Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус індетінен сақтанайық!

Коронавирус індетінен сақтанайық!

Коронавирус індетінің әлем бойынша белең алғанына да жылдан астам уақыт өтті, бұл індеттің салдары адамдардың денсаулығына үлкен зардап алып келді, мемлекет экономикасы шығынға ұшырады. Өткен 2020 жылдың маусым-шілде айларында індет өзінің шарықтау шегіне жетіп, қаншама адам ауырып, ауруханаларда емделді, қаншама адамдар ауруханада орын жетіспей үй жағдайында емделуге мәжбүр болды, қаншама адам аурудың асқынуынан қайтыс болды.
Өкінішке орай, аудан халқының кейбір топтары осы қиын кезеңдерді естен шығарып, 2020 жылдың соңында аурудың сәл саябырлағанына тоқмейілсіп, қайтадан көп адам жинап, үйлену тойы, құдалық, туған күн тойлауды бастап кетті. Жаңа жыл, 8 наурыз, Наурыз мерекелерінде де қыдырыс көбейіп, адамдар сақтық шараларын сақтамай, бұл өз кезегінде аурудың өршуіне әкеліп соғып отыр.
Бүгінгі таңда республика бойынша күніне 1800- 2100 ауру тіркелуде,
ауру тіркелу деңгейіне қарай 2 бас қаламыз бен 4 облыс «қызыл» аймақта,
3 облыс «сары» аймақта, қалған облыстар «жасыл» аймақта. Қызылорда облысы «жасыл» аймақта болғанмен, бір күнде 20-40 ауру тіркеліп отыр.
Арал ауданында да ауру жиі тіркеле бастады, ауданда 3-ші ақпан мен 5 сәуір аралығында 29 ауру тіркелді.
Сондықтан барлық аудан тұрғындарын сақтық шараларын сақтауға шақырамын. Ол қағидалар қарапайым, яғни жиын-тойларды жасамау және бармау, көпшілік жиналатын орындарда, көшеге шыққанда үнемі бетперде тағып жүру, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қолды антисептикпен өңдеу, қолды сабынмен жиі жуу.
Сонымен қатар 13 сәуірден бастап ораза басталатынын ескере отырып, ораза ұстаған адамдарға ауыз ашарды өз отбасында өткізуді, ал сауап алу үшін ауыз ашар жасағысы келген тұрғындарға азық-түлік түрінде ораза тұтқан адамдардың үйіне апарып беруге кеңес береміз.
Коронавирустан қорғанудың сенімді жолы – бұл коронавирусқа қарсы егілу, егу шарасы бүгінгі таңда аудандағы 200 медицина қызметкеріне егілді.
«Жақыныңа жанашыр бол» деген сөздің мағынасына терең үңіліп, көпшілік жиын-тойларға бармай, үйлеріңізге сырттан ауру апармай, отбасы мүшелерін аурудан қорғаңыз!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері
09 сәуір 2021 ж. 524 0