Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кемпірқосақ – ерекше табиғи құбылыс

Кемпірқосақ – ерекше табиғи құбылыс

Кемпірқосақты бәріміз де жақсы білеміз. Жаңбырдан кейін көктің жүзіне жеті түстен тұратын доға жасап, құлпырып шыға келер құбылысты қызықтап өстік. Орыстар оны "радуга" деп атайды. Ал біздің қазақ неге "кемпірқосақ" деп атаған? Әп-әдемі құбылыс, неге бұлай аталды екен деген ой кімді болса да мазалайтыны анық...
Кемпірқосақ – аспан күмбезінде түрлі-түсті доға түрінде көрінетін атмосферадағы оптикалық құбылыс. Ол аспанның бір жағында торлаған бұлттан жаңбыр жауып, қарсы жағында жарқырап күн шығып тұрған кезде көрінеді. Кемпірқосақ тікелей түскен күн сәулесінің жаңбыр тамшыларынан өткенде сынып, құрамдас бөліктерге (қызыл, сарғылт, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін) бөлінуінің және тамшы бетінен шағылған толқын ұзындығы әр түрлі сәулелердің дифракциялануы мен интерференциялануы нәтижесінде пайда болады. Кемпірқосақтың айқындығы жаңбыр тамшыларының үлкен-кішілігіне байланысты өзгеріп отырады. Тамшы үлкен болса кемпірқосақ айқын, жарық болып көрінеді. Кейде алғашқы кемпірқосақпен бірге екінші кемпірқосақ қабаттаса көрінеді, оны қос кемпірқосақ деп атайды. Қос кемпірқосақ күн сәулесінің су тамшысына белгілі бұрыш жасай, екі рет шағылысуынан түзіледі. Сонымен бірге ай сәулесінен пайда болатын кемпірқосақты ай кемпірқосағы деп атайды.
Бір қызығы, кемпірқосақ жеті түстен тұрады. Көзге сол жеті түстің барлығы бірдей анық көріне бермейді. Сурет өнерінде палитраның бетінде жеті түсті араластырып, күрделі түстер туғызасың, жеті түсті әбден араластыра берсеңіз, түбі ол қоймалжың ағарып, ақыры ақ түске айналады екен. Сонда дүниенің басы ақ, ақиқат, хақ дегенді түстер де меңзейді. Барлық түстің анасы – ақ түс болыпты.
Қазақ қозы-лақты бір-біріне байлап, ауыл маңына жаятын болған. Мұны "қосақтап жаю", "қосақ" дейді. Міне, осы кемпірқосақ ұғымы осыдан келіп шығады. Ежелгі аңыздарда әлгі аспанда тұратын бай кемпір өзінің қозы-лақтарын қосақтап, жаңбырдан соң өріске жаюға шығарады-мыс. Осы көріністің атауы осындай наным-ұғымнан пайда болған тәрізді. 
«Кемпірқосақ» ұғымының ұлт мәдениетінде де алар орны бар. Ұлтымыздың кесте тігу өнерінде рет-ретімен орналасатын түрлі-түсті бірнеше жолақтан тұратын ою-өрнектің түрі «кемпірқосақ» деп аталады. Бұдан бөлек, қазақ үшін табиғаттың осынау ғажап құбылысы ай нұры әсерінен пайда болатын сәуле ойынына да телініп, оны ықылымнан «ай кемпірқосақ» деп атап келіпті. Мысалы, кемпірқосақты күн ашық кезде субұрқақтарынан да байқауға болатыны шындық қой. Ол үшін суға күн жақтан, яғни жотаңызды күн сәулесі түсіп тұрған жаққа қаратып қарау керек.
Қазақ тілінің бір томдық түсіндірме сөздігінде «қос кемпірқосақ» деген де бар дейді. Бұл енді негізгі кемпірқосақтан басқа онымен қабаттас байқалатын екінші кемпірқосақтың белгісін білдіреді. «Белгі» дегеннен шығады, халқымыздың танымында «Түсіңде кемпірқосақ көрсең – ұнамды хабар естірсің» деген де сенім барлығын атап өткен дұрыс. Яғни символдық мәні жақсы. Ал ырым бойынша қыстыгүні кемпірқосақ көрінсе, жыл құтты, ел тыныш, мал төлді, өнім мол, тіршілік жайдары болады деген сөз.
Ол туралы бабаларымыздың шешендік толғаммен айтқаны да көп. Мысалы, Қазыбек би: «Күн күркіреп жауғанда, ел дүрлігіп сасатын, құлақтарын басатын. Сонда күн күркірі шақырым жерден жететін. Кемпірқосақ құрылып, аспан мен жерді табыстырып кететін. Доғаланған иіні шақырымдай-ақ күншілік жер ғана» деген екен.
Кемпірқосақтың алғаш пайда болуы туралы түркі-қазақ қисса-әфсанасында: "Нұхтың кемесі Қазығұртқа тоқтаған соң, бүкіл жанды мақұлық сыртқа шығып, көңілдері жайланды. Пайғамбар үш ұлымен бірге жерге қазық ұрып, жаңа қоныстың іргесін қалап жатқан. Бір кезде жаңбыр жауып кетті. Нұх Пайғамбар «Топан су тағы басталып кете ме?" деп қорқып кетіп, Тәңірге жалбарынды. Сол сәтте Құдай тағаладан әуез келіп:
– Ей, Нұх, басыңдағы сәлдеңді алып, көкке лақтыр! Не болғанын көресің, – деді. Нұх дереу сәлдесін шешіп алып, аспанға атып жіберді. Сол-ақ екен, сәлдесі көкжиекке барып асылып тұра қалды. Күннің жарқын сәулесі мен су тамшыларынан керемет түстерге боялып, құбылды. Қызыл, сары, жасыл, көк, күлгін түстермен көз арбады. Нұх мына ғажап көріністен көз айыра алмады. Жаратқан тағы да бір сыр шертті:
– Ей, Нұх, бұл бір мөрлі келісім болсын. Енді бұдан былай топан су баспайды. Жаңбыр қанша жауып, нөсер қанша құйса да, аяғында тоқтайды. Ұрпағың мен қауымың мынаны білсін! Көк жүзінде кемпірқосақ керілсе, жауынның толастағанының белгісі, – деген екен. Содан бастап, адамдар жаңбырдың тоқтағанын кемпірқосаққа қарап біледі екен.
"Кемпірқосақ" cөзі "Кем бір қосақ" сөз тіркесінен шыққан. Жеті түсті доғадан құралғандықтан, доғаларды үш қосқа және бір дара доғаға бөлуге болады. Соңғы қостың бір қосағы кем болғандықтан "кем бір қосақ" сөзі тұрақты сөз тіркесіне айналып кеткен. Сонымен, «кемпірқосақ» сөзіне «сауыншы» кемпірдің де, «ұзын арқанмен мойындарынан тіркеп байлаған қой-ешкілер тобын» білдіретін қосақтың да қатысы жоқ болып шықты.

Дайындаған  К. МАХСҰТ
19 маусым 2021 ж. 3 867 0