Вакцина кеселдің жолын кеседі
Коронавирус инфекциясы пандемия деп жарияланғалы шектеу көбейді, адамзат өмірі өзгерді, әлем вирус құрсауында қалды. Біз көзге көрінбейтін кеселмен күресті жалғастырудамыз. Десек те, той-томалақ толастамай тұр, сақтыққа әлі де салғыртпыз. Ал, инфекцияның қайта бас көтеріп, өрши түскені байқалады.
Вирус мутацияға ұшырады
Бірнеше ай бұрын ұлыбританиялық штамның шыққаны хабарланды. Вирустың мутацияланған бұл түрі әдеттегі коронавирустан 70 процентке тез жұғады деген дерек бар. Мұнан соң артынша АҚШ-тың Калифорния штатында адам ағзасынан екі штамм бірігуінен пайда болған гибрид коронавирус штамы табылды. Әзірге гибрид штамды жұқтырудың бір ғана жағдайы белгілі. Бірақ, сарапшылар оның тексеруден өтпеген науқастарда жұқтыру дерегі болуы мүмкін деп топшылайды.
Әлемдегі ахуалдың күрделенгенін статистика көрсетеді. Бүгінде 221 елде COVID-тің 130 млн-нан астам жағдайы тіркелген, науқастану өсімі – 0,5. 2,8 млн-нан астам адам қайтыс болды. Қаңтар айында науқастанудың жалпыәлемдік статистикасы біршама төмендегенімен, ақпаннан бастап қайтадан тұрақты өсім байқалды. Франция, Польша, Түркия, Украина сынды жекелеген елдерде 1 млн тұрғынға шаққанда тәулігіне 400-ден 800-ге дейін жағдай тіркелуде.
Елдегі жағдай да мәз емес. Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сай, қазір коронавируспен ауырғандардың тәуліктік көрсеткіші 2 мыңнан асып түскен. Бұған қоса жауапты саланың тізгініндегі Алексей Цой келер айда тағы 370 мың адам COVID жұқтыруы мүмкін деген болжам келтірді. Бұл ретте бір ғана сауал туындайды. Жұқпалы індетті құрықтаудың жолы қайсы?
Жақында осы күрделі ахуалды алға тартқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министріне бір ай ішінде жағдайды түземесе, қызметтен кетуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Президент бұл орайда Қазақстан вакциналау қарқыны жағынан көшбасшы мемлекеттерден әжептәуір артта қалғанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде иммунизация курсын 47 мыңға жуық адам ғана аяқтаған. Оған вакцина тапшылығы себеп. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «Үкімет «Спутник V» бойынша уағдаластық пен отандық вакцина өндірісі елдің вакциналау қажеттілігін толығымен өтейтініне сендірді. Осы ақпараттың негізінде 1 ақпаннан жаппай вакциналау басталатынын жарияладым. Алайда, екі ай ішінде екпе алғандардың саны 0,1%-ке де жетпейді. Енді басқа мемлекет басшыларымен қосымша вакцина жеткізу туралы уағдаласуға тура келеді. Біз жеделдету үшін өзімізге тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз» деген пікір білдірді.
6 млн адам вакцина алады
Ал, сейсенбіде өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин алдағы 3 айда 6 млн адамға вакцина егілетінін жеткізді. Толығырақ тарқатсақ, министрлік вакцинациялау бойынша жоспар әзірледі. Биыл сәуір, мамыр және маусым айы аралығында өңірлерде ай сайын 2 млн адамға вакцина алу мүмкіндігі қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, қыркүйек айында 10 миллионға жуық адамға вакцина салуды аяқтау жоспарланып отыр. Содан кейін ұжымдық иммунитеттің жинақтаушы әсері күтіледі. Бірер күн бұрын Президент те Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салдырды. Бұдан бөлек, бүгінгі күнге дейін елде 194 706 адамға ерікті түрде екпе егілді деген дерек бар.
Ендігі кезекте өңірдегі жағдайға тоқталсақ. Облыста вирус жұқтырудың қарқыны артқан, қазір инфекция жұқтырғандар саны 4198-ге жетті. Оның 3%-і сырттан тасымалданған болса, 56%-і скринингтік тексеру нәтижесінде анықталған, 41%-і қарым-қатынас арқылы жұқтырған. 6 сәуірдің өзінде облыста 39 жағдай тіркелді. Басым бөлігі COVID-19 инфекциясын жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған. Бұл ұжымдарда вирус жұқтыру дерегі көбейген дегенге саяды. Осыған байланысты облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова жұмыс орындарындағы санитариялық-эпидемиологиялық, дезинфекциялық талаптардың орындалуына жіті мән беруді тапсырып, үндеу жариялады.
– Әрбір тұрғын вирустың таралуын тоқтата алады. Бетперде киюді, жеке гигиена ережелерін, қоғамдық орындарда арақашықтық сақтауды қаперден шығармау, дене қызуы көтеріліп, жөтел және тыныс алу қиындаған жағдайда медициналық көмекке жүгіну керек. Халық көп шоғырланатын орындарға баруды, шектен тыс қонақ шақырып, отбасылық мерекелерді тойлауды кейінге қалдыру маңызды. Індетке төтеп беру өз қолымызда, – деді Динара Жаңабергенова.
Сондай-ақ, мамандар індетті ауыздықтаудың тағы бір жолы – жаппай екпе алу екенін айтады. Сандарды сөйлетсек, 1 ақпаннан бастап екпенің 1000 дозасы өңірге жеткізіліп, алғашқы кезеңде ол медицина саласының қызметкерлеріне, педагогтар мен полиция қызметкерлеріне салынған. Бүгінге дейін екпенің І компоненті 7000-нан аса адамға, ІІ компоненті 2623 адамға егілген.
Жалған ақпараттың жазасы қандай?
Десе де, қоғамда әлі де «Екпе ем бе, әлде екпеген жөн бе?» деген екіұдай пікір бар. Бұған дейін әлеуметтік желіде түрлі қауесет, фейк ақпараттар тарағаны да жасырын емес. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаға қатысты фейк ақпаратпен күрес күшейтілетінін хабарлады. Енді елдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты жалған ақпарат таратудың жауапкершілігі қатаң. Денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрғанбай Маханов та қазір екпені ем дейтіндер мен пайдасы кем дейтіндердің таласы тоқтамағанын, алайда алдын алу шараларына бейжай қарауға болмайтынын айтты.
– Коронавирус инфекциясы басқа вирустарға қарағанда азулы. Мәселен, осы уақытқа дейін ғалымдар таралған вирустың барлығын ғылыми жолмен тоқтатқан. Сондықтан екпе ұжымдық имунитетті қалыптастырады деуге негіз айтарлықтай. Кез келген вакцинаны 99 адам жақсы қабылдап, біреуіне кері әсер етуі мүмкін. Бірақ, сол үшін жаппай екпеден бас тарту дұрыс емес, – деген ойымен бөлісті.
«Үрей – дерттің жартысы, сабыр – емнің жартысы, төзім – сауығудың басы» деген ғалым Ибн Сина. Сабыр мен сақтықты, төзім мен тәртіпті серік етсек және әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, бұл күннің артта қалары анық. Локдауннан шығу жолын ертерек ойластырған елдердің тәжірибесін парақтасақ, Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінде, вакцина салдырудан көш басындағы елдерде туризм, сауда, мейрамханалар желісі, шағын және орта бизнес қайта жандана түскен. Осыған қарап, кеселмен күрестің сенімді жолы вакцина деп ашық айта аламыз.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ
syrboyi.kz