8 наурыз. Қыздарға қандай сыйлық ұнамайды?
Сыйлық таңдау да өнер. Көңілден шығатын тосынсый жасаған ерекше әсер сыйлайды. Дегенмен қыздарға сыйлық таңдағанда да кей факторларға мән берген абзал. Алған сыйлығың ұнамақ түгіл, көңілін қалдыруы да мүмкін. Бұл жайында Massaget.kz тілшісіне белгілі психолог Қарлыға Бүйенбай айтып берді.
Ерлердің сыйлық таңдауы да бір қызық. Кейде тамаша сыйлық ала тұра оны ерекше сыйлай алмайды. Кейде керісінше кішкентай ғана сыймен қыз көңілін көкке көтереді.
Бұрын ер адамдар бала-шағасына деген шынайы ыстық ықыласын, жүректегі махаббатын көрсете алмайтын. Киімі бүтін болып, қарны тоқ жүрсе, материалдық жағдайын қамтамасыз етсем – осы менің махаббатым деп білетін. Әлбетте мұндай отбасынан шыққан қыз қауымы махаббатты материалдық жағдаймен теңестіретін ер азаматты күйеу етіп таңдайды. Кейін өмір бойы жылы құшақ пен жылы сөзге «шөлдеп» өтеді. Яғни мереке де болсын, күнделікті тұрмыста болсын, әйелге өзінің керек, сүйікті, сыйлы, қорғаны бар екенін білу, "сенімен ажырасқым келеді" деген сөзді естімеу аса маңызды, - дейді психолог.
Қарлыға қыздарға жеке өзіне ғана сыйлық бергенді құп көреді. Себебі қыздарға отбасына ортақ сый берген ұнай бермейді.
Дәмсіз шоколад, отбасы мүшелерінің бәрі бірге қолданатын заттар, жиһаз, косметика және кемшілігін еске түсіретін сыйлықтар ерекше сезімге бөлей қоймайды. Өйткені, іштей «бұл менің мерекем» деп өзіне ғана арналған тосынсый күтеді. Дәмсіз шоколад – бір үйден екінші үйге өтіп, киіттің күйін кешеді. Отбасы мүшелерінің бәрі бірдей қолданатын перде, кілем, диван, ыдыс-аяқ секілді заттар – сыйлық емес, күнделікті қажеттілік. Косметика, әрине, жақсы. Алайда дәл керегін таңдау аса қиын» – дейді.
Мереке қарсаңында түрлі сертификаттар мен абонемент сыйлау үрдісі де бар. Бірақ мұндай сый жасарда абай болған абзал.
Артық салмақтан арыла алмай жүрген әйелге спорт залға абонемент немесе ас әзірлей алмайтын жанға тағам әзірлеу курстарына жолдама беру – керісінше көңілді қатты түсіріп жіберуі мүмкін, – дейді Қарлыға Бүйенбай.
Massaget.kz порталы 8 наурыз мерекесіне орай "қыздар қандай сыйлық алғанды ұната бермейді?" деген сауалнама жүргізген еді. Қыз-келіншектердің көбі кәдесый, жұмсақ ойыншықтар, кесе мен мүсіншелерді ұната бермейтінін айтты. Өйткені мұндай заттар «шкафтың бұрышына шаң жинап жатады» деген ойда.
Сондай-ақ психолог маман ас үй ыдыстарын және тұрмыстық техниканы қажетсіз сыйлықтар қатарына қосты. Өйткені мұндай сый екіұшты реакция тудыруы мүмкін. Оның пікірінше, көптеген әйелдер мұндай сыйлықтарды үй иесінің шеберлігін арттырудың белгісі ретінде қабылдайды.
Ал Сізге қандай сыйлық алған ұнамайды?
Ақмарал Жанахметова