Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Індетті ауыздықтаудың сенімді жолы

Індетті ауыздықтаудың сенімді жолы

Адам денсаулығы – бәріміздің және мемлекетіміздің ең басты, ең бірінші байлығы. Өткен жылдан бері дүние жүзіне жайылған коронавирус инфекциясы біздің елімізді де айналып өтпеді. Бүгінде коронавирусқа қарсы екпе салдыру жалғасып жатыр. Қызылорда облысы «қызыл» аймаққа еніп, індетке ілінгендер қатары артып отырғаны көпшілікті алаңдатып отыр.
Ортамызды ойсыратып, жақындарымызды алып кеткен індеттен кейін бүгінгі таңда тұрғындарға екпе салдыру жұмысы да ең өзекті мәселеге айналды. Вакцина салдыру немесе салдырмау туралы көп ойландым деп айта алмаймын. Оқытушы болғандықтан көпшіліктің арасында жүреміз. Сондықтан өзімнің денсаулығымды ойлап, вакцина салдыруға келісім бердім. Екпенің алдында терапевт дәрігер дене температурасы мен қан қысымымды өлшеді. Дәрігер вакцинадан кейін үш күн ішінде су тигізуге, шомылатын орындарға, моншаға баруға және алкогольді ішімдіктер ішуге болмайтынын, вакцина алған адам өзін-өзі күтіп, ауыр күшті қажет ететін жұмыстарды істемеуі керектігін, бұл шарттар орындалмаған жағдайда екпе кері әсерін беруі мүмкін екендігін ескертті.
Вакцина алғаннан кейін жарты сағат дәрігерлердің қарауында болдым. Екпеден кейін ешқандай ауырсыну байқамадым. Қазіргі жағдайым жақсы. Енді жиырма бір күнге толған соң, екінші компонентпен екпе салдырамын. Вакцина алғаннан кейін, көпшілік орынға бармауға тырысып, бетперде тағып, барлық сақтық шараларын жалғастыруымыз керек. Бұл – індеттің алдын алудың жалғыз жолы. Сондықтан өз денсаулығы мен отбасы, болашағы үшін алаңдайтын әр жанға вакцина салдыруға кеңес беремін.
С. АЙМОЛДАЕВ,
№231 орта мектебінің мұғалімі
22 сәуір 2021 ж. 658 0