Ораза ұстау – парыз
Ораза – тәуліктің күндізгі уақытында ауыз бекіту, исламның негізгі бес парызының үшіншісі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниетін бекітіп, ішіп-жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болады. Мұсылмандарға Рамазан айында ораза ұстау – парыз.
Хадистерде ораза адамның рухани тақуалыққа жетіп, Аллаға жақындай түсуіне ықпал ететін ғибадат екендігі жайлы айтылады. Ораза – адам нәпсісін тыйып, рухани өсуге, өз бойындағы жаман әдеттерден арылып, көркем мінезін тәрбиелеуге мүмкіндік беретін ғибадат. Аузы берік адамның бос сөзден, орынсыз әрекеттерден бойын аулақ салып, жаман істерден тыйылуы абзал. Адамдар ырзық-несібенің қадірін түсінеді.
Ораза айт намазынан бұрын пітір садақа беріп, мешітке барып уағыз-насихат тыңдау – амалдардың абзалы. "Көңілі таза пендемнің төрі жұмақта" депті хадисте. Садақа мың бір қатерден сақтайды. Шариғатта айт күндері қуанышты болу, жүзiмізден нұрлы шырай тарату – Алланың рақметi, пайғамбардың шапағатына үмiт арту белгiсi делінген. Алла тағала қасиеттi Құранда: "Аллаға сыйыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-аналарыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi, бөгде көршiге, жан жолдастарыңа, мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар", – дейді.
Әр қоғамда ерекше көңiл бөлудi, жылы қабақ танытуды қажет ететiн жандар бар. Жетiм-жесiр, тағы да басқа мұқтаж кісілерге айт мейрамдарында көңiл бөлу – мұсылмандардың мiндетi. Өйткенi, олар көмекке, жылы сөзге аса зәру. Қандай жақсылық жасасақ та, ол сауапсыз қалмайды.
Мәншүк ЖОРҒАБАЙҚЫЗЫ,
қала тұрғыны