Зейнеткердің жеңілдігін неге алып тастады?
“Халықты қысасыңдар да жатасыңдар. Міне, енді, ара-арасында бір жерге барғымыз келсе, мінетін қоғамдық көліктің бағасын асырып жіберді. 1, 11, 17, 18 қоғамдық көліктердің жолақысы – 45 теңге, ал, қалғаны 90 теңгеден алып жатыр. Біз тек соларға ғана мінуіміз керек пе? Әлде зейнеткерлер үйде отыруға тиіс пе? Қымбатшылық кезінде зейнеткерлердің жағдайын жасауға болады ғой. Қай кезде бізге жағдай жасайды өзі?!”, – дейді қоғамдық көліктің ішінде ренішін жасыра алмаған Раушан есімді әжей.
Маған да осы сұрақтың жауабы қызық болды. Неше күннен бері қоғамдық көлікте ақжаулықты аналардың “жасымыз 70-тен асты” деп реніш білдіріп отырғанын байқап едік. Қарап отырсақ, үлкен кісілерге қоғамдық көліктен басқа жеңілдік қарастырылмаған екен. Енді соның өзін алып тастапты. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары зейнеткерлерді төбесіне көтереді. Сіз күлмеңіз, басқа жеңілдікті айтпағанда, ол жақта бассейннің өзіне 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Барушылар көп, себебі ішінде моншасы да бар. Тіпті қоғамдық көлікте де тегін жүреді. Көпбалалы аналар да дәл сондай жеңілдікке ие. Ал бізде не тегін, қандай жеңілдік бар? Ал қоғамдық көлікке келер болсақ, “жеке көліктерге жеңілдік жүрмейді” дейді. Біздің ауылға қатынайтын автобустағылардың айтатыны да сол. Құдай-ау, автобустың бәрі жеке болса, Қызылорда автобус паркіне не тиесілі? 1, 11, 17, 18-інші қоғамдық көліктердің ғана мәселесін шеше ме?
Ақсұлу Қожахметова, зейнеткер:
– Ешқандай жеңілдік жоқ, жеңілдіктің бәрін алып тастады деді. Олармен айтысқанмен еш нәтиже шыққан жоқ. Десе де, зейнеткер ретінде қандай да бір жеңілдіктің болғанын қалаймыз.
Күлтай Жүсіпова, зейнеткер:
– Бұрын 45 теңге төлеуші едік. Қазір 90 теңге алады. Үкіметтен бізге ешқандай жеңілдік жоқ. Мысалы, өзім күміс алқа иегерімін, оны ескеретін ешкім жоқ.
Иә, бүгінде қоғамдық көліктегі жеңілдік алынып тасталған соң, зейнеткерлердің барлығы ренжулі. Бір қызығы, қоғамдық көліктегі жеңілдік күшін жойды деген хабарландыруда бұйрықтың шыққан күні жазылмаған және лауазым иесінің қолы қойылмаған. Демек қол қойылмаған, мөрсіз құжат жарамсыз емес пе? Тұрғындар арасында сауал көп, жауабы біреу-ақ…
Абзал Рысбек, Қызылорда қалалық ТҮКШ автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі КММ басшысының орынбасары:
– 2020 жылы жеке тасымалдаушылармен жүргізілген келісім-шарттың аяқталуына байланысты аталған жеңілдік биылғы маусым айынан бастап уақытша алынып тасталды. Қазір жаңадан өткізіліп жатқан тасымалдаушыларға арналған конкурста жеңілдіктерді қайта қосу қарастырылады.
P.S. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласына барғаным, онда әпкемнің алты баласын қыдыртуға алып шыққаным есіме түседі. Бір қызығы, қыдыртамын деген жердің барлығында тегін жүрдік. Тіпті балалар шомылатын жағажайдың өзінде ана үшін де, бала үшін де, зейнеткерге де жеңілдік бар. Басқасы басқа, уақытша болса да, қоғамдық көліктегі жеңілдіктен қағылу көп адамға қиын болып тұр.
Мөлдір САБЫРЖАН
aqmeshit-zhastary.kz