Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын азаматтар зейнетақы жарналарын төлеуге міндеттеледі

Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын азаматтар зейнетақы жарналарын төлеуге міндеттеледі

Алматы, Қазақстан – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы негізінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, оның ішінде 25-бабына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес енді азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін азаматтар міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті. Бұл жарналардың мөлшері алған табыстың 10 пайызы мөлшерiнде, бiрақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгі жалақының 10 пайызынан кем емес және ең төменгі жалақының 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде белгiленедi.Айта кетелік, бұл тәртіп адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар үшін күні бүгінге дейін міндетті негізде қолданылып келеді. Ал азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын азаматтар бұған дейін тек міндетті зейнетақы жарналарын төлеу құқығына ие болатын. Енді жоғарыда атап көрсетілген түзетулер күшіне енген соң, міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге міндеттеледі. Бұл ретте олар бұл жарналарды Қорға өз бетінше аударулары тиіс.
Аударымдарды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген, жарналарды аудару Қағидаларымен1 реттеледі. Осы Қағидалардың қолданыстағы редакциясына сәйкес жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар міндетті зейнетақы жарналарын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына табыстар алынған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей төлеуге міндетті. Қазіргі уақытта бұл Қағидалар жоғарыда енгізілген заңнамалық өзгерістерге сәйкес нақтыланып жатыр.
Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда шоттары жоқ жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар міндетті зейнетақы жарналарын кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін оларды екінші деңгейдегі банктің мына деректемелеріне қолма-қол ақшамен енгізеді:
Бенефициар банкі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Бенефициар БСК GCVPKZ2A
Бенефициар ЖСК KZ12009NPS0413609816
Бенефициар БСН 160440007161
ТМК «Төлем мақсатының коды» 010
Қандай да бір кезеңде табыс болмаған жағдайда бұл тұлғалар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінің 10 пайызы есебінен өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жоқ болған жағдайда, жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішке қол қою арқылы міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу қажет. БЖЗҚ ішкі құжатымен бекітілген өтініш үлгілері БЖЗҚ ресми сайтында орналастырылған. Жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішті жеке басты куәландыратын құжатпен БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесінде немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен enpf.kz сайты арқылы беруге болады.
Аталмыш түзетулер міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты және толық көлемде аудару есебінен азаматтардың зейнетақы жинақтарын арттыру мақсатында енгізіліп отыр.
Бүгінде Қазақстанда үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Ол мемлекетті, жұмыс берушілерді және барлық жұмыс істеуші азаматтарды, олардың ішінде жалданып жұмыс істемейтін азаматтарды да қамтиды. Уақыт өте келе зейнетақы жүйесінің жинақтаушы бөлігі басымдыққа ие болады. Сондықтан жұмыспен қамтылған тұрғындарды зейнетақы жүйесімен барынша қамту қажет. Сәйкесінше міндетті зейнетақы жарналарын Қорға уақытылы және тұрақты негізде аударып отыру - азаматтардың барлық санаты, оның ішінде азаматтық-құқықтық шарттар аясында жұмыс істейтін азаматтар үшін өте маңызды. Бұл зейнетақы жинақтарының сомасын арттырып қана қоймайды, сонымен қатар базалық зейнетақының мөлшерін арттыруға да мүмкіндік береді. Өйткені 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу барысында 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі.
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы. БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz
18 шілде 2018 ж. 1 182 0