Ауру қайта өршімесін

Бүгінде біз ғана емес, бүкіл әлем халықтарының денсаулығына қауіп төндірген коронавирус дертінің әлі күнге нақты емі табылмай отыр. Бір өкініштісі, салдары өлімге душар ететін бұл аурудың әлемді жайлағанына да жылға жуық уақыт болды. Содан бері адамзат баласы басынан ауыр сындарлы шақты өткеруде. Қауіпті кесел бізді де айналып өткен жоқ. Мыңдаған адам коронавирус жұқтырып, ауруханаларда емделіп шықты. Оларды қараған дәрігерлер өз өмірлерін тәуекелге тікті. Халық үйден шықпай өмір сүруге мәжбүр болды. Әрине қиын. Әсіресе еркін өскен біздің халқымыз үшін төрт қабырғаға қамалу оңайға соқпады. Бірақ болашақ үшін осылай жасау қажет болды. Елімізде төтенше жайдай режимі, кезең-кезеңімен карантин тәртібі енгізілді. Бірақ мұнымен біз аурудан құтылған жоқпыз. Тек көрсеткішті біршама азайттық. Әлі де жұқтырып, одан көз жұмып жатқандар бар. Тіпті соңғы кездері ауру жұқтырғандар саны артты. Қазақстан қауіптілігі жағынан "қызыл аймаққа" кірді.
Осының бәрін ескерсек, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Күнделікті тұрмыста қарапайым сақтық шараларын сақтап жүруіміз керек. Көпшілік жиналатын орындарға барудан бас тартып, үйді жи тазалап, жеке бастың гигиенасын қатаң сақтайтын болсақ, өзімізді ғана емес, жақындарымыздың да денсаулығын үлкен қауіптен арашалап қаламыз.
Бауыржан Момышұлының: «Тәртіптіз ел болмайды,тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзін ешқашан естен шығармауымыз керек. Аз уақыт сабырлық танытып, әрқайсысымыз жауапкершілікті сезінетін болсақ, бұл сынақты да еңсеретін боламыз.
Б. ЖҮГІНІСОВА,
«Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы