Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бизнес-Бастау» жобасымен студия ашты

«Бизнес-Бастау» жобасымен студия ашты

«Бизнес-Бастау» жобасы арқылы кент тұрғыны жұмыссыздан жас кәсіпкерге айналды. Нарық заманында осындай сөздер қандай жағымды естіледі десеңізші?! Бұл тірліктің осындай жарасымды сәттері, көңіл марқайтар келісті бастамалары көп болғаны жақсы. Мұның барлығы әрине мемлекеттің жастарды қолдап, жұмыссызға жол көрсетіп отырған түрлі бағдарламаларының арқасы. Әйтпесе баяны жоқ тірліктен баз кешіп, болмайтын қиындыққа бордай тозып жүргендер қаншама?!
Жаннан түңілген сондай адамдарды ел қатарына қосып, қолына күрек ұстатып жатқан еліміздегі жобалардың бірі – «Бизнес-Бастау» жобасы. Осындай мүмкіндіктен құр қалғысы келмеген, қолынан іс келетін, өнерге жақын азамат Айдархан Күнтуғанұлы Шүкірбаев бүгінде кәсіпкерлік бағытта арнайы курстан өтіп, Сексеуіл кентінен «Дауыс жазу» студиясын ашты.
Нақтысы, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасындағы екінші бағытының «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру туралы» тетігі бойынша «Бизнес-Бастау» жобасының кәсіпкерлік бағытында курс оқып, 555000 теңге қаржыға ие болған жас кәсіпкердің сирек істі қолға алып, оның толыққанды жұмыс жасауы үшін қосымша өз қалтасынан 150 мыңдай қаржы шығарған. Осылайша, жалпы құны 680 мың теңгені құрайтын дыбыс жазу студиясын ашып, өнерлі жастардың қолдауға бел буған азаматтың бүгінде алға қойған арман-мақсаттары да жоқ емес.
– Өзім жастайымнан өнерге жақын болдым десем болады. Сонау мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ән айтып, өнер көрсеткен жандарға қызыға қараушы едім. Бойымдағы өнерді тұншықтырғым келмейді десем де болатын шығар. Сол себепті де осындай студия ашып отырмын. Бұл – менің рухани демалып, жан сарайымды жадырататын бірден бір орын. Мен осы студияда ән әрлеу арқалы шаршағанымды басамын. Қазіргі уақытта осы Сексеуілде тұрып жатқаныма 3 жылдай уақыт болды. Бұл жақта та өнерге жақын, жүрегі ән деп соғатын жастар бар. Қазіргі уақытта солармен жұмыс істейміз. Түрлі байқаулар мен кәсіби шығармашылық бағытта да әндерді әрлеп жүрмін. Өзіме осы жұмысым ұнайды, – дейді жас кәсіпкер Айдархан.
Айдархан жастайынан өнерге жақын жүрді. Бұған дейін облыс орталығында ағасының жанында жүріп өнердің байыбына барып, оң-солын бағамдады. Арасында ән салып, киелі өнерді сахна төрінде дәріптеп жүрді. Өз ісіне шынайы ықыласымен берілген азаматтың арман жолындағы қолға алған істері оңынан келеді. Жеке кәсіпті бастау айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде оған шынайы кірісіп кету қиындау. Айдархан бұл жолда ештеңеден тартынбады. Жаны қалаған кәсіпті бастауда арнайы курстан өтіп, грант иегері атану үшін өзі қолға алған жобаны соңына дейін қорғап шықты. Қолынан іс келетін, ертеңге деген үміті зор азаматтың осылайша кәсіпте жолы болды десек болатын шығар.
А.Қарасай
08 желтоқсан 2020 ж. 414 0