Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғын үй өрті неге толастамай тұр?

Тұрғын үй өрті неге толастамай тұр?

2021 жылдың ақпан айын тарих қойнауына аттандырдық. Әдетте аязымен есте қалатын бұл айдың биылғы мінезі қандай болды? Елдің есінде несімен қалды? Жаңалықтар жадымызға нендей оқиғаларды жаттатты? Халықты елең еткізгені қайсысы?
Ақпанның соңғы күндерінің бірі. Көгілдір экран мен ғаламторда тағы бір жаға ұстатарлық жағдай жарияланды. Яғни 27 ақпанда сағат 18.35- те Түркістан облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің «103» пультіне Түркістан қаласында жеке тұрғын үйінде иіс тиген 5 адам, оның ішінде 4 кәмелетке толмаған бала табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Үйде өрт белгілері табылған жоқ. «Үйде табиғи газбен жылыту орнатылған» деген хабар көпшілікті үрейлендіріп тастады. Бір отбасының 5 адамы ажалдың құшағында кете барды. Себеп не? Әрине, тағы да сол жылу маусымындағы жайсыздық.
Иә, мұндай дерек, тұрғын үй өрті оқиғасы неге жиілеп кетті? Биыл жыл басынан бері республикамызда 2000-нан аса өрт оқиғасы тіркелген. Бұл ретте өкінішті жағдайдың аймағымызда, ауданымызда да болғанын айтып өту керек. Өткен сандарда жарық көрген мақалада айтып өткеніміздей, аудандағы тұрғын үй өрті оқиғасынан адам шығыны орын алмаса да, тұрғындар үшін айтарлықтай шығын алып келгені жасырын емес.
Ал 28 ақпанда таңғы 03.30-04.00 шамасында Арал қаласында орын алған өрт оқиғасы жайлы Асхат Құрманов:
– Мен вахталық режимде жұмыс істеймін. Өзім жұмыста болғанмын. Үйде әйелім мен төрт балам болды. Абырой болғанда, барлығы дін аман. Үйді жалдап тұратынбыз. Газ желісі кіргізілмеген. Пешпен жылиды. Өрт тұтанған кезде барлығын терезеден шығарып алыпты. Қиыны, осындай кезде баспанасыз, қажетті заттарсыз қалуымыз болып отыр. Өрттің шығу себебін анықтау барысында тоқтан ақау шыққандағы себеп, – деді телефонмен сөйлескенімізде.
Киімсіз, мүліксіз қалған отбасының жағдайын естіген жұмыстастары қолдан келгенше көмек жасаса, аудан тұрғындары мен жомарт жандар да барынша қолдау беруге әзір.
Расында, жоғарыда біз атаған жағдайлардан бөлек те қаншама оқиға орын алды. Бұған не себеп? Тұрғындардың салғырттығы ма, әлде бүтіндей бір отбасының қызыл жалынның арасында қалуына себепші өзге жағдай ма? Жылу маусымы кезінде түрлі қайғылы оқиғалардың орын алуына әркім өзінше болжам жасайды. Бірі жауапты орындарды, бірі өзге жағдайларды. Мәселен, осыдан бір апта бұрын ғана ұйытқып соққан желдің әсерінен көгілдір отынды пайдаланып отырған отбасылар газ пештерінің жиі сөніп, соның салдарынан көптеген қиындықтар туындағанын айтуда. Иіс тиіп қалу қаупі де болды дейді. Расында, тиісті мекемелер тарапынан қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Осы жайында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ҚӨФ Арал аудандық газ шаруашылығы мекемесінің директоры Әділхан Алдановпен тілдестік. Әңгімелесу барысында:
– Қыс мезгілі өртке қауіпті уақыт екені белгілі. Әр тұрғынның, әр үйдің қауіпсіздігі біздің де жауапкершілігімізге жатады. Сондықтан салғырттық танытпау міндетімізге айналған. Қазіргі таңда Арал қаласы мен Жақсықылыш кентін қоса алғанда, барлығы 7244 тұрғын үйге газ желісі тартылған. Мұнан бөлек, 250 мекеме мен әлеуметтік нысандар көгілдір отын тұтынып отыр. Жылу беру маусымында олардың қауіпсіздігіне жауапты мекеме ретінде жаз айларынан бастап дайындық жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда да ол жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ҚӨФ Арал аудандық газ шаруашылығы мекемесі мен «Алау газ» ЖШС арасындағы келісім бойынша жыл сайын көлемді жұмыстар істеледі. Биыл «Алау газ» ЖШС тарапынан 3629 тұрғын үйге пайдалану актісі берілген. 841 үйдің мұржасы тазаланды. Мұржаның бітіп қалуы да өртке қауіпті екені белгілі. 6613 үйге түсіндірме парақтары таратылды. Сондай-ақ 2 рет халықпен кездесу өтіп, аудандық «Толқын» газетінде 2 мәрте мақала жарияланды. Аудан әкімдігінің фейсбук парақшасына 11 рет, инстаграмм парақшасына 8 рет хабарландыру салынды. 4 рет көшені аралап, дауыс күшейткішпен тұрғындарға қауіпсіздік ережесін сақтау ескертілді. Бірақ 1002 тұрғын үй «Алау газ» ЖШС-мен арада жасалатын келісімшартқа қол қоймай, қарсылық білдірген. «Сақтансаң – сақтайды» деген ғой. Сондықтан алдағы уақытта осындай қарсылықтар болмаса екен деймін, – деді.
Сонымен қатар жоғарыда айтылған газ пешінің сөну жағдайы да тұрғындар тарапынан кеткен қателік. Мұржа әдетте стандартты көлемде жасалады. Бірақ орнатқан кезде сол моржаның ұзындығына да мән берген жөн. Мұржа қысқа болған кезде қатты желдің салдарынан газ пеші өшіп қалады. Бұл жайлы да тұрғындарға үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келетінін жеткізді Әділхан Шанжарханұлы.
Иә, көгілдір отыннан келетін қауіп қай уақытта да түсіндіріліп келеді. Бірақ өрттің шығуына өзге де себептер жетерлік. Бұл жайында Арал аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мұрат Жиенбаев:
– Тұрғын үй өрті қашанда қауіпті. Әсіресе қыс мезгілінде оның қаупі еселене түседі. Биыл жыл басынан бері 6 өрт оқиғасы тіркелсе, соның 5-еуі тұрғын үйден шыққан. Жалпы, көрсеткішке сүйенетін болсақ, бұл көрсеткіш былтырғы жылдың алғашқы екі айымен салыстырғанда 16,7%-ға өскен.
Қауіп оттан да, тоқтан да, газдан да келуі мүмкін. Мәселен, 2-3 күнге үйін жауып, қыдырып кеткен адамдар тіпті жарықты жағуда да абай болу керек. Өйткені үйде жиналып қалған газдан да өрттің тұтанып кетуі мүмкін. Бұл – ең қарапайымы ғана ереже. Қыстың кезінде қырауланған тоқтың өзі үйді қазыл жалынға орайды. Сондықтан сақтану керек. Арнайы мамандар сол үшін тұрақты түрде ескертпе жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, мамандар аптасына 3 рет үйлерді аралап, қауіпсіздікті қадағалайды, өртті болдырмау жолдарымен тұрғындарды таныстырады. Сонымен қатар былтыр аудан көлемінде пеш жағып отырған аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға көмірқышқыл газды анықтайтын 40 құрылғы орнатылса, осындай құрылғымен 324 үйге тегін қамтылды, – дейді.
Түйін: Иә, тілсіз жаудың қай тұстан тұтанарын болжау мүмкін емес. Десе де сақтықты адам өзінен бастаған жөн. Салғырттықтың соңы сан соқтырып жүрмесін десек, барынша сақтық шараларын ұстанайық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
02 наурыз 2021 ж. 249 0