Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл азық-түлік бағасы қай өңірде айтарлықтай өсті?

Биыл азық-түлік бағасы қай өңірде айтарлықтай өсті?

Дүниежүзі бойынша азық-түліктің қымбаттауы кейінгі 10 жылдың рекордтық көрсеткішіне жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты.
Азық-түлік бағасының өсуі бүкіл әлемде байқалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы құрылымының деректеріне сәйкес, биылғы мамыр айындағы бағалар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40% өскен. Бұл кейінгі 10 жылдың рекордтық көрсеткіші болып отыр, – деді министр.

Оның айтуынша, бағаның қымбаттауы көршілес елдерде де байқалады. Мәселен, Ресеймен салыстырғанда Қазақстанда көптеген тауар бойынша баға өсімі төмен.

Өкінішке қарай, әлемдік нарық бізге де әсер етті. Бірақ, бізде ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігіне әкелетін қосымша проблемалар байқалады, – дейді Бақыт Сұлтанов.

Айта кетейік, биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының айтарлықтай қымбаттауы Түркістан облысында – 9,4%, Нұр-Сұлтанда – 8,5% және Алматыда – 6% тіркелген.

Бағаның ең төмен өсімі Батыс Қазақстан облысында – 5,7%, Ақмола облысында – 5,6% және Қарағанды облысында – 5,2% байқалады.

baribar.kz
10 маусым 2021 ж. 470 0