Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаперіңізде жүрсін! Сақтық шаралары сақталуы тиіс

Қаперіңізде жүрсін! Сақтық шаралары сақталуы тиіс

Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деп қай қоғам болмасын, қандай жағдай кездеспесін, ең әуелі тәртіптің алар орны ерекше екенін тайға таңба басқандай айтып-ақ кеткен. Бұған дейін ара-тұра ел аузында айтылып, кейбір мақалаларда жазылып жүрген осы бір қорғасын ойдың дәл қазіргі уақытта біздің ел үшін құны алтыннан да қымбат болып тұр.
Бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус біздің елге де салқынын тигізбей қоймады. Наурыз айынан бастап науқастардан алғашқы белгілері анықтала бастады. Бұл қауіптің бізге өте жақын екендігінен хабардар еткендей еді. Мемлекет тарапынан індетпен күреске ауқымды күш жұмылдырылып, қауіпті кеселдің жайылып кетпеуі үшін ел аумағында қатаң тәртіп сақтау көзделді. Төтенше жайдай енгізіліп, карантин талаптарын сақтау міндеттелді. Бұның бәрі халықты сақтандыру үшін қажет болды.
Әрине бәріміз естіп, көріп отырғандай, темірдей қатаң тәртібімен Хансу жұртының төрағасы: «Есігіңді жап, терезеңді қымта, сыртқа аяқ басып шықпа», – деді. Қытай азаматтары айтқанын орындады. Осылайша олар аз уақыттың ішінде аты жаман ауруды жеңіп шықты. Ал Италия жұрты бейқамдық пен салғырттықтың салдарынан ауыр жағдайға душар болды. Еуропа елдері ішінде күніне сырқат табылып емес, сырқаттан көз жұмып жатқандар қатары көп мемлекетке айналып шыға келді.
Бұл сынақ бізге де оңайға соқпады. Наурыз айынан бері аурудың қаһары қайтса да, түбегейлі жойылған жоқ. Бәрінен де дәрігер мамандардың ерлік ісі ерекше болды. Олар күн-түн демей айлап отбасынан жырақта науқастарды сауықтыру үшін аямай тер төкті. Біз әлі күнге бірінші толқынды еңсерген жоқпыз. Бұрынғыдай науқастар мен қайтыс болғандар саны ондап естілмесе де күн сайын әр жерден қылаң беріп жатыр. Бұл арқаны кеңге салатын кезең емес. Бір ғана адамның емес, бүтін бір ұлттың тіпті әлем халықтарының басына қауіп төндірген аурудың әлі күнге емі табылмай отыр. Бір кездері біздің ауданда да ауру қармағына іліккен жандар болды. Мен оларға өз қолыммен ем жасап, жақындарына аман-есен жетуі үшін аянбадым. Өкініштісі, кейбір жандардың өлім құшқандығы.
 Әрине аурудың бастапқы екпіні бәсеңдеп, науқасқа шалдыққандар саны азайды. Дегенмен бейқам тірлікке әлі ерте.
Елімізде карантин шаралары әлі күнге сақталуда. Бұл өзіміз үшін қажет болса да, арқаны кеңге салып, той тойлап жатырмыз. Сол тойда бірлі-жарлы адам ғана бетперде тағып жүр. Көшеде бетпердемен жүрген жандарды сирек кездестіреміз. Тым еркінсіп кеттік. Бұның салдары қиын болуы бек мүмкін. Күз мезгілінің қазан-қараша айлары ауа райының құбылмалы болуына байланысты бұрындары да түрлі вирустардың қозатын уақыты болып саналады. Ал сынақ кезеңінде аурудың кең етек алу мүмкіндігі күшейе түспек.
Сондықтан сақтық шараларын сақтау ең бірінші өзіміз үшін қажет. Күн сайын бір адамның өзі қаншама жерге барады, көпшілікпен  байланысқа түседі. Бұл ауруды жұқтырудың да тиісінше таратудың да ықтималдылығын тудырады. Сол үшін де дәрігер ретінде сақтық шараларын әлі де қатаң сақтауға шақырамын. Ол қарапайым ғана қолды жиі жуу, үй ішін таза ұстау, көпшілік орында бетперде тағынып жүру сынды қағидалар.
Апат айтып келмейді. Бүгінде ел басынан ауыр сынақты өткеруде. Сондықтан әрбіріміз бұл індетпен күресте жеңіп шығуға тиіспіз. Аурудан сақтанудың бір ғана қарапайым жолы бар. Ол – талаптарды орындап, сақтық шараларын берік ұстану. Сол тәртіптен айнымасақ, жақсы күнге жетеріміз сөзсіз.
Жолдасбай Жақсылықов,
«Арал ауданаралық ауруханасының» жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты инфекционист дәрігер
26 қыркүйек 2020 ж. 759 0