Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал теңізіндегі Көкарал бөгетіне балық қорғау құрылғысы орнатылады

Арал теңізіндегі Көкарал бөгетіне балық қорғау құрылғысы орнатылады

Арал теңізіндегі Көкарал бөгетіне балық қорғау құрылғысы қойылады, деп хабарлайды Хабар24.kz.
Гидроакустикалық қондырғы САРАТС жобасы аясында салынған 17 шақырымдық 9 өткізгіштен балықтардың өлі теңізге кетіп қалуына кедергі болады. Жалпы бүгінде Арал балықшылары жылына жеті мың тоннадай балық аулап, оның екі мың тоннасын экспорттайды. Қазірде айдын 18 аумаққа бөлініп, табиғат пайдаланушыларға бөлініп берілген. Арал ауданында жылдық қуаты он тоғыз мың тонна балық өңдеуге қауқарлы жеті кәсіпорын бар.
Зауыттар Қытай мен ТМД елдерінен бөлек Еуропаға балық саудалайды. Теңізге жылына он бес миллион дана шабақ жіберіледі. Бірақ Көкарал бөгеті арқылы мол сумен бірге балық ұлы теңізге қарай кетіп жатыр. Осы ретте Аралды құтқару қоры арқылы гидроакустикалық қондырғы орнатылмақ.
«Егер осы жобаны жылдың аяғына дейін бітіретін болсақ, келер жылдан бастап, балық құтқару гидроқұрылғысының көмегін пайдалана бастаймыз. Гидроакустика балықтың сенсорлық органдарына әсер етеді, яғни оларды үркітеді. Басқа еш зияны жоқ. Ауданда теңізден бөлек жиырма көл бар. Олардан да балықтың он төрт түрі ауланады. Тәжірибелі балықшылар мен сала мамандары енді балық қорын молайту үшін көлдер жүйесін де жетілдіре түсу керектігін айтады»,-дейді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» Арал бөлімшесінің директоры Тынысбек Барақбаев.
Ал балық шаруашылығы саласының ардагері Құдайберген Саржанов болса: «Ақбасты мен Құландының ортасында өзек бар. Сол жерге шлюз қойып, соған дейін су деңгейі көтерілсе, артық су үлкен теңізге кетпей, өзек арқылы Тұщыбас деген жерге барады. Тұщыбасты толтырып алсақ, Қамбаш көлінен кем болмайды. Қамбаш көлі жылына 300-400 тоннадай балық беріп отыр. Ал мынадан жылына мың тонна балық аулауға болады. Жалпы 2000 жылдан бері Аралдан балық аулау көлемі жиырма есеге өсті. Қазіргі таңда 31 бригада құрылып, мыңға жуық балықшы өз нәпақасын теңізден теріп жүр», – дейді.
https://syrboyi.kz/
08 мамыр 2019 ж. 1 314 0