Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Анасы жақсы қандай - ды...

Анасы жақсы қандай - ды...

Анасы жақсы қандай - ды,
Қамқорлығы таудай - ды
Қалқам деп шықса алдыңнан,
Кеудеңде қайғы қалмайды... деген термелі өлеңнің төрт жолына қаншама мән-мағына жатыр. Майлықожаның ақындық құдіретіне шек бар ма?! «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың», – деп әдетте балаларға қаратып айтылады.
Аналарымыз тағы да, «Баламның табанына кірген шөңге, маңдайыма кірсін» деп те отыратындарын қайтерсің? Не деген кеңдік, не деген мейірімділік, не деген даналық, не деген парасаттылық десеңізшіІ Тағы да сол Майлықожа ақынның, «Ана қадірі» термесінде, - ананың қадірі турасында былайша айтылады.
Құйрық шайнап май берген.
Құнтақтап жерден жай берген.
Оның қылған қызметін,
Күн менен жұлдыз, ай көрген,
Анаңдай ғазиз, мейірбан,
Табылар саған қай жерден? – деп ананың қадірін одан сайын асқақтатады. Сол үшін де аналар қашан да ардақты, қай кезде де қадірлі, қай кезде де сыйлы.
Осы ретте сөз еткелі отырған осындай аналардың бірі де, бірегейі ұлағатты ұстаз, мейірбан ана, ардақты әже, үлкенге ізетті, кішіге қамқор бола білетін, досқа адал болып, ағайынның арасын жалғап келе жатқан алтын көпір іспетті, Аралдың төл тумасы, Бақтыгүл Мұханқызы Сермағанбетова апай. Кейіпкеріміз осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, туған жеріне тарих пәнінің мұғалімі болып оралады. Қызмет атқарған жылдарында көптеген марапаттарға қол жеткізіп, оның ішінде «Жыл мұғалімі» байқауларының жеңімпазы атанады. Тағы да сол сияқты білім берудегі көптеген жетістіктерінің нәтижесінде, еліміз енді ғана егемендік алып жатырған тұста, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағына ие болады. Бертін келе, «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленеді.
Бақытгүл апайдың бір естелігін есіме алатын болсам, білім беру саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған әкесі, марқұм, Сермағанбетов Мұхан ағаның сол кездегі омырауында жарқыраған, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі » медалін көріп, қолымен сипап тұрып, шіркін, мен де осындай марапатқа қол жеткізсем ғой, - деп, ішінен күбірлей айтқан арманы алдамаған сияқты дейді. Бұл күнде Бөгенде үлкен мешіті бар, Тәжімбет ишанның қызы, Әмиша анасынан жақсы үлгі алғанын сағынышпен еске алып отырады. Қазір әкесінің орнында ошағының отын маздатып Күнзираш анасы отыр. Қыздың өз жолы мен мұраты бар дегендей, жоғары білімді мұғалім мамандығын алған шынашақтай қыз бала, аз кем уақыттан соң, алтын ұясынан, туған үйінен ұзатылып, Жетесовтар әулетіне келін болып түседі. Келген жеріне тастай батып, судай сіңіп кеткені сол, әдепкіде бала келін болып, үйіне келген үлкендерге сәлемін салуды үзбеген.
Балалары дүниеге келгенде ана келін атанып, бір әулеттің үлкендерімен қоса өзінің кішкентай балаларын қамқорлығына алады. Қызметте жүріп-ақ, ата – енесінің шай-суын әзірлеп, балаларының кір-қоңы мен сабақтарына да зер салуға үлгеріп отырады. Арасында үйге келіп-кетіп жүретін ағайынның да ризалығын ала жүреді. Қазақ өзі көпшіл, қонақшыл халық қой, отбасынан қонағы арылмайтын үйдің біреуі осы үй болатын. Себебі, қайын атасы ауданға белгілі Жетесов Жақсылық аға «Құланды» кеңшарын 27 жыл басқарған, «Еңбек Қызыл Ту орденінің» ковалері, республикалық деңгейдегі дербес зейнеткер болған болса, енесі Шәкен апа өте шебер, қолынан келмейтіні жоқ, іске де, асқа да тиянақты, қазақтың ұлттық тағамдарын жасағанда қолынан балы тамып отыратын еді, – дейді келіні есіне алып. Осындай ана, қарапайым отбасының ұйытқысы болып, Бақытгүлдей келінін, ата-баба жолымен тәрбиелеп, өздерінің қыздарындай етіп өсіреді. Жастарды қызметтерінен айырмайық деген оймен, қалаға әкеліп бір үй етіп қояды. Соның да арқасы шығар, бүгінде апайымыз, ата-енеден көрген тәлім-тәрбиесін қазіргі өзінің отбасында көрсетіп, үлкендердің орнын басып, дана келін атанып отырған жайы бар. Олай дейтінім қазіргі күні де отының басынан кісі арылмай, біреулері кетсе, екінші біреулері келіп жатады. Үйіне бара қалсаң, бала келді, үлкен келді демей құрақ ұша жөнеліп, жайылып жастық, иіліп төсек болып, ас үйден бір ақ шығатынын қайтерсің? Біз мұны, әрине келіндері бар болса да, соларға үлгі болсын деген ойы болар, деп топшылаймыз.
Бұл, үйге келген қонаққа деген құрметтің бір белгісі десек те болатын шығар. Ең бір өкініштісі, жан жолдасының бұл күнге жете алмай кеткендігі. Марқұм Алмас аға, ауданға белгілі білікті дәрігер – басшы болды. Сол өкініш өзекті өртесе де, бір адамға білдіргісі келмеді. Алланың ісіне ара тұра алсын ба? Тірі адам тіршілігін жасай беретіні анық. Өмірдің де заңы солай ғой. Ендігі кезекте қолды-аяқтай болып қалған балаларды жеткізу керектігі тұрды. Мұны Бақытгүл апай сол кезден ақ сезінді, белін буды, көзінің жасын сүртті, езіліп отырып қалған жоқ. Ағайынмен араласты, қызметімен қайта қауышты. Еңбекте абырой болды. Бәрі де ананың балаға деген махаббаты болар, олардың мөлдіреп түрған көздері, Бақытгүл апайдың өмірге деген құштарлығын арттыра түсті. Балаларын оқуға, адал еңбек етуге баулыды. Тұла бойы тұңғыштары, Жанары Алматы қаласындағы, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің ағылшын тілінен магистрлік дәрежесін алып, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетті, филология факультеті, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушы қызметінде. Ұлдары, Әлімжан, Атырау мұнай – газ институтын бітіріп, мұнай – газ инженері мамандығын меңгерген. Қазір кәсіпкерлік салада. Келіні Эльвира, формация мамандығын меңгерген. Кенже қыздары Анар, әке жолын жалғастырамын деген бетінен қайтпай, мектепті үздік бітіріп, Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы медицина академиясының резентурасын бітіреді.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы облыстық балалар ауруханасында дәрігер болып, абыройлы еңбек етіп, білікті маман екендігін дәлелдеп жүргенін көріп жүрміз. Балалардың бәрі де грант иегерлері болған. Осылардың бәріне ана көңілі алаңдай жүріп, бәрінің де жоғары мамандық алуларына қол жеткіздіреді. Ананың ең басты арманы да осы болатын. Балалары аяқтанып, отбасылы болып, өз жолдарын тапса да, анасының балаларына деген қамқорлығы таудай, туған үйлеріне келген балаларының алдынан «қалқам»,- деп, шығатын ананы, кім жақсы демейді. Ата – бабасының көрсетіп берген жолын үзбей, ошақ отын өшірмей, ұрпақтан ұрпаққа жалғап отырған Бақытгүлдей ананы, тағы да жақсы демегенде қайтеміз.
Бүгінде Әсем мен Әлинүрдай тәтті бүлдіршіндердің қамқор әжесі. Міне «Анасы жақсы қандайды......» деген өлең жолдары ардақты анамызға арналғандай. Біз де, ендігі кезекте жақсылардың жолы, осындай даңғыл болып, еш үзілместен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсе екен деген тілегімізді қосамыз.

Шолпан БАЛМАНОВА
Нұр – Сұлтан қаласы
05 наурыз 2021 ж. 706 0