Тоғжан Кеулімжаева: Шаштараз – менің сүйікті кәсібім
Кәсіпкерлік – көкжиегі кеңейген сала. Экономиканың негізгі күші саналған бұл бағытта істеліп жатқан жұмыстар мен қолға алынған бастамалар жетерлік. Соның бірі – нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша гранттық жобалардың иегері атанып, өз кәсібін бастап жатқан жандар қаншама?! Қатарында нәзік жандылар да жетерлік. Олар үшін қазіргі заман сан-саланы меңгеріп, өз мамандығының мақтанышына болуға жол ашты.
Қазіргі таңда ауданға қарасты ауылдардан да өз кәсібін бастандырып, мемлекеттің қолдауын сезініп келе жатқан жандар бар. Солардың бірі – Бекбауыл ауылының тұрғыны Тоғжан Қанжарбекқызы Кеулімжаева. Ол өткен 2020 жылы мемлекеттік грант иегері атанды. Тоғжанның ұқыпты жасалған бизнес жобасы іске асты. Қолынан өнер келетін келіншектің шаштаразы бар бүгінде. Шаш қысқартудың, бұйралаудың, сәндеудің әртүрлі тәсілдерін меңгеруінің арқасында елге абыройлы қызмет көрсетіп келе жатқан кәсіпкер бүгінде өз бизнесін жолға қойған. Қазіргі таңда ауылдастарына ақылы қызмет көрсетіп, шаш қысқарту мен сәндеудің сан түрлі тәсілін меңгерген маманның алдағы жоспарлары да ауқымды.
– Шаштараз болу – менің сүйікті кәсібім. Сонау 7-сыныптан бастап жеңгелерімнің, құрбыларымның шашын қидым. Осы сала өзіме ұнайды. Бұйырса, осы шаштаразды үлкейтіп ашып, басқа қызметтермен ауылдың пайдасына жарасам деген жоспарым бар. Әсіресе әйелдер қауымына көрсетілетін қызметтердің барлығы өзіме қатты жақын. Өзіме жақын кәсіпті ашуға мүмкіндік жасап, қаржылай қолдаған мемлекетке алғысым шексіз. Керек кәспті қолға алам деген жанды демейтін бағдарламалардың көптеп болғаны жақсы. Алдағы уақытта өз кәсібімді бұдан да ұлғайтқым келеді. Ол үшін тағы да мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінбек ниеттемін, – дейді кәсіпкер Тоғжан.
Бүгінде шаштараз қызметіне сұраныс жоғары. Әсіресе сән салондарының дәуірі жүріп тұр. Нәзік жандылар үшін мұндай қызмет әсте таңсық емес. Шаш үлгісінің тартымдылығы, бет әрлеудегі шеберлік, тіпті тырнақ сәндеудің өзі бүгінде сұлулық әлеміндегі жандардың жан қалауына айналған. Сондықтан бұл кәсіпте шын шеберлер ғана көсіле шабады. Осы бір сенім үдесінен шығуға тырысып келе жатқан Тоғжан Қанжарбекқызы бекбауылдықтардың сұранысына жауап беріп келеді.
– Қазіргі уақытта балалардың шашын 300 теңгеге, ересектердің шашын 500 теңгеге алып жүрмін. Оның ішіне шаш жуу мен кептіру сынды қызметтер қоса кіреді. Бұдан бөлек, нәзік жандылардың шашын сәндеп, беттерін әрлеп беретін кездер де болады. Жалпы, қолдан келетін жұмыс болса бас тартпаймын. Себебі бұл өзімнің осы саладағы кәсіби шеберлігімді шыңдауға көмектеседі. Қазіргі уақытта жұбайым екеуміз үшінші перзентімізді күтіп жүрміз. Алла сәтін салып баламды бауырыма алсам, осы кәсібімді одан әрі де ұлғайтуды жоспарлап жүрмін. Ол үшін еліміздегі бағдарламалар бойынша несие алмақшымын. Қазіргі заман еңбек етемін дейтін жанды құр қалдырмайды. Мемлекеттің өзі соған мүмкіндік жасап тұр. Замандастарымды соны ұтымды пайдалануға шақырамын, – дейді Т.Кеулімжаева.
Әрине заман еңбек еткендікі. Сол көштен қалмай келе жатқан жандардың қатарынан нәзік жандылардың көптеп көрінуі көңіл қуантады. Кәсіпкер Тоғжан да бұл жолдағы табысты жобасын аяқсыз қалдырмақ емес. Біз оған сәттілік тілейміз.
А.ҚАРАСАЙ