Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төртінші тоқсанда қандай өзгеріс болады?

Төртінші тоқсанда қандай өзгеріс болады?

Қазақстанда 1 сәуірде мектептерде төртінші тоқсан басталады. Оқушылар саны 300-ге дейінгі мектептер штаттық режимде оқиды. Ол жерде бала саны 25 адамнан аспауы қажет. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Төртінші тоқсанда енгізілген өзгеріс – коронавирустың таралуы бойынша "жасыл" және "сары" аймақта тұрған өңірлерде аралас оқыту форматы ұсынылатын болады. Сонымен қатар бұл жағдайда қатаң санитарлық талаптар сақталуы қажет. Білім басқармалары және әрбір мектеп әкімшілігі талаптарды сақтау бойынша толық жұмысты ұйымдастыруы қажет", - деді Каринова.

Сондай-ақ, әлеуметтік арақашықтық пен оқушы, мұғалімнің жеке гигиенасын сақтау мәселесіне басымдық беріледі.
"Оқушылардың науқастанып қалған жағдайда немесе науқаспен қарым-қатынаста болған жағдайда қашықтан оқу мүмкіндігі сақталады. Мектеп асханаларының жұмыс істеуі жергілікті санитар дәрігерлермен бірлесіп шешіледі. Әр мектеп өз мүмкіндіктеріне (кабинет саны, мектептің ерекшелігі т.б) байланысты қай сабақты қашықтан, қай сабақты штаттық режимде оқытуды өзі шешеді", - деді вице-министр.
Оның сөзінше, негізгі пәндерді мектепке келіп оқыту, ал ән-күй, сызу, еңбекке баулу, құқық негіздері, кәсіпкерлікке қатысты пәндерді қашықтан оқытуға болатыны туралы ұстанымдар берілді.

"Әрбір сыныпта 15 баладан аспауға тиіс. Сабақ ұзақтығы 40 минутқа созылады. Бірнеше өңір "қызыл" аймақта тұр. Ол жақта 1-5 сыныптар, 9, 11 сыныптар аралас форматта оқиды. Басқа сыныптар қашықтан оқу форматында білім алады", - деді ол.

Ал кезекші сыныпта оқитын балаларға мектепке таза, ұқыпты киіммен келу қарастырылған.

31 наурыз 2021 ж. 352 0