Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақтың өз қымызы өзіне бұйырып жүр ме?

Қазақтың өз қымызы өзіне бұйырып жүр ме?

Ресей ғалымдары саумалдан қатерлі ісікке қарсы дәрі жасауда. Себебі бие сүтіндегі лактоферрин атты ақуыз қатерлі ісікке қарсы тұрар қауқарға ие екен. Міне, қазаққа тән қасиеттің жануардың сүтінде де осындай кереметтің барын білесіз бе? Ал бұдан басқа ше? Негізі шикі сүт пен сапырма қымызды бабаларымыз неге көп ішкен. Әлде олар да ақта ауқат барын білді ме? Оның бүгіндегі жайы қалай? Жалпы, қазақтың өз қымызы өзіне бұйырып жүр ме? Осы жөнінде айтайық.

Қазақ – қашанда аузы ақтан, тақымы аттан ажырамаған халық. Бейнет көрсе де өз ортасында өсірген дала дарындарының арқасында ненің зиян, ненің пайдалы екенін жақсы біліп отырған. Соның арқасында сырқатты жеңе білген, індетті ауыздықтаған. Соның ішінде бие байлап, қымыз баптаған қазақ үшін саумал мен қымыздың орны тым бөлек. Жалпы, жылқы жануарынан пайда көрмесе, жапа шекпеген көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағына оның мінсең – көлік, жесең – ет, кисең киім екенін айтып жату артықтау болар. Оны біз айтпасақ та, бүгінгі жұрт жақсы білер. Бірақ біздің тұрымысымызда көп қолданыла бермейтін таңсық асқа айналып бара жатқан саумал мен қымыз жайында көптеген жайттан хабарсыз болуы мүмкін. Шынында солай. Бұл қымыз жайында:
«Ал, ішіңдер,
Бұл – қымыз.
Бұл қымыздың арғы атасын сұрасаң,
Құлаша қулық бие сүті еді,
Томсарған ер қазақтың асы еді.
Бұл қымызды кім ішсін?
Бұл қымызды
Айлы күні айналған,
Бұлтты күні толғанған,
Құрығын қу найзадай таянған,
Томсарған ер қазақтың өзі ішсін!» – дейді Мағжан ақын. Өкініштісі, қазақтың асы қазаққа ғана тиесілі деп жырлаған ақынның дегені бола қоймады бүгінде. Себебі біз өз асымыздың өнімділігін өз елімізде арттыра алмай келеміз. Себеп неде? Сұрақ сансыз, жауап мардымсыз. Бәлкім, бұл қымыздың емдік қасиетінің көптігі әлем елдерінің құлағына тигендігінен болар.
Айталық, Якутияда қымыз өндірісіне жеңілдік жасайтын заң қабылданған екен. Ал көршілес Ресей елі қымыз өндірісін әлдеқашан жолға қойды. Қазіргі уақытта бұл елде қымызбен айналысатын 80-нен аса мамандандырылған фирма, қымызбен емдейтін 48 шипажай бар. Германияда 500 бие ұстап отырған «Ганс Цольман» қымыз цехының даңқы бізден бөлек кәрі құрлық пен Орталық Азияға жетіп жатыр. Демек қазаққа керек астың бабын келістіре білген өзгелер бүгінде мұны денсаулыққа таптырмас дәм екенін мойындап келеді.
Ілгеріде елімізде қымызбен емдейтін 15 санаторий болды. Бүгінде олардың күйі тайған. Қазіргі таңда қалпына келтіру де оңай шаруа болмайтын сияқты. Себебі дала оғландарының бекзат сусыны саналған қымыздың жарнамасы жақыныңнан әрі аспайтын жағдайда. Елімізде қымыз өндірісі жолға қойған өңірлер көшін Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары бастап тұр. Десе де қымыз индустриясы нақты жолға қойылмай, қымыз өндірісі дамыды деп айту қиындау болар.
Ілгеріде мәжіліс мінберінде депутат Алдан Смайыл елімізде қымыз өндірісін жолға қойып, шипажайлар мен клиникаларда ұлттық сусынмен емдеуді қайта жандандыру керектігін көтерді.
– Мемлекеттің ұлттық өнімдердің өндірісіне, әсіресе, қымыз өндірісіне көңіл бөлетін уақыты жетті. Қазақстанда жылқы басын көбейтіп, жыл бойы қымыз шығаратын арнайы фермалар құрып, қымыз тұтынатын кәсіпорын ашып, қымыздың сапасын тексеруді мемлекеттік бақылауға алу керек. Қымыз саудасына мемлекеттік реттеу қажет. Бие сүтінен, қымыздан жасалатын балалар тағамдарының, дәрі-дәрмектердің өндірісін дамыту керек. Осындай ғылыми негізделген ұсыныстарға министрліктердің мән бермейтіні түсініксіз, – деді батыл сөйлеген халық қалаулысы.
Негізі, депутат дұрыс айтады. Ұлт келешегі – балаларға қымыздан жасалған дәруменнен артық не керек? Текте, қанда бар дүние ем болып та қона кетеді. Жалпы, бие сүті мен ана сүтінде аса айырмашылық болмайды екен. Демек саумал мен қымыз – қазақтың мақтанып айтар сусыны.
Менің бала күнімде ішкен қымыздың дәмі әлі таңдайымнан кетпейді. Қос танауды дірілдетіп, тұла-бойыңды шымырлатып өтетін мұндай қымызды әлі де кездестірмедім десем артық айтпаған болармын. Қазір нарық заманы. "Заманың түлкі болса, тазы боп шалдың" кері келді бүгінде. Себебі жұрт ақша тапсам деп тұр. Сапа мен сауданың ара-жігі алшақтап кетті. Салдарынан қымызға су қосып емес, суға қымыз қосып сататындар көбейген. Мұндай сорақылықтар көбіне жайма базардың сөрелерінен кездесіп жатады. Бәлкім, мұндайды қымыз емес «шалап» деген жөн шығар. Мұндай жағдайға өз басым бірнеше мәрте жолықтым да. Қымыз деп алған сусыным су татып кеткен шалап болды. Мұның барлығы сақал сипағанша жүретін сауданың салқыны. Осындайда сәйгүліктің сауырында шайқалып, әбден бабына келген сапырма қымыздың дәмін аңсайды екенсің. Әттең...
Бие байлап, қымыз баптап отырған қала тұрғыны Үзілдік Аметова да сөрелерде тұрған қымыздың бабында емес екенін біледі. Себебі саудада бәрі болады. Ниеттің тарылып, пиғылдың бұзылған заманында сапа шалаға айналды.
– Менің бие байлап, саумал мен қымыз ішіп келе жатқаныма 2 жылдай уақыт болып қалды. Барлығы аулада байлаулы тұрған 4 биенің арқасы. Қазіргі уақытта бие саууды тоқтатып тұрмын. Себебі барлығы да буаз. Суалуға жақын. Көктемде төлдеген соң қайта саууды қолға аламын. Негізі, тұрақты түрде қымыз ішкен адамның иммунитеті артады. Қымыз ішкен адамның жаны мен қаны бұрынғы ішкен арақ пен сыраның зардаптарынан тазарады. Сондай-ақ ерлер белсіздігіне де бірден-бір ем қымыз екенін бірі білсе, бірі білмес. Ал білетіндер үнемі біздің үйден ақшасына саумал мен қымыз ішіп кетеді. Әсіресе кешегі пандемеяның кезінде саумал мен қымыз ішкен тұтынушылар қатары көп болды. Біле білсеңіз, бие сүтінде С дәруменінің мол болуынан, қымыз туберкулез ауруын емдеуде өте шипалы. Қымыз туберкулезбен ауыратындардың ағзасындағы дәрумендер алмасуының бұзылуын тоқтатады. Бұдан басқа да ішкі құрылыстың жақсы жұмыс істеуіне, астың тез қорытылып, қан айналымының жақсаруына да қымыздың пайдасы зор. Сондықтан өзінің денсаулығын ойлаған адам қымызбен құрдас, саумалмен сырлас болсын дер едім. Саумал мен қымызды тұрақты тұтынған жандардың арасынан алғысын айтып, қоңырау шалған жандар да көп болды. Әлі күнге дейін «сауып отырсыз ба, ішейін деп едік» деп хабарласатындар көп, – дейді.
Шындығында, қымыздың егесі қазақ болғанда, елде қымыз индустриясын дамыту керек пе, керек! Тіпті бұл күн жұбатып, бас қатырмайтын мәселеге айналуы тиіс. Неге біздер өзгелер секілді кола мен фанта, спрайт пен пепси секілді өзіміздің ұлттық брендімізді қалыптастырмасқа?! Қысқасы, қазақ даласын сан мен сапаға жарытатын халық болуымыз үшін қымызды үзбей ішуге жағдай жасауымыз керек екен. Сонда Президент айтып жүрген дені сау ұлт та боламыз, санымыз да жыл сайын еселене түспек.
Ғұлама әл-Фарабидің: «Егер ұлттық тағам дастарқаннан кететін болса, ұлт ауруға шалдығады» деген сөзі бар. Демек бізге «қазақ» деген атты сақтап қалудан бөлек, дәстүр мен дін, тіл мен ділді сондай-ақ «ұлттық асымызды» сақтап қалудың да маңызы зор. Қорыта айтқанда, біз қымыздың арнайы қаптама ыдысқа құйылып, сауда сөрелерінде қолжетімді бағада самсап тұрғанын көргіміз келеді. Оған мүмкіндік жоқ емес. Негізі, жылқы малының басын көбейтіп, арнайы қымыз баптап, саумал саууға ынталы кәсіпкерлер өз арамыздан да шығады. Олардың сол бір бастамасын жан-жақты қолдап, қажет деген мүмкіндіктерді жасауымыз керек. Біз осы бағытқа берілген қолдау арқылы қымыз индустриясын дамытып, қазақтың өз сусынын өзі қолжетімді деңгейде тұтынуына жағдай жасай аламыз.
Алтынбек БИСЕНОВ
28 ақпан 2021 ж. 586 0