Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вирустың таралуы бәсеңдейтін емес

Вирустың таралуы бәсеңдейтін емес

Елде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдемей тұр. Әр тәулік сайын  кемі 5 мың адамнан COVID-19 инфекциясы ПТР-тест арқылы анықталуда. Жағдай ешбір облыста тәуір болмағандықтан 17 өңірдің 15-і бүгінгі күні «қызыл аймақта».
Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақ­стан облыстары. Ал, Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары «сары аймақта» тұр. «Жасыл аймақта»  ешбір өңір қалған жоқ.
Әлемдегі эпидахуал да күрделі. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Халықаралық олимпиада комитетінің 138-сессиясында әлемде үнді штамынан да қауіпті  жаңа штамм пайда болуы мүмкін екенін ескертті. Гебрейесустың айтуынша, инфекцияның бүкіл әлемге таралуы жаңа штамның пайда болуына әкеп соғады.
«Коронавирустың таралу аумағы кеңейген сайын, қазіргі «Дельтадан» да қауіпті штамның пайда болу мүмкіндігі артады. Вирустың жаңа түрлері көбейген кезде, олардың біреуі вакцинаға бағынбай, біз тағы ең басына оралуымыз мүмкін», – деді ДДСҰ басшысы.
Гебрейесус COVID-19-ға қарсы кү­рес­­те Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның басты міндетін атады. Ол – әр елде ха­лықтың 70 процентінің вакцина салдыруы.
Вакцина демекші, бүгінде Қазақ­станда коронавирусқа қарсы вакцинаның І компо­нентін 4 965 516 адам, ІІ  ком­понентін 2 907 410 адам салдырған. 
«СБ» ақпарат

syrboyi.kz
22 шілде 2021 ж. 420 0