Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ІНДЕТТЕН САҚТАНУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ – ТӘРТІПКЕ БАҒЫНУ

ІНДЕТТЕН САҚТАНУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ – ТӘРТІПКЕ БАҒЫНУ

Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деп қай қоғам болмасын, қандай жағдай кездеспесін, ең әуелі тәртіптің алар орны ерекше екенін тайға таңба басқандай айтып-ақ кетті. Бұған дейін ара-тұра ел аузында айтылып, кейбір мақалаларда жазылып жүрген осы бір қорғасын ойдың дәл қазіргі уақытта біздің ел үшін құны алтыннан да қымбат болып тұрғаны даусыз.
Іргеміздегі Қытай елінен басталып, әлем елдерін дүрліктірген коронавирустың салдары біздің елге де оңайға соқпағаны бесенеден белгілі.
Төбемізден төніп келген індетке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл түрде төтенше жағдай режимін жариялап, халықтың денсаулығын қорғау мақсатында кешенді шараларды үздіксіз жүргізіп, ахуалды үнемі назарында ұстады. Бірақ індеттен қорғану - баршамызға ортақ міндет емеспе!? Аурудың ошағы болған Қытай елі бұл дерттен қалай күресті?
Әрине, бәріміз естіп, көріп отырғандай темірдей қатаң тәртібімен. Хансу жұртының Төрағасы: «Есігіңді жап, терезеңді қымта, сыртқа аяқ басып шықпа», – деді. Қытай азаматтары айтқанын орындады. Осылайша аз уақыттың ішінде аты жаман аурудың бетін қайтарды. Ал Италия жұрты бейғамдық пен салғырттықтың нәтижесінде ауыр жағдайға душар болды. Еуропа елдері ішінде күніне сырқат табылып емес, сырқаттан көз жұмып жатқандар қатары көп мемлекетке айналып шыға келді.
Бұл сынақ бізге де үлкен сабақ болды. Қазіргі ахуалдың жақсарып, бірқатар шектеулердің жеңілдегені рас. Дегенмен, бұл індеттің түбегейлі жойылғанын білдірмейді. Беті аулақ, алайда, мамандардың айтуы бойынша алдымызда екенші толқынның орын алуы әбден мүмкін. Одан шығудың ең тиімді жолы біреу-ақ. Ол – тәртіпке бағыну ғана! Бір алаңдатарлығы біздің қоғамда: «Бұл қитұрқы саясаттың кезекті түлкі бұлаңы.», – деп алаңсыз жүргендер әлі де бар екен. Бір емес, осы іспеттес пікірді бірнеше ортада естідім. «Басы ауырмағанның – Құдайменен ісі жоқ», - демекші, кешегі ауыр күндерді ұмытып, жиын-тойды да көбейтіп, сауық-сайран құрғандарға алаңсыз таң қаласың...
«Біздің елде жоқ, бәрі жақсы» деген, әрине, естір құлаққа жақсы сөз. Жасыратыны жоқ, сауықшыл, тойшыл жұртпыз. Арнайы іздеп баратын, келсе, құшақ жая қарсы алатын қонағымыз көп. Бірақ індеттің әлі бар екенін, нақты емі табылмағандығын сәт сайын ести тұра, шектеулерді ұмытып, сақтық шараларына құлақ аспау ең әуелі өзіңе жасаған қастандық емес пе?!
Алты құрлықты елең-алаң күйге түсірген тәжвирустың әлі де қауіпті екені бәрімізді алаңдатуы керек.
Алаңдау – айғай-аттан емес, сабырлық – бейғам отыру емес. Мемлкет басшысының осыған орай жасаған үндеуіне үнсіз бойұсынып, Жарлығына сай амал етпек керек. Үндемей келіп, үйдей пәлені басымызға үйіп кететін күшке ие індеттен сақтанудың бір жолы – уақытша осындай жиын-тойлардан бас тарту. Яғни, тәртіпке бойұсыну. Қасиетті Құран Кәрімдегі «Әмірлеріңе бағыныңдар» деген аятқа дәл осы жолы шынымен де амал жасағанымыз абзал. Өзіңізді, отбасыңызды сақтағаныңыз Отаныңызды сақтағаныңызбен бірдей.
Жамандық шақырғаным емес, қазақы бейғамдықпен: «Әй, құдай сақтасын», - деп тәуекел етіп, аяғында айықпас дертке ұрынып жүрмейік. Соңғы кездері жиі айтылып кеткен «Сақтансаң – сақтаймын!», деген қорғасын ойды санамызда қорытып, амалымызға айналдырайық. Алланың кітабында тағы да: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят).
Ендеше жанашыр туған-туысыңызбен ақылдасып, бір-біріңіздің ойыңызды мақұлдасып, той-жиыныңызды кейінге шегере тұрыңыз. Сонымен бірге, «Инширах» сүресінің 5-6 аятында: «Әрбір қиындықпен бірге сөзсіз жеңілдік бар», - деп қайта-қайта ескертеді.
«Құдайсыз қурай сынбайды», - деген елдің ұрпағымыз ғой, ағайын! Ауруды берген Алланың шипасын да беретініне сенімді болайық. Алғашқы шипа тағы да қайталап айтайын ол – темірдей тәртіп.
МӘЖИТ ӘБІШТЕГІ,
Арал қаласының тұрғыны
09 қыркүйек 2020 ж. 681 0