Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұз – табиғат сыйы

Тұз – табиғат сыйы

Тұз – ағзаның дұрыс және толассыз түрде қызмет етіп отыруына арналған қажетті компонент. Ас тұзсыз адамзаттың тіршілігін елестету қиын. Адам организмінде тұздың жеткіліксіздігі жалпы денсаулық жағдайына әсер етеді. Тұзды қажетсінуіміз ауа мен суға зарығуымызбен бірдей. Табиғатта галит минералы (тас тұзы) түрінде мұхиттар мен теңіз, сондай-ақ көл және жер асты суларының құрамында кездеседі. Тұздың тамақ дәмін келтіруден басқа көптеген пайдалы тұстары бар екен...

Тұздың шығу тарихы                  
         Ежелгі адамдардың тұзды ең бірінші қай елде, қай кезде пайдаланғаны белгісіз. Орталық Еуропада шамамен алғанда тұзды пайдалану біздің жыл санауымыздан 3000 жыл бұрын, Таяу Шығыста одан көп ерте – 8000 жыл шамасында басталса керек. Ежелгі дәуірде әр ел тұзды әр түрлі әдіспен өндірген. Гректер мен римдіктерге осы «өмір эликсирін» өндіру қиынға соқпады, себебі олар дүниедегі ең мол тұз көзін пайдаланады. Олар теңіз жағасының суын ағызып бөгеп, тұз бассейндерін жасады. Бассейндердегі теңіз суы күн сәулесінен буланып, сарқылып, шұқанақ түбінде тұз шөгетін. Ежелгі Мысырда тұз өте көп пайдаланды, себебі қайтыс болған фараондар мен жоғарғы билікті мырзалардың тәнін бальзамдайтын әдеп-ғұрпы болатын. Оған тұз керек. Мысырлықтар тұзды Ливия шөлінің көлдерінен өндірді. Тұз көл суының буланып, сарқылуынан түзілді. Ніл бойын мекендеген қайсыбір тайпалар денесіндегі тұз кемістігін толтыру үшін малдың сортаң қанын жұтқан.
Арал тұз кендері
Арал тұз кендері – Арал теңізі алабындағы түбіне тұздар шөккен көлдер. Тұз кені негізінен Болғасынтұз, Қорғантұз, Жақсылықыш, Кшікенетұз, Бұғажайлы (Арыс көлі),  Қаратұз ойпаттарындағы көлдерде орналасқан. Мемлекеттік қолдау мен жаңа технологияның арқасында Аралдағы тұз өндірісі жаңа сатыға көтерілді. Отандық нарықты ас тұзымен қамтушы бірден-бір кәсіпорынның қуаттылығы бірнеше есеге артты. 90 жыл түгесілмеген тұзды көл. Аралдың ақ алтынына баланған Қазақстанның бренді іспетті отандық өнім алыс-жақын шетелдерге шығарылуда. Бұл – Жақсықылыш кенті маңындағы ақ алтынның кеніші. Ғасырға жуық қазылса да, табиғи байлық қоры өздігінен толыға түсуде. Шикізат тәулік бойы тынбайтын үш цехта өңделеді. Соның екеуі ең озық дейтін испандық технологиямен жабдықталған. Биыл «Аралтұз» АҚ-ның «Үшінші испан цехын салу» жобасы пайдалануға беріледі.
Барлық өндірілетін ас тұзының 1/3 ғана тағамда пайдаланылады. Бір адамның тәуліктік нормасы 15 грамм шамасында: 5 грамм тамақтың өз тұзы, 10 грамм дайындалатын асқа қосылған тұз. Әр адам бір жылда 5-6 кг тұз жейді екен. Медициналық тұрғыдан қарасақ, тұз қышқылы ішкен-жеген тамақты ыдыратып, оның денеге сіңуіне мүмкіндік береді де, натрий бұлшық ет пен нервімізге сіңеді, сүйек пен шеміршек құрамына кіреді. Тұз ерітіндісі денедегі әрбір клеткадағы сұйықтың «ағысын» реттеп тұрады.
Тұз химия өнеркәсібінде аса маңызды шикізаттардың түріне жатады. Химияда хлорлы натрий, сода, хлорлы известі, спиртті, таза металдарды өндіруге пайдаланылады. Ауыл шаруашылығында малға жем, шөп сүрлегенде пайдаланылады. Тұз техникада да қолданылады. Тұз ерітінділерімен өңделген жолдар асфальт немесе бетон төселген жолдардан жақсы болатыны белгілі. Ондай жолдар ауа температурасының өзгеруінен бүлінбейді, жауын-шашынды сіңірмейді, батпақтанбайды, не кеуіп шаңы шығып жатпайды, жарылып бұдырланбайды. Тұздан ұшақ ұшып қонатын жол да жасалғаны белгілі. Ас тұзы тұманды сейілту үшін де қолданылады.
Тұз 1500 түрлі өнеркәсіп өнімдері мен бұйымдарын жасауға пайдаланылады, себебі ол басты шикізат болып саналады.

Тұзды тұтынудың мөлшері бар ма? Пайдасы мен зияны қандай?

Жоғары санатты дәрігер, Шығыс медицинасын зерттеуші, "Қазақ емшілігі" көп томдығының авторы Қайрат Айдархан:
– Тұз дегеніміз – хлорлы натрий. Егер белгілі мерзім ішінде тұз тұтынбаса, су адам денесіндегі кальцийді шайып кетеді. Ас тұзы адам денесіндегі кальций, калий минералдарын ерітіп, ағзаға сіңіреді. Егер үнемі тұзсыз су ішсе, аталған минералдар суға еріп, денеден шығып кететіндіктен кальций азаяды әрі қандағы гемоглобин төмендейді. Адам әлсіреп, буыны құриды. Тұз – натрий хлориді деп аталатын химиялық зат. Натрий – жүйке жүйесі дұрыс жұмыс істеу үшін және бұлшық еттердің тартылуы үшін қажет, минералдарды сақтап тұрады. Хлор – асты қорытуға көмектеседі және асқазан мен ішек сөлдерінің маңызды құрауышы болып табылады. Натрий хлориді – ағзадағы сұйықтықтың теңгерімін сақтап тұруға көмектеседі. Оттегін тасымалдауға жауап береді және қоректік заттардың сіңуіне атсалысады. Ауру туғызатын микробтарды жояды немесе қызметін баяулатады, – дейді.
Тұздың зияны оны көп мөлшерде тұтынғанда байқалады. Ол организмдегі жолдарды бітеп, сұйықтық ағзадан шыға алмайды. Соның салдарынан ісіну пайда болып, натрий хлоридінің қалдықтары жинала береді. Натрий қан қысымын көтереді. Ол гипертония ауруында денсаулыққа зиянын тигізеді. Ауру асқынған жағдайда, адам инсульт алуы мүмкін. Тұзды көп мөлшерде қолдану бауыр, бүйрек, жүрек ауруларына әкеліп соғады. Егер біраз уақыт тұздан бас тартар болсаңыз, дәм сезу сезімталдығы, тағамның табиғи дәмін сезу қабілеті қалпына келеді.

         Тұз туралы аңыз, халық медицинасы не дейді?

         Неше мың жыл бұрын өмір сүрген ғұн, түркі бабаларымыз тұзды тастамай ала жүрген. Тіптен, Шыңғыс ханның сардарлар мен сарбаздарының қалтасында тұз жүретіні аңыз болып айтылады. Ендеше тұздың не кереметі, қандай пайдасы бар? Шығыс халықтарында тұзды пайдалану, тұзды тамақ және шай ішу дәстүрі әлі күнге дейін сақталып келеді. Мәселен, Қытайдағы және Монғолиядағы қандастарымыз шәйді тұзбен ішуді әлі сақтап келе жатыр.
"Дәм-тұзың таусылмасын" деген сөздің мәнісі
"Дәм-тұзың таусылмасын" деп айтылатын бата-тілектің мағынасын дұрыс түсіну керек. Дәмнің таусылуы – адамның өмірден өткенін білдіреді. Ал тұздың таусылуы – адам қуатының таусылғанын білдіреді екен.
Тұзды үзіліссіз тұтыну  түрлі микробтар мен бактериялардың, вирустардың ауру әкелуіне тосқауыл жасайды әрі денедегі түрлі сұйықтықтарды сақтайды, ісік ауруларына ұшырамаудың алдын алады екен. Сонымен бірге әр күні тұтынған ет-май, сүт өнімдері де қуаттың сақталып тұруына әсер етеді. Шығыс халықтары тұзды киелі санайды. Тұзсыз тамақ тұтынбайды. Тіптен, қытай, жапон халықтары су ішіп отырғанда да қасында тұзды салат болады екен.
Сондай-ақ, тұздың мал шаруашылығы саласында да маңызы зор.  Малға да бір ай тұз бермесе, күйі кетіп қалады. Малшылардың айтуынша, тұздың малға пайдасы көп. Біріншіден, мал тұз жемесе семірмейді. Ішкен-жегені жұқпай, тез арықтайды. Екіншіден, ауруға тез шалдығады. Бір ай тұз жемеген малдың мұрнынан маңқасы ағып, күркілдей бастайды. Үшіншіден, тұз жемеген малдың еті су татып, дәмді болмайды. Керісінше, ащылаған малдың айызы қанып тұз жесе тәбеті артып, тез семіреді. Ауруларға да көп шалдықпайды. Еті тығыз, дәмді болады.

Тұзбен емдеу тәсілдері өте көп

Осы тұрғыда дәрігер маман Қ.Айдархан:
– Тұздың киесі туралы адам ағзасына әкелетін өте көптеген пайдасына байланысты айтылса керек. Мысалы, жаңа туылған сәбиді 40 күн тұзды суға шомылдырады. Сонда баланың терісі тез ширап, түрлі тері ауруының алдын алады. Сонымен бірге денедегі судың сақталып тұруына ықпал жасайды. Ал ревматизм аурулары табандарына тұзды қыздырып  басса, жақсы болады. Адам денесіндегі сынықты таңғаннан кейін, түйенің шудасына қара тұзды талқандап, оны тұзды суға шылап 7 күн тартады. Сонда сынған жерде суық қалмайды және кейін сары су тұрмайды. Тұзды лайықты тұтынған адамның денесі – бұлшық еттері қартайғанда салбырамайды, жиналып тұрады. Ауызды тұзбен шаю, аяқты, басты және денені тұзбен үнемі жуып тұру түрлі аурулардың алдын алатыны белгілі,– дейді.
Ана сүтінде де тұз болады. Нәрестеге қажетті тұз ана сүті арқылы баратыны ғылымда дәлелденген. Кей адамдар көз тиіп ауырғанда отқа тұз салып, ұшықтайды. Кей түркі халықтарында үйленген жасты тұзбен аластау дәстүрі әлі сақталып келеді. Сол секілді "тұзды баспа", "тұзды шашпа", "астың дәмі келмейді тұз болмаса, үйдің сәні келмейді қыз болмаса" деп айтады. Қазақта тұзды төгіп қойсаң, өмірің ащы болады, тұзды тегін берсең, ұрыс-керіске тап боласың деген ырым-тыйымдар да бар.
Түйін: Ас тұзы ежелден бері қазақ медицинасындағы кең қолданылатын минералды дәрілерге жатады. Тұз – қырық аурудың емі. «Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ» дегендей, қазіргі заманда химикат дәрілер көбейіп жатыр. Олардың адам ағзасына тигізетін зияны көп. Минералды дәріні пайдалану денсаулықты сақтаумен бірге қазіргі нарықтық заманда отбасылық қаражатты үнемдеуге көмектеседі. Ас тұзы –  адам үшін азықтың қайнар көзі.Ас тұзы жанға шипа, дертке дауа болады.Оны-тіл көзден сақтау үшін, терінің тез жазылуы үшін, үй ішін аластау үшін, қаншама сырқатқа қарсы қолдануға болатынына көзіміз жетті. Қолдағы "ақ алтынды" қадірлей білейік.Өйткені тұз – табиғат сыйы.

К.МАХСҰТ 
22 мамыр 2021 ж. 5 349 0