Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыз балаға гүлді көйлек кигізу керек, себебі...

Қыз балаға гүлді көйлек кигізу керек, себебі...

Бала тәрбиесі өте күрделі мәселе. Себебі, ол – сенің келешегің. Дүниеге келген әрбір баланың болашаққа басқан қадамында, жеке өмірінде ата-ана тәрбиесінің ізі көрініс береді. Қазақ елі әсіресе қыз бала тәрбиесінде аса мұқияттылықпен қараған. Қыз бала – жат жұрттық, ертең ол бөтен жерде, өзге үйдің түтінін түтетеді, ата-анасының тәлім-тәрбиесін өзге жерге көрсетеді.

Келешекте қыз бала бақытты, табысты, тартымды болуы үшін кішкентайынан не үйретіп, қалай тәрбиелеу керек? Қателіксіз, дұрыс жолды таңдауына, алтын уақытын болмашы істер үшін босқа өткізбеуіне қалай көмектесуге болады? Бұл қыз өсіріп отырған әрбір ата-ананың көкейіндегі сұрақ болса керек. Бірақ мұның аса күрделі, қиын ештеңесі жоқ. Бастысы қыз тәрбиесіндегі маңызды кезеңдерде көңіл тоқтатып, зейін қоя білу қажет, дейді ата-аналардың көптеген сұрақтарын жинақтап, саралап көрген мамандар. Егер қыз тәрбиесінде төмендегі қарапайым ережелерді ескерсе, әрбір ата-ана арманына жетуіне мүмкіндігі мол.
Қыз бала ӘДЕМІ болып бойжетсін десеңіз…
Бірінші ереже. Ешуақытта қыз баланың сырт келбетін сынға алып, артық айтуға болмайды, оларды тек мақтан ету қажет. Себебі қыз баланың келешекте жеке өміріндегі сәттіліктер мен өзіне деген сенімділігі мықты болуы үшін өз тартымдылығын, сүйкімділігін сезіну аса маңызды. Сондықтан қызыңыз айна алдына жиі баратын болса, ол үшін ұрысудың қажеті жоқ, керісінше әдемілігін айтып мақтап қойыңыз. Тек ерте бастан боянуға жол бермеңіз. Уақыты келгенде шамалы жеңіл боянып, сән түзеуге бағыт беріп жіберсеңіз болғаны. Әйел баласының нағыз табиғи сұлулығы, боянған түрден әлдеқайда жоғары бағаланатынын, Ішкі жан дүниесінде өзіне сенімді, көңілі толған, бақытты болса, сыртқы тартымдылығы соғұрлым арта түсетінін айтып түсіндіріңіз!
Қыз бала СҮЙКІМДІ болсын десеңіз…
Екінші ереже. Қыз баласына жақсы көретініңізді жиі айтып, құшаққа алып сүйіп қоюды ұмытпаңыз! Себебі ананың балаға деген махаббаты ешуақытта артық болмайды. Қыз бала ата-анасының өзін қалай жақсы көретінін біліп, келешекте қолдау таба алатынына сенімді болуы қажет. Жанына жақын жандрдың махаббатын сезініп, сенімділікке бой алдырған жан, келешекте шынайы мен өткінші, алдамшысезім арасын ажырата алатын болады. Қыз бала өскен сайын оған өзін қадірлеуді, жақсы көруді, ойындағы сөздерін нақты айта білуге үйрету керек. Себебі адам баласы өзіне қалай қараса, айналасы да сондай көзқараспен қарайды. Сондай-ақ тек өзін ғана емес, айналасындағы жандарды да құрметтеуге үйрету керек.Өзгелердің де әдемі, ақылды, өзі секілді жан екенін түсіндіріңіз!
Қыз бала БАҚЫТТЫ болуы үшін…
Үшінші ереже. Қыз өсірген әрбір ата-ана оның өмірінде қызықты, көңілді сәттердің көп болғанынакөңіл бөлу қажет. Яғни қыз балаға болмашыға жиі ұрсып, көңілін түсірмеу керек. Отбасындағы жандардың өзін қорғайтынына, қолдайтынына сенімді болуына көмектесіңіз! Мүмкіндік болса, жиі сыйлық әперіп қуантып қойыңыз. Бірақ айтқанын орындап, еркелікке салынуына жол бермеңіз. Тек жақсы көргеннен әпергеніңізді айтып отыруды ұмытпаңыз! Сондай-ақ қыз балаға мейлінше ашық түсті, гүлді киімдер кигізуге тырысыңыз. Бұл оның көңілінің көтеріңкі жүруіне көп көмектеседі.
АҚЫЛДЫ қыз тәрбиелеймін десеңіз…
Қызды ақылды, саналы етіп тәрбиелеу – бұл төртінші ереже. Өз қауіпсіздігі үшін адамдарды, жағдайды ажырата білуге үйрету қажет. Бұл бірден болатын нәрсе емес. Дегенмен құлағына құйып айта берген соң бала бірте-бірте ненің жақсы, ненің жаман екенін, пайдалы мен пайдасыздың ара-жігін ажырата бастайтын болады. Ол үшін әрбір ана баласына үлгі болуы қажет. Кез-келген істі ұрыс-керіссіз саналы түрде шешуге тырысыңыз! Әсіресе балалардың көзінше достарыңызбен болса да артық ауыс әңгіме айтып, арзан ойын-күлкіден аулақ болған жөн.
Қыз бала МЕЙІРІМДІ және жанашыр болуы үшін
Бесінші ереже. Қыз баланы мейрімділікке, жанашыр болуға тәрбиелеу керек. Жұмыстан келгенде немесе бас ауырып, балтыр сыздағанда, шәй, су, дәрілерді әкелуге, жеңіл-желпі шамасы жететін нәрселерін әкелуге мүмкіндік беріңіз. Қыз баланың табиғатына өзгеге қамқор болу жазылған. Сондықтан кішкентайынан мейірімді, жанашырлықты бойына сіңіріп өскен бала келешекте өз отбасынан да мейірімді аямайтын болады. Егер қызыңыз өзгелерің кемшілігіне күле қараса бірден тиып тастаған дұрыс. Себебі ешкім өзіне кем болайын деп тілемейді, бұл тағдыр ісі екенін түсіндіріңіз! Әрбір болмайды және болады деген сөзіңіздің жанына анықтамасын қоса айтыңыз. Яғни оның не себепті болмайтынын түсіндіру керек. Бала өзгеге ата-анасынан қорыққанынан емес, ішкі жан дүниесімен жаны ашуы керек.
ПЫСЫҚ болсын десеңіз…
Алтыншы ереже бойынша, қыз баланы міндетті түрде үй шаруасына, еңбекке үйрету керек. Әрине балаға артық, қиын жұмыстар жүктеу дұрыс емес. Бірақ күнделікті үй шаруасы келешек ауыр жұмыс секілді көрінбеу үшін, кішкентай кезінен жәймен жұмсап үйрете берген абзал. Тамақ жасағанда, ыдыстарды тасып беру, шаң сүрту секілді жеңіл жұмыстардан бастаған дұрыс. Бұл жерде де ананың қызы үшін бірінші үлгі екенін ұмытпаңыз! Ол анасына қарап бой түзейді.
Қыз бала талантты әрі ТАБЫСТЫ болуы үшін
Соңғы жетінші ереже – қыз баланы белсенді және жан-жақты етіп тәрбиелеу. Қыз баланы кішкентай кезінен биге, қолөнерге, әнге, суретке тағы басқа неге шамалы икемі, қызығушылығы бар, соның бәріне үйрету қажет. Осы арқылы қыз бала психологиялық тұрғыдан да физикалық жағынан да дамитын болады. Физикалық тұрғыдан денесін түзу ұстап жүруді т,б үйренеді (мысалы бимен, гимнастикамен айналысқан жағдайда). Сондай-ақ табандылық, өжеттілік, мақсатына жету секілді мінез кескіндері қалыптаса бастайды. Баланың болашақ мамандығын таңдауда оның ойымен санасу қажет. Балам үшін не жақсы екенін мен жақсы білем, деп өзімбілемдікке салынуға болмайды. Қыз баланы ерекше мейіріммен, махаббатпен өсіріңіз -нәтижесі міндетті түрде қуантатын болады!

ernur.kz
14 маусым 2021 ж. 547 0