Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ –2021: Өзгерістер мен жаңашылдықтар

ҰБТ –2021: Өзгерістер мен жаңашылдықтар

Мектепті тәмамдап, сан түрлі мамандықты таңдап, белгілі бір кәсіптің маманы атануды мақсат еткен түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Бұл әрбір оқушы, ұстаз, ата-ана үшін де үлкен сын. Осы тұрғыда биылғы ҰБТ-ның бұрынғыдан өзгешелігі мен артықшылығы, қандай мүмкіндіктер қарастырылғаны туралы тоқталсақ.
Осы турасында Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов 2021 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне енгізілетін жаңашылдықтарды атай келе: "ҰБТ-да мектепте алған білімін бағалау емес, жоғары оқу орнына түсерде өзі таңдаған мамандығы бойынша білім алуға деген дайындығын бағалау маңызды" деген болатын.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу алғаш рет электронды форматта өтеді. Мемлекеттік білім грантын тағайындау туралы конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Тестілеуге қатысу үшін өтінішті https://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады.  Ал тіркеу онлайн режимде жүргізілетіндіктен, құжат пен фотосурет талап етілмейді. Биылғы тесттің ерекшелігі – тестті қай күнде, қай уақытта және қай жерде тапсыратынын оқушының өзі таңдайды. Бұрын талапкерге ҰБТ кітапшасының қағаз нұсқасы мен жауап парағы берілетін болса, енді үміткер тестті тек компьютер арқылы ғана тапсырады. Электрондық тестілеу форматы ашықтықты қамтамасыз ететіндіктен, бұл оқушыларға ыңғайлы әрі тиімді. Сонымен бірге бұрын тестілеу қорытындысын шығарарда жауап парағы тиісті деңгейде боялмаса, ұпай санына әсер ететін еді. Тестілеудің бұл форматында оқушылар жауап парағын толтыруға уақыт жұмсамай, бұл уақытты тест тапсырмаларын орындауға пайдалана алады. Тағы бір артықшылығы, нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тест тапсырғаннан кейін экранға бірден шығады. Оқушы нәтижемен келіспеген жағдайда, сол күні 30 минуттың ішінде апелляцияға бере алады.
ҰБТ-ны әдеттегідей 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша тапсырады. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 20 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырмадан тұрады. Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады. Қатысушылар тапсырманы кез келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ тест аяқталғанға дейін оқушы жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарын түзетуіне болады. Талапкерге тағы бір көмек, ол – тест барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелерінің болуы.
Сонымен бірге оқушылардың жағдайын ойлау мақсатында тесттің 60 минутынан кейін қатысушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.
Сондай-ақ биыл коронавирус пандемиясына байланысты санитарлық талаптар сақталады: оқушылар бетпердемен кіргізіліп, әлеуметтік қашықтық сақталады. Бұрын баласы тест тапсырып жат­қанда ата-анасы мектеп ауласында сағаттап күтетін. Ал қазір санитарлық талаптарға сәйкес ұстаздар мен ата-аналарға ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады. Алайда олар тестілеудің қалай өтіп жатқанын аудиториядан бейнебайланыс арқылы көре алады.
Ал осы электронды тестілеуге өңір түлектерінің дайындығы туралы білу үшін аудандық білім бөлімінің мамандарына сауал қойған едік.
– Биыл аудандағы 11 сыныпты бітіргелі отырған  37 орта мектептің 873 оқушысының 614-і ҰБТ-ға қатысуға үміткер болып отыр. Электронды түрде өтініш қабылдау жұмыстары әлі де жалғасуда. Биылғы тестілеуде оң өзгерістер мен өзгешеліктер көп. Тестілеудің электронды форматы «Бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» принципі бойынша тестілеу компьютерлермен жабдықталған «U-FUTURE» ЖШС объектілерінде өткізіледі. Қазіргі таңда облыс бойынша 4 пункт осындай арнайы жабдықтармен жабдықталған. Аудан мектептерінің түлектері тестілеу тапсыруға Қазалы ауданы №249 мектеп базасы таңдалып алынған. Қазіргі таңда бұл объектінің күнделікті бір мезетте тестіленушілерді қабылдау лимиті – 100 орын.
Тағы бір ерешелік,  11 сәуірден 30 маусымға дейін түлектер ҰБТ гранттық конкурсына қатысуға 2 рет тест тапсыра алады. Екі тестілеудің нәтижесі бойынша ең жоғары алған балмен гранттық конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болады. Осыған орай, аудан мектептерінің ҰБТ-ге қатысатын оқушылары бірінші тестілеуге 2021 жылдың 6-16 мамыр аралығында және екінші тестілеуге 2021 жылдың 11-20 маусым аралығында тапсырады деп жоспарлануда, – дейді ау­дандық білім бөлімінің әдіскері Жәнібек Әлжанов.  
Бала шақтан болашаққа ұмтылғандардың жалғыз арманы  – Ұлттық бірыңғай текстілеуден сүрінбей өту. Үлкен сынаққа  қадам басып,  оң нәтижеге үміт артып отырған әрбір түлектің жоғары деңгейден табылуы мұғалім, ата-ана, мектеп, тіпті аудан үшін үлкен мәртебе. Сондықтан биылғы мектеп бітіруші түлектерге осынау 11 жылдық білім сыналар сәтте сәттілік серік болсын дейміз.
Күлдәрі МАХСҰТ 
21 сәуір 2021 ж. 505 0