Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аруларға сұлулық сыйлаған

Аруларға сұлулық сыйлаған

Қазірде заман ағымына сай кәсіптің де түр-түрі дамып келеді. Әсіресе әйелдердің әсемдігін қамтамасыз ететін жұмыстарды істеп, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қаншама. Нәзік жандылар сұлулыққа құмар келетіні бұрыннан белгілі. Заман өзгерген сайын әсемдікті қамтамасыз ететін түрлі технологиялардың көмегімен табыс тауып жүрген жандар бар. Солардың бірі – Данагүл Аманкелдіқызы.

Әйел адамның басы қосылған жерде сұлулық жайы сөз болмай қалмайды. Бірде сондай басқосулардың бірінде танысым өзінің жасанған қасын көрсетіп, біздің пікірімізді сұрады. Табиғатында сирек қасты ханымның көз үстінде керемет қас пайда болған. Қою күрең түсі де аққұба ажарына сай келіп тұр. Бұл бір жыл сақталатын бояу екен. Қанша жуып жатсаң да бояуы өшірілмейді. «Данагүл деген маман бар соған жасаттым» деді әдемі қастарымен мақтанған әлгі келіншек. Оны көбі таниды екен. Мақұлдай түсті. Бәрі жұмысының тиянақтылығын айтып мақтап жатты. Бірде Данагүлді іздеп бардым. Соңғы бес жылда сұлулық салонының жұмысын дөңгелетіп отырған жас келіншектің бос уақыты жоқ екен. Арнайы сағатқа жазылу керек. Міне, керемет! Тілдесу барысында Данагүл өзінің кәсіпке қалай келгендігі туралы айтып берді.
– Өзім жоғары оқу орнын орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Негізі, қаладағы орта мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істегенмін. Мұғалім бола жүріп, сұлулық салонының жұмысын қоса атқардым. Бірде маған таңдау жасау керек болды. Өйткені екі жұмысты қатар алып жүру қиындық туғызды. Сөйттім де көп ойланбастан қызметімді тоқтатып, сұлулық салонының жұмысына дендеп кірістім. Алғашқы кезден-ақ жақсы табыс таба бастадым. Себебі менің жұмысым ұзақ уақытқа сақталады, –деген Данагүл қазірде тек қас әрлеумен шектелмейтіндігін айтты.
Ол біртіндеп бет тазалау, әрлеу, кірпікті табиғи жолмен өсіру сынды ұзақ мерзімге сақталатын жұмыстарды істеуді меңгереді. Сол арқылы тәуір табыс тауып отыр. Қызметін асқан ұқыптылықпен жасайтын кәсіпкердің тұрақты келушілері бар. Данагүл олардың бәрімен жылы қарым-қатынас орнатқан.
– Қазір көктем мезгілі. Әйелдер қауымы өздеріне қарай бастайды. Уақыт өткен сайын сұлулықты қамтамасыз етіп жүрген біздің саламызда да жаңалықтар көп. Бүгінде қыз-келіншектер, тіпті орта жастан асқан апалардың өзі өздеріне жақсы күтім жасайды. Менің жұмысым әйел адамның табиғи сұлулығын сақтай отырып, оның өміршеңдігін қалыптастырады. Мәселен, бетті тазалау. Қоршаған ортадағы шаң-тозаң, өзге де зиянды факторлардың әсерінен адамның бетіндегі ауа өткізгіш клеткалар бітеліп қалады. Мен арнайы аппараттардың көмегімен сол клеткаларды ашып, бет терісін нәрлендіремін. Ал қазіргі таңда көптің сұранысына ие жылдап сақталатын қас және көз айналасын бояу сынды жұмыстар қыздардың бояуға көп қаражат жұмсамай үнемдеуі үшін таптырмас мүмкіндік. Қызметім үшін көп ақы талап етпеймін. Табысым жұмысқа қажетті заттарды алуға, отбасының барлық шығындарын өтеуге жеткілікті, – дейді Данагүл Аманкелдіқызы.
Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Данагүлдың қызметі де аса мұқияттылық пен дәлдікті талап етеді. Адам бетінің типін ажыратып, оның ажарын аша түсетіндей етіп сәндеу шеберлікті талап ететіні даусыз. Бұл ретте бес жылдық тәжірибесінің арқасында өзіне сенімді кәсіпкер келіншек көптің көңілінен шығып жүр.
–Алдыма келген әрбір әйел заты менің жұмысымнан үлкен нәтиже күтеді. Бастапқыда сенімсіздік білдіріп тұрғанын іштей сеземін. Бірақ мен өз жұмысымды аяқтап, айнаны ұсынғанымда құлпыра түскенін аңғарған арулар ризашылықтарын білдіріп жатады, – деді ол.
Жасыратыны жоқ, тірлікте адам баласы түрлі қызметке жүгінеді. Бұған дейін Данагүлдің істеген жұмыстары тек үлкен қалалық жерлерде ғана болатын. Оның үстіне бәсекелестік жоқ болған соң бағасы да тым қымбат. Қазірде ауданда осындай қызметті ұсынып, халық қажетін өтеп отырған кәсіпкерлер көп. Осыдан-ақ өркениеттің көшіне ілескенімізді аңғаруға болады.

Назерке МАРАТҚЫЗЫ
13 сәуір 2021 ж. 561 0