Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмақты қайдан іздеген жөн?

Жұмақты қайдан іздеген жөн?

«Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын»,– деп тілек тілеп, перзентін өсіретін анадай мейірімді жан бұл жер бетінде жоқ шығар, сірә?! «Жолдағы баламды үйге жеткенше, ауырған баламды жазылғанша, басына іс түскен баламды қиындығынан арылғанша жақсы көремін» деп соққан ана жүрегі қашанда мейірім мен ізгілікке толы ғой. Ана қай уақытта болмасын ішінен шыққан баласын басқадан артық көреді. Тіпті, оның мінезі адам төзгісіз қиын болса да, барлық кемшілігіне көз жұма қарап, кешіруге дайын тұрады. Біз кейде сондай жандардың кеуілін қалдырып жатамыз.Бірде айтыскер ақын Балғынбек ағамыз:   
«Кей еркектің адамдық бағасы жоқ,
Бойда намыс, басында санасы жоқ.
Анасына «әй» дейтін бейшараның,
Әйеліне «шәй» дейтін шамасы жоқ», – деп қазіргі қоғамда әйелінен асып ары кете алмайтын еркексымақтарды екі ауыз сөзге сыйдырып суреттеген еді. Ақынның бұл сөзін еске түсіруіміздің реті бар. Себебі қарттық жетіп, қауқарсыз қалған ата-анасына дауыс көтеру былай тұрмақ, қараусыз тастап кететіндердің қатары көбейді. Ананың балаға жарық дүние сыйлағаны өз алдына, оның сәт сайынғы қадамын көзінен таса қылмай өсіріп, өбектеген аналар қауымының перзентіне берген ақ сүті мен ақ адал еңбегі осылайша өтелмей жатады. Бәлкім, ата-анаға осы бір қасіреттен артық салмақты сынақ жоқ шығар. Қартайғанда қызық көремін бе деген ата-аналардың кейде туған перзентінен озбырлық көріп, қарттықпен қоса, қасірет тартып жататындары өмірде кездеседі. Айтуға аузымыз бармайды әрине. Бірақ шындық – осы.
Бірде аудандағы телекоммуникация торабы мекемесіне терминал арқылы үй телефонына ақы төлеу үшін бас сұқтым. Ішке беттеп, келесі кеңсеге өте бергенімде көз жасын тыя алмай, еңкілдеп жылаған ананың дауысын естідім. Иә, дәл көз алдымда әлсін-әлсін көз жасын беторамалмен сүрткілеп отырған ананың бейнесін көрдім. Бетін бейнеттің табы басқан. Самай шашы ағарып, жүзін әжім әрлеген ақ шашты ана. Не істерімді білмей, аяушылық кейіп танытқан күйі состиып тұрып қалыппын мен. Сәл уақыттан соң мен тұрған кеңседен орта жастағы әйел адам шығып, әлгі етегін жасқа малған ананың жанына жақындады. (Шамасы танысы болса керек). Қолынан демеп далаға шығармақшы болды. Талықсып отырған байғұс ана жылаған күйі әлгі әйелге:
– Басқа-басқа, өз баламның өзіме қол көтергенін түсіне алмай әлекпін. Келіншегінің айтқанынан шыға алмайды. Мен ол үйде артық адамға айналдым. Айтшы, сонда мен не істеуім керек? – деп мұңын шағуда. Жанындағы әйел оны жұбатқан күйі:
– Іштен шыққан шұбар жылан,– деген осы да. Қайтесің енді, көнесің. Мен де қолымнан келгенше ол балаға айтып жатырмын. Ешкімді тыңдар емес. Сабыр қыл енді, – деп жаны жабырқаулы ананы қолынан демеп, далаға алып шықты.
Шыны керек, көз алдымдағы көріністі көргенде жаным қатты ашыды. Өкініштісі, бұл – өмірдің өзі. Мына жалғанда ата-ана қадірін білмеген перзенттер көп. Солардың дені әйелінің айтқанынан шыға алмайтын еркексымақтар, не болмаса тәрбиесіз қыздар. Солардың кесірінен біз өмір сүретін қоғам келеңсіз көріністерге толып барады. Біз көз жеткізген көріністер бергі жағы. Сорақысы, ата-анасын ас-сусыз далаға қаңғытып не болмаса қарттар үйіне өткізіп жатырған безбүйрек балалар қаншама?! 
«Жұмақ ананың табанының астында» деген түсінік бар ислам дінінде. Біз ұстанатын асыл дініміз осындай саналы түсініктер арқылы мұсылман баласын ата-ананы сыйлауға тәрбиелейді. Сол арқылы Алла тағала өзінің құлына сансыз сауаптар жазып, күнәдан пәк етеді. Қалай алып қарасақ та, перзент үшін ана мен әкеден артық жан жоқ әлемде. «Жасағың келген жақсылықты алдымен анаңа жаса» деген ғой ардақты пайғамбарымыз. Әрбір пендеге мына әлемнің жарығын сыйлаған анадан ардақты жан жоқ. Сондықтан бес күндік мына жалғаннан ақыреттік өмірге мол азық жиғысы келген әрбір пенде ата-ананың алғысын алуға әрекет ету керек. Өйткені олар ең мәртебелі құрметке лайық.
А. Бисенов.
23 шілде 2019 ж. 1 474 0