Қымыз ішуге шариғат қалай қарайды?
Ассалаумағалейкум! Қымыз ішу жайында сұрақ қойғым келген еді. Көп сұралып жатқан да шығар. Сонда да білгім келгені қымыздың құрамында аз да болса спирт болады екен. Оны ішсе күнәсі жоқ па? АзаматЖауап
Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Құрметті Азамат, еті адал малдың сүті де адал. Бұған Ислам ғалымдары арасында талас жоқ. Қымыз – еті адал саналатын жылқы сүті болғандықтан, харам деуге болмайды.
Тек ханафи ғұламалары арасынан Имам Мұхаммед қатты ашыған жылқы сүтін ішу харамға жақын мәкруһ деп есептеген. (Ғұламаның «қатты ашыған жылқы сүті» дегені, сол біздің қымызымыз болса керек).
Дегенмен, ұлық имам Әбу Ханифа және Имам Әбу Юсуф көзқарасы бойынша ашыған болса да, жылқы сүті адал. Әрине, масайтатын ерекшелігі пайда болып, көп ішкен адамды мас қылып жатса, оның үкімі бөлек[1]. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мас етуші ішімдіктердің бәрі харам. Көп ішкенде мас ететіннің азы да харам»[2], - деген.
Бірақ, қымызды қанша ішсе де кісіні мас қылмайтыны белгілі. Сондықтан да, қымыз ішудің діни тұрғыда ешқандай күнәсі жоқ деуге негіз бар.
Ал, құрамындағы ашу барысында өздігінен пайда болған аз мөлшердегі спирт сырттан әдейі қосылмағандықтан әрі қанша ішсе де масайтпайтындай аз болғандықтан, негізге алынбайды. Өйткені, аз көлемде өздігінен пайда болған спирт ашыған айранда да, тіпті ашыған нанда да бар.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
muslim.kz