Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаларды дамыту орталығы ашылды

Балаларды дамыту орталығы ашылды

Аралдағы экологиялық проблеманың салдарынан қазіргі күні өмірге келген балалардың денсаулығында көптеген ақаулықтар байқалған. Мұндай ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндердің қоғамға бейімделуі үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Осы мақсатта ауданда «Арал Ару – Ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лаура Ибраимова «Ерекше» балаларға арналған балаларды дамыту орталығын ашты.

Бала – еліміздің болашағы. Олардың жақсы өмір сүріп, азамат болып қалыптасуы үшін әрбіріміз жауаптымыз. Өмірге бірдей болып келгенімен, әрбірінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ауданда 80-ге жуық бүлдіршін әртүрлі диагноз бойынша ерекше күтімді қажет ететін бала ретінде тіркеуге алынған. Аталған орталықты ашудағы басты мақсат – осындай балалардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға, әлеуметтік бейімделуге және денсаулығын нығайтуға қолайлы жағдай жасау.
– Өкінішке орай, ауданымызда ерекше күтімді қажет ететін балалардың қатары күн санап артып келеді. Ал оларды дамытып, қоғамға бейімдейтін орталықтар аз. Сондықтан мен өзімнің осы жобамды әзірлеп, Тұңғыш Президент қорына ұсынған болатынмын. Қорға ұсынылған 200-ден астам жобаның ішінде менің жобам үздік деп танылып, гранттық қаржыны ұтып алдым. Өздеріңіз куә болып отырғандай, бүгін орталығымыз салтанатты түрде ашылды. Алдағы уақытта нәтижелі жұмысына куә боласыздар, – деді жоба авторы Лаура Қолғанатқызы.
Орталыққа аптасына 3 рет ерекше күтімді қажет ететін балалар кезектесіп келіп отырады. Балалармен арнайы мамандар жұмыс жасайды. Мұнда оларға қажетті барлық жағдай жасалған. Орталық балалардың білім алуына, ақыл-ойын дамытуына және шығармашылықпен айналысуына қолайлы етіп жабдықталған. Бүгінгі салтанатты ашылу рәсіміне Тұңғыш Президенттің  «Қамқоршылық қорының» реабитолог дәрігері Айнұр Нұрқожаева арнайы келді.  
– Мұндай орталықтар бізге керек. Себебі, ерекше күтімді қажет ететін балаларды қоғамға бейімдейтін тек осындай орталықтар ғана. Әрине мұндай балалар қоршаған ортада өзінің замандастары арасында еркін болғысы келеді. Сондықтан балалардың бақытты болашағын қалыптастыруға атсалысып, осындай жоба бастап жатқан Лаура Қолғанатқызының бастамасына сәттілік тілегім келеді, – деп ыстық лебізін білдірді.
Сондай-ақ салтанатты шараға арнайы ат басын бұрған Қазалы аудандық «Рауан» инклюзивті білім беретін балабақшаның меңгерушісі Қуанышкүл Дәулетиярқызы да алдағы уақытта әріптестік байланыста болып, қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
Ашылу салтанаты балаларға ерекше көңіл күй сыйлайтын жағдайда өтті. Орталыққа келген балаларды түрлі костюмдегі ертегі кейіпкерлері күтіп алып, билетіп, ойын ойнатып сергітті. Мұнан кейін арнайы кабинетте тәрбиешілер балаларға сурет салғызып, оқыл-ойын дамытатын түрлі тапсырмалар орындатты. Салтанатты шараға орай балаларға түрлі сыйлықтар үлестіріліп, арнайы дайындалған торттан дәм татқызды.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
01 тамыз 2021 ж. 756 0