Қызылорда облысы: Карантин талабын бұзған 137 дерек тіркелді

Бүгінде 45 мониторингтік топ жұмыс істеуде. Топтың құрамына полиция департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, қоғам белсенділері мен еріктілер – барлығы 128 маман жұмылдырылды. Қазіргі таңда карантин талаптары еңбек ұжымдарының барлығында бірдей сақтала бермейді. Әсіресе 8 наурыз, 22 наурыз мерекелеріне орай өткізілген ұжымдық іс-шаралар кезінде карантин талаптарын сақтамаған бірқатар ұйымдар мен мемлекеттік қызметшілерге әкімшілік құқық бұзушылық кодексінесәйкес айыппұлдар салынды, – деді Динара Олжабайқызы.
Сондай-ақ IV тоқсан басталғалы бері 29 карантин талаптарын бұзушылық анықталған. Бұған қоса, халыққа бетпердесіз қызмет көрсеткендігі үшін медициналық және мемлекеттік ұйым қызметкерлеріне де әкімшілік айыппұлдар салынған.
Арнайы мониторингтік топтар карантин талаптарының сақталуын қадағалау үшін күн сайын тексеру жүргізуде. Мәселен облыс орталығының өзінде 1500-ден астам нысан мен тұрғын үй араланды. Оның ішінде, карантин талаптарын сақтамай той және басқа да рұқсат етілмеген мерекелік шаралар жасаған 83 жағдай анықталған. Сонымен қатар 52 нысанға құзырлы орган арқылы әкімшілік шара қолданылған.
Талаптардың сақталуын қадағалау топтың жұмысы болғанымен, барлығын аралау мүмкін емес. Мониторингтік топтардың қызметі жазалау шараларынан тұрмайды. Түсіндіреміз, ескерту жасаймыз. Баршаңыздан карантин талаптарын сақтауды сұраймыз, – деді арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.
baq.kz