақта «Қарты бар үйдің, қазынасы бар» дейді. Үйдегі қазынамыз, ақылшымыз, ұстазымыз атам Шәкірат Дәрмағамбетұлы. Ол кісінің әңгімелерін тыңдағанда қасында отырып,  тыңдай бергің келеді... Соғыс кезінде кемі алты ай еңбек еткендерді «Соғыс балалары» деп атайды екен. Отбасымызбен үстел басына отырғанда, атам басынан өткен бір әңгімесін айтқан еді...

         Бүркітәлі есімді досымен теңізге балық аулауға барады. Өйткені, әкелері балықты теңізден аулаған. Олар «Еңбек армиясына» кеткен. Соғыс кезі ғой. Орнына балдары балық аулаған. Содан қашан қараша айында теңізде мұз қатады, содан кейін оқуға босататын болған. Ал қыс айларында жақын маңдағы «Баян», «Жаңғылыш»  көлдеріне ау құрады екен.
          1942 жылдың көктем айында, мұз жаңа еріп келе жатқанда біздің атам «Баян» көліне екі тартым ау құрған. Екі аудың ұзындығы жиырма төрт метр екен. Мұздың еріген кезі. Содан  ауды қарап алған балығын қайыққа тастап жатады. Бір уақытта қараса, кеш батып қалыпты. Ауылдың өзіне жету үшін төрт-бес шақырым жүруі керек. Жаңағы қайықтың іші суға толып кетеді. Су тізеге дейін келген. Ал, алған балықтар қайық ішінде жүзіп жүр. Содан не болды деп байқап қараса, бір шортанның аузында қызыл шүберек жүр. Сөйтсе ескірген, лақса қайықтың табанын  әр жерін шүберекпен тығындайды екен. Өзі бір үлкен шортан. Салмағы он кело тартады. Қайықтың табанында тулап жүріп тісі жаңағы шүберекке ілінеді ғой. Шүберекті шортан аузымен тартып алғасын, су зуылдайды. Енді қалайда жағаға шығу керек. Жаға отыз метрдей жерде. Үстіндегі киімдерін шешіп алып, енді жағаға шығайын деп ыңғайланып жатса, көлдің шоқ-шоқ қамысты жағынан сып-сып еткен құрттай қайық көрінеді.
        – Әй, Шәкірат, тұра-тұр, – деп дыбыстайды және.
Іңір қараңғысы. Кім екені белгісіз. Әлгі кісі қайығына міңгізіп алады да, үлкен киіз үйдің шамасындай  жағадағы қопаққа апарады.  Қамыс қопақтың үлкендігі үш-төрт үйдің көлеміндей екен. Бір кісі от жағып, қоянның етін  асып отыр. Қараса атам екеуін де таниды. Сол ауылдың адамдары. Біреуі Жұбаназар, екіншісінің аты – Ералы. Соғысқа кеткен. Бірақ соғыстан қашқан. Оны милициялар іздеп жүр. Ауыл біледі. Қазіргі «Қаратерең» ауылдық округіне қараған Сырдарияға екі-үш шақырымдай жерде «Терістүбек» дейтін ауыл болды. Олар сол мекеннің тұрғындары еді. Атам сәлемдесіп болғасын:
        – Ағалар, неғып жүрсіздер? – деп сұрайды.
       – Тілеуіңді берсін, – деп Жұбаназар әңгімесін ағытады, – Біз де соғысқа бардық. Екі ай бойы бізге мылтық та, өзге қару-жарақ та бермеді. Күн-түні окоп қазамыз. Біреу өлсе, оның мылтығын бізге емес, рота командирі орыстарға береді. Барков деген командиріміз бізге «Кет, жоғал» деп ақырады. Сөйтіп жүргенімізде окоп қазып жатқан Ералы ауыр жараланды. Ералыны мен  санбатқа жеткізейін десем, «Қайда барсаң, онда бар» деп тағы жекіреді. Сөйтіп  далада қалып қойдық. Жан жағымызда неміс. Олай-бұлай шапқылап жүр. Ералыны құшақтап апарып бір қуысқа тықтым. «Не істеймін?» деп алаңдап  тұрғанымда, зеңбіріктердің дүмпуінен қашып, арбасын сындырып, шатаяқтаған екі атқа көзім түсті. Солай қарай атылдым. Болса да атқа үйренгенбіз ғой. Аттың екеуін де  ұстап алдым. Ералыны біреуіне етбетінен жатқызып, екіншісіне өзім мініп, ұрыс даласынан тайып тұрдық. Беталдымыз құладүз.  Екі-үш күндей шөп-шалаң жеп, кейде алма-баққа тап болып, өлдім-талдым дегенде бір теміржолға жеттік. Сөйтіп өткелектеп, 3-4 ай азаптанып ел қарасына іліндік қой!..
       – Ау, сендерді жиырма шақты милиция іздеп жүр, Сейіл деген бастығы бар, – дейді атам.
– Олар  біледі,  бірақ бізге келе алмайды. Бізден қорқады. Бұл жерде көп аялдамаймыз. Ертең бір күн кетіп қаламыз, – дейді де  Жұбаназар: – Әй, Шәкірат, саған бір қоян атып берейін деп  мылтығын қолына алады.
       – Жөке-ау айнала қараңғы, қоянды қалай атасыз? – дейді таңырқап.
       – Көре қал,  қазір деп қос ауызды тарс еткізгенде  бір қоян жалп ете қалады.
Ол   маңда қоян да, қасқыр да, түлкі де көп екен. Ал Жұбаназар кезінде дүкенші болған, әрі ауылдың атайы мергені болыпты. Атам қоянды арқалап  4-5 шақырымдағы үйіне жетіп қалған  кезде, алдынан милиция шығады.
       – Қайдан келе жатсың? – дейді Сейіл милиция.
       – Анау көлде ауым бар еді, сол жақтан келе жатырмын, – деп жауап қайырады.
       – Қашақтарды көрдің бе?!
       – Көрдім. Екеуі қоян асып отыр, – дейді бала мінез анығын айтып.
       – Ой-й, өтірік айтасың, – деп атамды қамшымен соғып жібереді.
Сол тұста арттан мылтық атылады. Әлгі екі батырың екі жаққа тырағайлап қашады. «Атам ешкімді көргем жоқ, білгем жоқ» деуі керек екен. Қашақтар  болса күнде кешкілік таныстарынан  ауқаттанып жүреді екен. Сөйтіп он шақты күн болды ма, болмады ма,  екі қашақ зым-зия жоқ болыпты.
     Сондай-ақ атам соғыс кезіндегі  қиын-қыстауда, қондырмайтын ауылдағы шамы сөнбейтін «Жалғыз үй» және Жиенбай атаның мейірімділігі, тағы сондай қайсарлыққа, батылдыққа, адалдыққа тәрбиелейтін әңгімелерін немерелері Мерей, Мейірбек, тіпті бала-бақшадағы Білгеге дейін ұйып тыңдайды. Үйге келген қонақтарға осындай баға жетпес әңгімелерін айтып отырады. Сонда  қонақтар «Ой-й, Шәкеңнің әңгімелері керемет қой» деп тамсанып қайтады.
       Атам айтады: – Балалық шағымызда «Шіркін, осы қара нанға бір тоятын заман болар  ма екен» деп пештің түбінде армандап жататын едік. Ал қазір сендер дүкендегі әр түрлі дәмді де, нәрлі нанды таңдап жейсіңдер. Сосын да бақытты балаларсыңдар, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, – дейді.
       Иә, ол рас. Атам маңдай  термен келген еңбектің наны тәтті боларын әрқашан біздің есімізге салып отырады. Міне, атамның мыңдаған әңгімесінің бірін қағазға түсіруді өзіме мәртебе санадым.
Динара СӘПИҚЫЗЫ
Арал қаласы.
07 наурыз 2020 ж. 1 367 0