Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары өрттен зардап шеккен отбасыға барды
Өткен тәулікте Қызылорда қаласының іргесіндегі Сабалақ саяжайындағы уақытша тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, бір отбасы баспанасыз қалды. Адам шығыны тіркелген жоқ.
Шаһар басшының тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов өрттен зардап шеккен отбасыға барды.
Құтқару қызметіне Сабалақ саяжайы, Победа көшесі нөмірсіз мекен-жайда өрт орын алғаны туралы хабарлама 9 наурыз күні сағат 22:20 шамасында келіп түскен. Аталған оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндіру бөлімінен 3 техника, 8 қызметкер жұмылдырылып, 23:35 шамасында өрт толық оқшауланған. Бұл үйде жалғызбасты ана Сағыныш Давлетова 2 қызымен және мүмкіндігі шектеулі өгей әкесімен бірге паналап келіпті. Жергілікті билік мән-жайды көзбен көріп, қажетті шаралар тізбегін жасақтады.
Отбасы мүшелері жалдамалы пәтерге орналастырылады. Пәтердің жалдау құны Тасбөгет кенті әкімдігі арқылы өтелетін болады. Алдағы уақытта өрттен зардап шеккен отбасыны уақытша баспанаға орналастырып, үй кезегіне тіркеу бойынша да жұмыстар атқарылады. Отбасыны азық-түлік, қажетті киім-кешекпен қамтамасыз ету де демеушілік есебінен шешімін тапқан.
«Ендігі ретте Сағыныш Давлетованың анасының атына тіркелген үйіне қатысты құқық меншігін анықтау жұмыстарын жүргізіп, құжаттарын қайта рәсімдеуге жібереміз» – дейді қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова.
Бөлім басшысының айтуынша, бұл отбасыға бір реттік мемлекеттік жәрдемақы да тағайындалады.
kyzylorda-news.kz