Аудан тұрғындары назарына: Коронавирус індетінен сақтанайық!

Бүгінгі таңда республика бойынша күніне 1800- 2100 ауру тіркелуде,
ауру тіркелу деңгейіне қарай 2 бас қаламыз бен 4 облыс «қызыл» аймақта,
3 облыс «сары» аймақта, қалған облыстар «жасыл» аймақта. Қызылорда облысы «жасыл» аймақта болғанмен, бір күнде 20-40 ауру тіркеліп отыр.
Арал ауданында да ауру жиі тіркеле бастады, ауданда 3-ші ақпан мен 5 сәуір аралығында 29 ауру тіркелді.
Сондықтан барлық аудан тұрғындарын сақтық шараларын сақтауға шақырамын. Ол қағидалар қарапайым, яғни жиын-тойларды жасамау және бармау, көпшілік жиналатын орындарда, көшеге шыққанда үнемі бетперде тағып жүру, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қолды антисептикпен өңдеу, қолды сабынмен жиі жуу.
Сонымен қатар 13 сәуірден бастап ораза басталатынын ескере отырып, ораза ұстаған адамдарға ауыз ашарды өз отбасында өткізуді, ал сауап алу үшін ауыз ашар жасағысы келген тұрғындарға азық-түлік түрінде ораза тұтқан адамдардың үйіне апарып беруге кеңес береміз.
Коронавирустан қорғанудың сенімді жолы – бұл коронавирусқа қарсы егілу, егу шарасы бүгінгі таңда аудандағы 200 медицина қызметкеріне егілді.
«Жақыныңа жанашыр бол» деген сөздің мағынасына терең үңіліп, көпшілік жиын-тойларға бармай, үйлеріңізге сырттан ауру апармай, отбасы мүшелерін аурудан қорғаңыз!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері